Ақпарат

Көзі кеткен соң көңілден де өшіре бастадық па?

Қаралды: 689

Таяуда Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Төлеметовті еске алуға арналған спорттық іс-шара өткені белгілі. Бұл туралы «Замана» газетінде де ақпарат жарияланды.

Осы оқиға қозғау салған болуы керек, артынша біздің электрондық поштамызға хат келіп түсті. Ол хаттың авторы Қуаныш Төлеметов ағамыздың атын есте қалдыру мәселесіне қатысты өте орынды мәселе көтеріпті. Біз оны қаз-қалпында көпшілік назарына ұсын­ғанды жөн көрдік.

Шымкентте Қуаныш Төлеметовтың есімін білмейтін жан кемде кем болар. Кезінде Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы, «Шымкент мұнай» базасының президенті, Парламент депутаты болған азамат көзі тірісінде әсіресе, ақын-жазушыларға өте жақын жүрді. Өзі де ақын еді. Бірақ онысын ашып айтпайтын. «Ақынжандымын ғой» дейтінін талай естігеніміз бар. Шымкент қаласын дамыту жолында аянбай тер төккен, қазақ руханиятына елеулі үлес қосқан азамат талайларға қол ұшын берген меценат та еді. Ағамыздың әйгілі «Қазығұрт» волейбол командасының белді ойыншысы болғанын да жұрт ұмыта қойған жоқ.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда мемлекеттік тілдің лайықты мәртебе алуына біркісідей атсалысқан, қазақтың айтулы азаматтарының есімдерін қайта жаңғыртып, облыс орталығына көше аттарын беруде Қуаныш аға Төлеметов үлкен еңбек сіңірді.

Енді, міне, өзі өмірден өткен соң ақыиық азаматтың есімін елдің жадынан шығарып, өшіріп тастағысы келетіндер бар сияқты. Олай дейтініміз, Еңбекші, Қаратау аудандарына қарасты «Қайтпас», «Таскен», «Тассай», әл-Фараби, Абай аудандарына қарасты «Қайтпас-2» шағынаудандарын қиып өтетін үлкен көшеге  берілген Қуаныш Төлеметов есімін еш жерден кездес­тірмейтін болдық. Өтірік болмасын, «Таскен» елді мекенінің тұсында, «СтандартЦемент» зауытының маңында  «Бұл Қ.Төлеметов көшесі» дегенді білдірген нұсқаулық жол белгісі бар. Болды бітті. Басқа жерден бұл атауды таба алмайсыз. Есесіне осы жолдың бойындағы үйлер мен мектептерге, ғимараттарға «Алматы көшесі» деген тақтайша ілінген.

Сейдолла Бәйтереков, Бәйдібек би даңғылдарымен қиылысатын маңнан да «Төлеметов көшесі» деген жазуды таппай дал болдық.

Соңғы үш жылда бұл көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тар көше еді, ені ұлғайып, кеңіп қалды. Құрылыс жұмыс­тарына 4 миллиард теңге бөлініпті деп естиміз. Құрылысы жүріп жатқанда «пайдалануға берілген соң жолдың атын көрсететін белгі қойылатын шығар» деп үміттенгенбіз. Бірақ, өкінішке орай, жөндеу аяқталған соң да «Қ.Төлеметов көшесі» деген белгі-тақтайшаларды көрмедік.

Соңғы кезде үлкен, көріктендірілген осындай  көшелердің атауын өзгертіп, немесе бұрынғы атауына көз алартушылар бар екен дегенді еститін болдық. Сонда бұл көше қараусыз қалып, шұрқ тесік болып жатқанда есімін егелене берсе болады екен де, ал жөнделіп, көрікті даңғылға айналғанда бұрынғы атауын алып тастау, немесе ауыстыру керек пе екен?!

Басқасы басқа, жоғарыда айтып өткеніміздей Қуаныш Төлеметовтың бұл елге, Шымкент қаласына сіңірген еңбегі зор. Оны көзін көргендер жақсы біледі. Ал азаматты өмірден өтті екен деп бар еңбегін өштіге, өттіге санау дұрыс емес.

Шымкент қаласының әкімі осы мәселеге назар аударса екен, Қуаныш Төлеметов көшесін қайтарса екен дейміз.

Қаршыға БӘЙДӘУЛЕТОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Бек 18.03.2017 15:55
Бир кездери басшы болган шыгар,алайда умытпайтындай халыкка не жасапты.Бул кисини Сонша елге не жаксылык жасапты.Тапсыры спен немесе агайынын акшасына жазганы коринип тур.Оданда Ж.Ташенов жайлы жазбайсын ба
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру