Арыс пен Шардараның адамдарын шіркей шырылдатуда

01.06.2016
Қаралды: 1464

Соңғы бірнеше жыл бойы Шардарада шіркей пайда болды дегенді естуші едік. Биыл сол аймақтың үлкейгені белгілі болып отыр. Бейресми түскен мәліметтерге сүйенсек, өткен аптада Шардара мен Арыстың ортасындағы елді мекендер кенеттен пайда болған шіркейдің ортасында қалған. Неліктен бұлай болып жатқанын жұртшылық біле бермейді. Ал тұрғындар егілген егісті құртатын болды деп уайымдап жүр. Сондықтан біз бірнеше адамды әңгімеге тартып, бұл құбылыстың сырын ашуға тырыстық.

Қанат Бегалиев, Шардара ауданы, Қызылқұм ауылының тұрғыны: – Бұрын бұлай болмайтын. Төрт жылдай болды, жылда осы уақытта төңіректі шіркей басып кетеді. Шіркейлер жылдан-жылға көбейіп келеді. Арнайы мамандар болмаса, қарапайым тұрғындарға мұның сыры беймәлім.

Бұл құбылысты біреулер «Көксарайдың» салынуымен, екіншілер мия тамырының жиналып алынуымен байланыстырады. Мен өз басым олай ойламаймын. Белгілі дәрежеде әсер ететін шығар, бірақ шіркейдің көбеюіне бұлардың қатысы аз. Бұл жерде басқа себептер болуы мүмкін. Біздегілер шіркей шыққанда күреседі. Негізі оның тұқымын құртуды ойлау керек. Әйтпесе бәрі бекер.

Шіркей құлақ пен мұрынға кіріп, жұмыс істетпейді. Малды да әбіржітіп жіберді. Шаруалар егінді құртатын болды деп қауіптенуде. Расында олар жапырақтарды жоқ қылады. Қауын еккендерге де қиын.

Мұрат Әлетбаев, Жиделі ауылдық округінің әкімі, Арыс қаласы: – Шіркей көп. Қайдан шығатынын білмейміз. Осындай кезде қаптап кетеді. Тұрғындар "Көксарайдың" салынуымен байланыстырады. Мияның тамырлары жиналып алынғандықтан дейтіндер де бар. Бірақ себебін арнайы мамандар анықтамаса, біз білмейміз. Оған қарсы жұмыстар жүргізілуде.

Шалабай Тұрманов, Арыс қаласының тұрғыны: – Шіркей көп. Жуырда «Алатау батыр» ауылына барғанда сыртта жүре алмадық қой. Мұның бір-ақ себебі болуы керек. Ол – «Көксарайдың» салынуы. Содан соң адамдар ақша үшін жерді қопарып, мия тамырын теріп алды. Біз қолдан әрнәрсе жасап, табиғатқа қиянат жасаудамыз. Бұл соның зардабы. 

...Қысқасы, шіркей «Шардара» мен «Көксарай» су қоймалары аралығында орналасқан Арыс қаласы мен Шардара ауданының елді мекендеріне қолайсыздық келтіруде. Енді оны түбегейлі құртудың жолын ертерек қарастырмаса кейін кеш болып қалуы да мүмкін-ау.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ