Ақпарат

Патшаны тақтан тайдырған Ол оқиғаға тұп-тура 100 жыл болды

Қаралды: 633

Осыдан тура 100 жыл бұрын, 1917-жылғы 23-ақпан мен 3-наурыз аралығында (жаңа стиль бойынша 8 – 16-наурыз аралығы) 

Ресей патшалығында Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісі орын алғаны белгілі. Бұл тарихи оқиғаға бүгінде тура бір ғасыр толып отыр.

Халық қатты ашынды

Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісі сол кездегі Ресей патшалығының астанасы – Петроград қаласында басталды. Бұл – әлемді қамтыған Бірінші Дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан, Ресей патшалығы осы соғыс­тан титықтаған кез еді.

Миллиондаған солдаттар ұрыс даласында қаза тапты, қарапайым халық езгіден ес жия алмады, соғыс қажеттіліктеріне деп жылдар бойы азық-түлік жинау да жұртты қатты ашындырды. Шаруалардың – помещиктерге, жұмысшылардың – фабрика-зауыт иелеріне, солдаттардың өкімет билігіне өшпен­ділігі тереңдей түсті.

Барлық билік өз қолында болған, 1905-жылғы 1-ші орыс төңкерісі кезінде халыққа оқ атқызғаны үшін «Қанішер патша»  атанған 1-ші Николай саясатта көптеген қателіктерге жол берді. Оған қарапайым халық түгілі, көптеген ақсү­йек-дворяндардың, әскерилердің де наразылығы күшейіп тұрды.

Тарихқа көз жіберсек, сол кезде халықты полицияның әділетсіздігі, жемқорлығы да қатты ашындырған. Өйткені полицияда барлық салалардың жұмысына араласатын, қадағалайтын құзірет бол­ған, ал мұны кейбіреулер өз жеке мақсаттарына шектен тыс пайдаланыпты. Сондықтан Петроградта көтеріл­ген халық бірінші кезекте ашуын полициядан ал­ған, көптеген полицейлерді өлтіріп жіберіпті.

Негізінен Ресейде өкіметке наразы буржуазия патшаны тақтан тайдырып, билікті бейбіт жолмен қолға алуды, тиісті реформалар жүргізуді бұрыннан-ақ ойлап жүрген екен. Бірақ төңкеріс ешкім күтпеген жағдайда шыққан, сосын оның соңы қарулы қақтығыстарға ұласқан.

«Нан бүлігінен» басталған

Сол кездері Петроградта бірер күн нан болмай қалыпты. Нан дүкендерінде жұрт ұшы-қиырсыз кезекте тұрған, алыпсатарлық етек жайған, ұрыс-төбелестер көбейген. Соған наразы жұрт көтеріліп, нан дүкендерін тонаған. Кейін «Соғыс жойылсын!», «Шексіз билік жойылсын!», «Нан беріңдер!» деген ұранмен шеруге шыққан. Полицияның тәртіп орнатуға мұршасы келмей қалған. Ал жіберілген әскер халыққа қарсы оқ атудан бас тарт­қан.

Арада екі күн өткенде төңкеріс қарулы көтеріліске ұласып, енді әскердің көп бөлігі, Балтық флотының теңізшілері халық жағына шығады. Көтерілісшілер қаладағы барлық маңызды нысандарды өз қолдарына қаратады. Бұдан кейін басқа ірі қалаларда көтерілістер басталады.

Қысқасы, Ресей үкіметі үшін де, оппозиция үшін де күтпеген жерден басталған халық толқуы патша билігін бас-аяғы бірер күннің ішінде ғана төңкеріп тастады. Николай патша тақтан тайдырылды. Сөйтіп Ресейде монархия жойылды, тақты 304 жыл иеленген Романовтар әулетінің күні бітті.

Көп ұзамай Ресейде Уақытша үкімет органдары ашыла бастады. Ол елде тыныштық орнатып, реформалар жүргі­зуге тиіс болған еді, бірақ қалыптас­қан жағдайларға байланысты алға қойған мақсаттарына жете алмады.

Қазақтар да қарап жатпады

Патшаны тақтан тайдырған төңкерісті қазақтар зор қуанышпен қарсы алды, өздерін қанаушылық езгіден құтылардай, 1916-жылғы Ұлт-азаттық көтері­лісінде қол жеткізе алмаған еркіндікке жақындай түскендей сезінді.

Өйткені қазақ елі Ресейдің отарына айналғаннан кейін патша өкіметінен көп кемсіту көрген еді. Ресейдің шығысқа жасаған экспансиясының тірегі – казактар мен ішкі Ресейден қоныс аударып келген мыңдаған шаруаларға қазақтың ең шұрайлы жерлері тартып әперілген болатын. Олардың өздеріне тегін үлестірілген жерді місе тұтпай, қазақтардың жерін зорлап тартып алған оқиғалары өте көп болған.

Осындай жолдармен келімсектер 1917-жылға дейін қазақтың 45 миллион десятина жерін иеленіп алған. Ал патша өкіметі мұндай жайларға көз жұма қараған. Халық басқыншылармен қоса жергілікті атқамінерлердің зорлық-зомбылығынан да әбден титықтаған.

Ақпан төңкерісі кезінде қазақ қайраткерлерінің көсемі Әлихан Бөкейханов Минскіде болған екен. «Бауырластық, Теңдік, Бостандық таңы атты! Жаңа үкіметке қолдау көрсету үшін қазақтар бірігуі керек. Құрылтай жиналысының сайлауларына дайындалу қажет», – деп жазыпты елге Алаш қайраткері. Яғни ұлт зиялылары Ресейде демократия орнай қалған жағдайда дербес ұлттық автономия құруды көздеген.

Олар оянған еді

Сол кездері Қазақстан жерінде Уақытша үкіметпен қоса жұмысшы және солдат депутаттарының Кеңестері, қазақтың ұлттық комитеттері құрылған. Кадет, эсер, большевик, меньшевик, казак партияларының бөлімдерінен бөлек, діни бағыттағы «Шура-ислам», «Шура-у­лема» партиялары, ұлттық негіздегі «Үш жүз» қазақ социалистік партиясы», «Қазақ жастарының төңкерісшіл одағы», «Жас қазақ» сияқты ұйымдар құрылып, жұмыс жүргізген.

Орынборда Жалпықазақ съезі болып, ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясы құрылған. 1916-жылғы көтеріліс кезінде зардап шеккендерге көмек ақша төлеу, тартып алынған жерлерді, майданның қара жұмысына алынғандарды, Қытайға ауып кеткен босқындарды қайтару, қазақ және орыс ұлты өкілдерінің арасындағы келіспеушіліктерді реттеу, сырттан қоныс аударып келуді тоқтату, автономия мәселелері сияқты толып жатқан жұмыс­тар қолға алынған.

Бұл кездері мұсылман ұйымдары да белсенді жұмыс жүргізіпті. Мысалы, 1917-жылы мамыр айында өткен мұсылмандардың бүкілресейлік съезінде 8 сағаттық жұмыс күнін белгілеу, бастауыш сыныптарда балаларды өз ана тілінде оқыту, білім алуды ақысыз ету сияқты көптеген мәселелер талқыланған.

Әйел теңдігі туралы да сөз болыпты. «Мұсылман әйелі саяси және азаматтық құқығы бойынша мұсылман еркекпен тең болуы керек» деген мәселеде жұрт қызылкеңірдек болып көп айтысыпты. Осы съезде қалыңмалға және көп әйел алуға қарсы қарар қабылданған екен.

...Қысқасы, 1917-жылғы Ақпан буржуа­зиялық-демократиялық төңкерісі қазақ даласына да өзіндік серпіліс әкелді. Одан кейін де көптеген тарихи оқиғалар орын алды. Мұның қай-қайсысынан болса да Қазақстан шет қалған жоқ. 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру