Ақпарат

Жұртшылық Зәмираға көмек қолын созып жатыр

Қаралды: 701

Газетіміздің өткен нөмірінде «Ойда-жоқта асқынған ауру жас әйелді мүгедек етті» деген мақала жариялаған болатынбыз. 

Онда 33 жастағы Зәмира Жиемұратованың тістен басталған кеселі таңдайға шауып, ақыры дәрігерлер оның сол жақ көзін, таңдайы мен жағын алып тастағаны туралы жазылған еді.

Таңдай қуысының қатерлі ісігіне шалдыққан әйелінің денсаулығына алаңдаған Серік Жақайымовтың жағдайы оқырманды бей-жай қалдырмапты. Газет жарыққа шыққан бір апта ішінде оған жер-жерден хабарласып, көмек қолын созушылар да табылған. Біздің «www.Zamana.kz» сайтындағы осы мақаланы үш-төрт күн ішінде 15 мыңға жуық адам оқыпты. Алматылық Жанна Нұралиева есімді келіншек осы отабасыға көмектесемін деген адамдардан топ құруға ниетті екенін жазыпты. Ол жиналған қаржыны С.Жақайымовтың отбасына жеткізіп беретінін жазған.

Ал Қанат Мұрат есімді азамат (суретте Зәмира және Серікпен бірге) cайттағы мақаланы оқи салысымен Қарасай ауданына жол тартқан. «Фейсбуктегі» жеке парақшасында: «Бүгін кездесіп, өз көзіммен көріп қайттым. Бұл да Алланың берген сынағы. Ондай жағдай барлығымыздың да басымызда болуы мүмкін. Сондықтан мейірбан жүрекпен қолдарыңыздан келген көмекті аямаңыздар!» – депті. С. Жақайымов бізге ол азаматтың 50 мың теңге бергенін айтты. Қиналған сәтте қол ұшын созған осындай адамдарға С.Жақайымов пен З.Жиемұратованың алғысы шексіз.

«Өткен бейсенбі күні бір апай бірнеше пакетке толтырып, азық-түлік әкеліп берді. Хабарласпай-ақ 200, 2000, 5000 теңге аралығында ақша аударып жатқан адамдар да бар. Сөйтіп бір апта ішінде 96 мың 500 теңге жиналды. Оның 55 мың теңгесіне керекті химиялық дәріміз бен емімізді алдық. Балаларға да дұрыстау тамақ істеп беріп, аурумен қабаттаса келген жоқшылық пен жетіспеушілікті аз уақытқа болса да ұмытқандай болып, қуанып қалдық.

«Елде болса, ерінге тиеді» деген осы екен, бізге көмек көрсеткен әр азаматқа, әсіресе «Замана» газетінің ұжымына біздер шексіз ризамыз. Бізге қол ұшын созған әр адамның шаңырағына Алла тек қуаныш сыйласын, жасаған жақсылықтары мен көмектері мың еселеп қайтсын! Ауру атаулы олардан аулақ болсын деп тілеймін.

Өткен аптада Зәмира төртінші химиясын алуы керек еді. Алайда екі рет барғанымызбен ауруханадағылар дәрі жоқ деп қайтарып жіберді. Ал обыр дегеніңіз тамырлап, тез тарайды ғой. Содан келіншегім тағы да төсек тартып жатып қалды. Судың өзін түтікшемен әзер ішкізіп жүрдік. Оған күле сөйлеп, көңілді көрінуге тырысқанмен, былай шыға бере жастары әлі 10-ға толмаған қызым мен баламды құшақтап жылайтынмын. Осы үшеуінің жағдайларына қарайлап, жұмысқа да шыға алмай отырмын. Қанша үнемдегенмен азық-түлік те таусылып барады. «Ендігі күнім не болады?» деп қатты қиналған сәтте «Замана» газетінен оқып, бірнеше адам хабарласты. Олардың тілектестігін білдіріп, жұбата сөйлеген сөздері маған үлкен демеу болды.

Зәмираға тағы да операция жасау керек. Оның таңдайы жоқ, орнында алақандай «мочалка» тұр. Оны да екі-үш күн сайын емханаға барып, ауыстырып тұрамыз. Жағы жоқ болған соң ас шайнай алмайды, таңдайы болмағандықтан суға да шашалып қала береді. Сейсенбі күні оны ауруханаға жатқыздық. Оншақты күн емделіп шыққан соң дәрігерлер рұқсат етсе, жасанды таңдай мен жақ салдырсақ дейміз. Оның құны қанша болатынын әзірге білмеймін. Арзан болмасы түсінікті. Сондықтан көпшілік көмек ретінде аударған ақшаны тиынына дейін жұмсамай жинаймын», – дейді С.Жақайымов.

Дәрігерлер таңдай мен жақ салдыру, яғни кезекті операция жасату үшін Зәмираның ағзасы мықты болуы керектігін айтыпты. Яғни оған құнарлы тамақтану керек. Ал отағасы жұмыссыз. Шындығын айтқанда, бұл отбасы азық-түлікке де мұқтаж. Сондықтан ел ішінде қиыншылыққа тап болған бұл отбасыға жәрдем берушілер табылып қалар деген оймен біз олардың «Казкоммерцбанктегі» есеп-шот нөмірін тағы да жариялауды жөн көрдік. Ол мынадай: 4177 7900 3044 6921. Киви-әмиян:  8-775-827-93-33.

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру