Ақпарат

Оңтүстіктен – Солтүстікке!

Қаралды: 448

Таяуда Павлодар облысындағы Май ауданының әкімі Ардақ Қаңтарбаев бастаған жұмыс  тобы 

Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында іс-сапармен болып қайтты. Аудан басшысы мен Павлодар өңіріне танымал кәсіпкер Айтмұханбет Қожабеков Ордабасыдағы Бадам, Шұбарсу, Темірлан елді мекендеріндегі тұрғындармен кездесті.

Кездесу барысында алыстан келген басшылар азаматтарды солтүстік өңірлеріне қоныстандыру жобасының мақсатына тоқталып, үкімет оңтүстік өңірлерден солтүстік облыстарға көшуге ниетті адамдарды ынталандырудың жаңа бағыттарын енгізгенін айтты. Басшылардың айтуынша, қоныс аударғандардың шығыны 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде,  яғни отбасының әрбір мүшесіне 79 мың теңге сомасында беріледі және бір жыл бойы көшіп барған отбасының баспананы жалдауға жұмсайтын шығындары субсидияланады екен.

Ол жақта мал шаруашылығы және өндіріс саласында жұмыс істеп табыс табуға мүмкіндік мол, алайда жұмыс күші тапшы. Бүгінге дейін Ордабасы ауданынан 6 отбасы қоныс аударған екен. Ал қазір бір ғана Шұбарсу ауылынан 30-ға тарта отбасы қызығушылық танытып отырғанға ұқсайды. Біз солтүстікке баруға ниеттеніп отырған Мәшрап есімді азаматпен тілдесіп, пікірін сұраған едік.

«Адамда патриоттық сезім болуы керек қой, – дейді Мәшрап. – Кешегі кездесуде естідік, Май ауданында 11 мың адам тұрады екен. Ал біздің бір ғана Шұбарсу ауылының өзінде 40 мыңға тарта халық бар. «Әртүрлі мамандықтағы 171 жұмысшы керек, 26 үй дайын», – дейді басшылар. Мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге Үкімет субсидия беріп жәрдемдесетінін түсіндірді. Сол кезде 30-ға жуық отбасы баруға ниеттенген болатын. Кейін ол жақ суық, ауа райына үйрене алмайсыңдар деген сықылды сөзге еріп, кейбіреулері айнып кетті. Сөйтіп тек он отбасы ғана талаптанып отыр. Ал өзім алдымен барып, ол жақты көріп қайтпақпын. Егер ұнап жатса, ағайын-туысымның бәрін әкетіп, мал шаруашылығымен айналысуды көздеп отырмын».

Мәшраппен әңгімелесіп болған соң біз белгілі кәсіпкер Айтмұханбет Қожабековке хабарластық. Ол кісі қоныс аударып, мал шаруашылығымен айналысатын адамдарды кәсіпкерлер үймен қамтамасыз етіп, керекті техникалармен жабдықтауға жәрдем беретінін айтты. Оңтүстіктің адамдары Солтүстіктің суығына шыдай ма деген сұрағымыз­ға ол кісі: «Біз барғанда сіздер жақта да қар жатқан, – деп күлді. – Қыста бір-екі ай ғана қатты суық болады, содан соң сіздердегідей жылып кетеді. Одан қорқудың қажеті жоқ».

 Айта кетейік, оңтүстік халқын солтүстікке қоныс­тандыру бағдарламасына 2017-жылы 85 миллиард теңге бөлінген. Ендеше, баруға ниетті кісілер болса, мүмкіндікті жіберіп алмағандары дұрыс сияқты.

М. СЕМБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру