Ақпарат

Алматы мен Ташкент арасында жүрдек пойыз қатынайды

Қаралды: 579

Таяуда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевпен кездесті. 

Кездесуде екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамыта түсудің маңыздылығы жөнінде айтылды.

Сол күні Ташкентте Өзбекстан мен Қазақстан Үкіметтерінің 16-шы үкіметаралық отырысы болып өтті. Онда екіжақты ынтымақтастыққа қатысты мәселелер қаралды, сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған келісімдерге қол қойылды.

Өткен жылы Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 1 миллиард 600 миллион долларды құраған екен, 2020-жылға дейін оның көлемін 5 миллиард долларға жеткізуге келісілді.

Бүгінде екі ел арасында агроөнеркәсіп кешені, химия және мұнай химиясы салаларында біріккен сауда үйлері жұмыс істеуде. Енді автомобиль жасау, логистика, туризм сияқты салалар, сондай-ақ әскери және әскери-техникалық бағыт бо­йынша да ынтымақтастық іс-шаралары қолға алынатын болды.

Аталған жиын барысында Ташкент пен Алматы арасында жүрдек пойыз қатынасын жолға қою мәселесі шешілді. Сондай-ақ автобус және әуе қатынасын аптасына 6 мәртеге дейін көбейту келісілді.

...Қысқасы, Өзбекстанмен арадағы қатынас жаңа қарқынмен дамитын болады. Бұл елдің жаңадан сайланған Президенті Ш.Мирзияев өзге мемлекеттерге жасайтын іс-сапарын таяу арада Қазақстаннан бастамақ ниетте екен.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру