Ақгүлге, Гүлзия мен Гүлмираға ризамыз

06.03.2017
Қаралды: 913

«Замананың» редакциясына Қазығұрт ауданынан хат келді. Авторы – бізге көптен таныс Тіллаш Жүнісов есімді қария. 

Ол кісінің өзі де, еншісін алып бөлек шыққан ұл-қыздары да – газетіміздің тұрақты оқырмандары. Тіллаш қарияның «Заманада» кезінде бірнеше мақалалары жарық көрген. Тіллаш қарияның бұл жазған хаты да бізге өте жылы әсер етті. Ол кісі былай дейді:

«Бала дүниеге келгенде оған жақсы есім қою – ата-анасының борышы. Мен облыстық ардагерлер үйінде 9 – 23-ақпан аралығында демалған едім. Сонда Ақгүл Сейдуллақызы, Гүлзия Спатаева, Гүлмира Әшірбекова есімді жылы шырайлы, ата-анасының үлгілі тәрбиесінен сусындаған, көркіне заты сай, өздеріне аты сай қыздарды кездестірдім. Ақгүл – дәрігер, Гүлзия – аға медбике, Гүлмира – тазалықшы болып жұмыс істейді.

Өңшең таудың жайнаған жауқазын гүлі дерсің бұларды! Адал еңбектеріне қарап оларға: «Ата-аналарың гүл сияқты болып құлпырып жүрсін деген ниетпен осындай ат қойған шығар. Аттарыңа кір келмесін, таза ақ гүлдей болып жүріңдер!» – деген тілегімізді білдіреміз.

Ал енді бұл қыздарымызға жеке-жеке тоқтала кетсек. Гүлзия қызымыз демалушылардың барлығымен танысып, денсаулық жағдайларын сұрап, қажетті ине егу, тағы басқа да керекті дәрі-дәрмек жағдайына қамқорлық жасаудан жалықпайды. Тамақ уақтысында: «Тамақтарыңыз дәмді болсын!» – деп тегіс аралап, байқап жүреді.

Ақгүл 3-ші қабаттағы демалушыларға көмек қолын созып, бар жағдайларына қарап қамқорлық етеді. Кімге қандай ем-дом керек екенін ем алу кітапшасына ендіріп береді және өзінің ақыл-кеңестерін аямайды. Ата-апа деп бәйек болып жүргеніне демалушылар дән риза.

Гүлмираның жуыну бөлмесінде тазалықшы болып істегеніне төрт жыл болыпты. Бұл қызымыздың еңбегіне және істеген қызметіне, адами қасиетіне тәнті болмаған демалушыларды көрмейсіз. Әрбір душқа келген кісілерді ың-шыңсыз, кезегімен, тәртіп бойынша қабылдап: «Абайлаңыз, бір жеріңізді ауыртып алмаңыз!» – деп шыр-пыр болып жүргені. Душтан шыққан адамдардың барлығы бір тазарып, жеңілдеп қалады. «Алла бағыңды ашсын, өмірің ұзақ болсын!» – деп алғыстарын жаудырып жатады. Бір күні ерлер жағы, екінші күні әйелдер қауымы кезегімен тазарып, рахметін жаудырады.

Қысқасы, біз бұл қыздарымызға, гүл-қыздарымызға өте ризамыз!

Біз ардагерлер үйіне де сапалы қызметі үшін алғысымызды білдіреміз. Тек ескеретін бір жағдай бар: душқа өздігінен түсе алмайтын еріне әйелі, әйеліне ері көмектесіп, шешініп-киіну жағдайларында бір-біріне жәрдемдесу қажеттілігі туындайтын кезі болады екен. Сол жағын ескеріп, ондай жандарға арнайы бір бөлме ұйымдастырса жақсы болар еді.

Біз науқас жандар мен қарттарға мейірімділікпен, құрметпен ізет көрсетіп, жақсы сөздерімен әсер қалдыр­ған қыздарымызға риза болдық, сол үшін оларды тәрбиелеген ата-аналарына да үлкен рахмет айтамыз. Бұл қыздарымызға ұзақ өмір, баянды бақыт, отбасына татулық, береке тілейміз.

Демалушылар атынан – Тіллаш ЖҮНІСОВ».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!