Ақпарат

Түскен шашын екі қапқа жинап қойған

Қаралды: 539

Ордабасы ауданының Шұбар ауылында Ырымкүл Бекенқызы Ертай деген ерекше апа тұрады. 

Ол кісі ғұмырының 46 жылын ұстаздық етумен өткізген. Бүгінде құрметті демалысқа шыққанымен қол қусырып  қарап отырған жоқ. Ырымкүл апа аудандық әжелер ансамблінің белді мүшесі, ауылындағы әжелер алқасының төрайымы, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады.  «Ауданның құрметті азаматы», «Білім ісінің үздігі» атанған, бірнеше медальдардың иегері Ырымкүл апаның жолын берсін деп ниеттенген ата-аналар бүгінде оған балаларының тұсауын кестіреді  екен.

Біз осы Ырымкүл апа шашын бір қап қылып жинап қойыпты дегенді естіген едік. Осының сырын өзінен сұрағанымызда ол кісі: «Менің шашым – киелі шаш», – деп жауап берді. Сөйтіп тосын бір әңгіменің шетін шығарды.

«Біз отбасында үш қыз өскенбіз, – дейді Ырымкүл апа. – Бәріміз шаштымыз. Анамыздың өзінің шашы өте ұзын, қайратты еді. Жасы 70-ке таяп қайтыс болды, қартайса да шашы аттың қылындай қайратты, қалың болатын. Өзі 16 жасында күйеуге шыққан екен. Сол кезде енесі оны екі кебеженің үстіне шығарып барып шашын тарап беретін болыпты.

Мен соғыстың қайнап тұрған уақытында, 1942-жылы дүниеге келіппін. Әкем қыз туылса бейбітшілік болады, соғыс бітіп, елде бейбітшілік болсын деп ырымдап, атымды Ырымкүл деп қойған екен. Күйеуге шыққанша шашыма қайшы тигізген емеспін, өріп қойғанымда тобығыма түсетін. Тұрмыс­қа шыққан соң шашым қатты өсіп, шұбатылып, жер сыпырып жүретін болды. Сосын оны тобығыма дейін қысқартып, қырқып тастадым. Екіншісінде ұшынан тағы қысқартып, кекіл қидым. Осылайша үш рет қырқып, төртінші рет қырыққалы жатқанымда анам келді. Келісімен: «Әй, сен немене, шашыңды қырқайын деп жатырсың ба?!» – деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, жуып болған соң қырыққалы жатқанымды айттым. Сөйтсем апам тегін келмепті. Түсінде әжем марқұм тура өңіндегідей алдына келіп: «Шұбардағы қызға барып айт, шашын қырықпасын. Қырықса, өледі!» – деп аян беріпті.

Әжем қасиеті өте күшті емші бол­ған. Сонда мен жастықпен байқамаған екенмін, шашымды бірінші қырыққанымда балам шетінеген, екінші қырыққанымда күйеуім қайтыс болған, үшінші қырыққанымда енем өлген екен. Мүмкін қырқар алдында қырықпа деп өзіме де аян беріп, оған мен түсінбедім бе, кім білсін? Өзім орыс тілі пәнінің мұғалімімін, тылсым жайттар­ға көп илана бермеуші едім, осы оқиғадан кейін сенетін болдым. Содан кейін қайтып шашыма қайшы тигізген емеспін. Түскен шашымды жинап қойғам, бір қап емес, екі қап болды осы күні».

Бұл шаштарды не істемек ойы барын сұрағанымызда Ырымкүл апа: «Өлім – хақ. Ертелі-кеш «ана жаққа» баратынымыз рас қой. Сол кезде өзіммен бірге жерлейді», – деп жауап берді. «Олай етуге бола ма екен?» – деп сұрағанымызға орай тағы бір тылсым оқиғаны баяндады.

«Осыдан біраз жыл бұрын күйеуімнің туыс әпкесі қайтыс болған еді, – деді ол кісі. – Үй арасы жақын. Шамамен бір айдан кейін таңертең ертемен үлкен ұлы Ерлан: «Апа, түсіме шешем кіріпті. Тура өңімдегідей анық, дәл алдымда тұрып: «Менің шашымды неге алып қалғансыңдар? Әкеліп бер, шифоньерде тұр», – деді. Бұл сонда не болғаны? Шешемнің түсіме бұлай кіргені несі?» – деп сұрады. Оның аян екенін айтып, екеуміз үйіне барып, айтқан жерін қарасақ, орамал­ға түйілген шиньон тұр. Шашымызды түю үшін өзіміздің түскен шаштарымызды жинап, осылай шиньон жасап қоюшы едік  ол кезде.

Содан ауыл қарияларын жинап, қой сойып, құран оқытып, әлгі шашты анасының зиратына апарып қойып келгені бар. Бұл өмірде іздеу-сұраусыз нәрсе жоқ. Сол секілді шаштың да сұрауы болатынын естен шығармауымыз керек.

Күйеуге шығып, үйден ұзап кетке­німізде әжем: «Балам, шашыңды  әр жерге тастамай, дуалдың арасына тығып қой, жерге түсіп, құс әкетсе басың ауырады. Отқа тастасаң, кішкен­тайынан шетінеген балаң бар болса, күйген шаштың иісі шыққанда «анам жанып кетпесін» деп отқа түсіп шығады», – деп отыратын. Осы әңгімелер тектен-тек айтылмайды деп ойлаймын».

Ырымкүл апаның шаш туралы әңгімесі осымен бітіп, әрі қарай ауыл-ел жағдайына қарай ойыстық. Ол кісіні ауылда мәдениет үйінің жоқтығы қатты алаңдатады екен.

«Сегіз мың тұрғыны, екі мектеп, бір амбулатория, кәсіптік-техникалық колледжі бар үлкен ауылда тұрамыз Шұбар әкімдігіне Жусансай, Тоқсансай секілді алты ауыл қарайды. Біздің «Шұбар» жалпы орта мектебінен 22 профессор шыққан. Мүсірәлі Өтебаев Парламентте отыр, Мәжіліс депутаты, үш Татьянаның біреуі – Т.Мартыненко, «Жігіттер» квартетіндегі Ердос Қанаев, әншілер Еркін Нұржанов пен Асқар Жүнісбеков біздің ауылдан түлеп ұшқан. Осылардың бәрін шақырып, басын қосып бір концерт өткізейік десек, ауылымызда мәдениет үйі жоқ. Бар еді, осыдан 19 жыл бұрын өртеніп кеткен. Содан бері ауыл мәдениет ошағынсыз отыр. Бірер апта бұрын ауылға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев келгенде мен осы мәселені алдына көлденең қойдым. Ол кісі мәдениет үйін салғызып беруге уәде етті», – дейді Ырымкүл апа.

...Біз ел ішіндегі жұртшылықтың бүгіні мен ертеңіне алаңдайтын, тағылымға толы әңгімелер айтып, жастар­ға үлгі-өнеге көрсететін Ырымкүл Бекенқызы секілді аналар аман болсын дейміз.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру