Туберкулезден келген топалаң

07.03.2017
Қаралды: 730

Түркістан қаласында жұртты қатты алаңдатқан жайсыз оқиға орын алғаны белгілі. 

Осындағы психикалық-неврологиялық диспан­сердегі науқастар арасында туберкулез ауруы тараған. Бұл дерт диспансердегі бірнеше адам­ға жұққан, олардың үшеуі қайтыс болған.

Осы мәселеге орай облыс әкімі Жансейіт Түймебаев әкімдер мен бас­қарма басшыларын жиып, селекторлық мәжі­ліс өткізді. Оқиға әлеуметтік мекемеде орын ал­ғандықтан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға қатаң сөгіс жарияланды. Басқа да кінәлі­лерге тиіс­ті шара қолданылатын болды.

Осы оқиғаға орай облыстық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев та арнайы брифинг өткізді.

«Жыл басында Түркістан қалалық емханасы аталған орталықта профилактикалық тексеру жұмыс­тарын жүргізген. Тексеру кезінде онда емделіп жатқан 502 науқастың 7-уі туберкулез дертімен ауыратыны анықталды. Осыған байланысты біз құқық қорғау органдарына, Денсаулық сақтау минис­тріне, облыстық әкімдікке хат жолдадық. Арнайы штаб құрылды.

Науқастар көбейе бастаған соң біз Сарыағаш ауданындағы бос тұрған аудандық туберкулезге қар­сы мекемесін үш-төрт күн ішінде шұғыл жөндеуден өткіздік. Сақталуы тиісті талаптарды орындап, Түркістандағы науқастарды осында ауыстырдық. Керекті дәрі-дәрмектермен,  құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Ол жерге психиатрлар, облыстық психикалық-неврология­лық орталықтан дәрігерлер жібе­рілді», – деді басқарма басшысы.

М.Егізбаев науқастардың біразы облысымыздағы басқа да туберкулезге қарсы мекемелерге жатқызылғанын айтып өтті.

...Бүгінде бұл оқиғаға қатысты бірқатар жауапты дәрігерлер қызметінен кетті. Денсаулық сақтау басқармасы облыс әкімінің тапсырмасымен өңіріміздегі көптеген мекемелердегі науқастар мен дәрігерлерді туберкулез дертіне тексеруді қолға алды. Сондай-ақ құзырлы мекемелер де тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!