Қарызынан құтылу үшін бүйрегін сатпақшы

03.03.2017
Қаралды: 1912

Газетіміздің кезекті нөмірін баспаға әзірлеп жатқанда редакциямызға Тараз қаласынан қоңырау шалынды. 

Өзін Гүлжан деп таныстыр­ған әйел бүйрегімді сатамын дейді. Зейнет жасындағы жанның мұндай шешімге келуіне банк алдындағы берешегі мен тұрмыс­тық жағдайы себеп болған сияқты. Бұл бізді таңқалдырды әрі ойға қалдырды. Сосын Гүлжан апайға (аты-жөнін өзгерткен болуы да мүмкін) бірнеше сұрақтар қойдық.

– Сіздің мұндай шешімге келуіңізге не себеп болып отыр?

– Менің жасым 65-те. «Асарымды асадым, жасарымды жасадым» дей­тіндей жастамын. Сары аурумен, туберкулезбен ауырған емеспін. Мұндай кесел тұқымымызда да болмаған. Ал сіздерге хабарласып тұрғаным, бүйрегімді сатпақшы едім. Өйткені басымда баспанам жоқ. Екіншіден, банк­тен несие алып едім, содан құ­ты­ла алмай жатырмын. Кезінде қыздарымның бірін ұзатқанда еш­кімнен кем болмасын, соңынан сөз ілеспесін деп «Халық банкінен» ақша алуға мәж­бүр болдым. Бүгінде оның 337 мың теңгесі қалды. Айына 10 мың теңгеден құямын. Бірақ осының өзі маған ауыр. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Зейнетақым пәтерақы мен банк қа­рызынан артылмайтындықтан қи­на­лып қалдым. Содан ойлана келе осындай шешімге келдім. Бүйрегім ешқашан ауырған емес.

– Ұл-қызыңыз бұ­ған не дейді? Олармен ақылдастыңыз ба?

– Ой, олардың ешқайсысы қарсы болмайды. Тіпті олардың менімен жұ­мысы да жоқ. Керек болсам жүр­меймін бе солардың үйінде?

– Қанша перзентіңіз бар?

– Бес қызым бар. Бәрі тұрмыста. Ал мен жалғыз өзім қалдым. Шалым 2011-де кетті. 

– Қанша немереңіз бар? Олар да ержетіп қалған болар? Көмектеспей ме?

– Немере деген жетеді. Бес қыздан 8 немерем бар. Біреуінде – 5, екіншісінде – 2, үшіншісінде – 1 бала. Бір қызым әзірге бала көтермеді. Жалпы, олардан үміт күт­пеймін.

– Банкке беретініңіз айына 10 мың теңге болса, қыздарыңыз қа­рай­ласар мүмкін?

– Қайдам?.. Олар көмектессе бүй­регімді сатамын деймін бе?

– Сонда бүйрегіңізді қаншаға бағалап отырсыз?

– ...Білмеймін ғой. Арзандау болса да бір «дача» алсам деп едім. Бір миллионға берем десем бола ма? Әлде ол көп пе? 

– Ол сіздің ағза мүшеңіз ғой. Жағ­дайын да, құнын да өзіңіз білесіз. Ал бір миллион теңгеге «дача» ала аласыз ба?

– А?.. Білмеймін. Мейлі, 5 миллионға берейін. Әлде 8 миллион дейін бе? Ақшаны «счетыма» аударса болды, кел деген жеріне барамын.

– Сонда Қазақстанның кез келген өңіріне барасыз ба?

– Жасым келіп қалды ғой, алыс жаққа бара алмаймын. Жақындау жер болса. Мысалы, өзіміздің Тараздан. Болмаса Шымкент пен Алматыға да бара аламын. Одан алысқа жарамаймын.

– Бұрын қандай жұмыс істеген едіңіз?

– Талай қызметте болдық қой, оның несін айтайын...

– Денсаулығыңыз жайлы не айтасыз?

– Екі мәрте операцияға түскенмін. 1990-жылы соқырішек болғанмын, 2000-шы жылы тайып құлап, жамбасымды шығарып алдым. Сөйтіп 2014-те жамбасыма операция жасаттым. Сол екеуі ғана. Басқа ешқандай ауруым жоқ. Қан қысымы ешқашан мазалаған емес.

– Пәтер жалдап тұрамын дейсіз.  Бұрын үйіңіз болмаған ба?

– Болған еді бір кездері. Балалар бәрін құртты ғой. Өтінемін, сендердің газеттеріңді көп адам оқиды ғой, бүй­рек ала­тын адам табуға көмек­тесің­дер­ші. Мейлі, 5 миллионға берейін бүй­­регімді. Осында арзандау бір «да­ча» сатып алсам болды маған. Табылып жатса, осы нөмірге «звондай» бер­­сін. Балаларым келіп қалуы мүмкін. Ол кезде «Гүлжан апа» деп сұраса береді телефонды.

– Үйдегі қандай балаларды айтып отырсыз?

– Үлкен немерелерім келіп қалады ғой кей-кейде. Олар білмей-ақ қойсын.

...Өзін Гүлжан деп таныстыр­ған әйелмен әңгімеміз осылай аяқталды. Біздің түсінгеніміз, бес қызын өсіріп-тәрбиелеп, жетілдіріп, ұзатып, үйлі-жайлы еткеннен кейін, жасы жер ортасынан асқанда Гүлжан апай жал­ғыз өзі қалған сияқты. Әрқайсысы бір-бір шаңырақтың түтінін түтеткен қыздарынан қайран жоқ. Осылай тірші­лік­тің бар ауыртпалығы жалғыз өзі­нің мойнында қалған кейуана әркімнің есігін паналаумен күн кешіп жүрген сияқты. Қартайғанда қожа­йын­ның қабағына қараудан шаршаған ол басыбайлы баспанам болса деп армандайды. Бүйрегін сол үшін сатуға дайын. (Басқалай бір себебі болып, бізге өтірік айтып тұрғаны болуы мүмкін екенін де жоққа шығара алмаймыз).

Міне, «Замананың» қосымшасы – «Ауырмаңыз!» газетінің редакциясына таяуда осындай қоңырау түскені рас. Шамалауымызша, Гүлжан апай біздің елі­мізде ағза мүшесін сату да, сатып алу да заңға қайшы келетінін білмейтін сияқты.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Ко­дексінің 113-ші бабы бойынша, мұн­дай заңсыз әрекетке барған азамат 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ағза мүшесін сатып ақша тауып, қарыздан құтылумен қатар, мүгедектік үшін бері­ле­тін жәрдемақымен күнел­темін деу­шілер де қатты қателе­седі. Қазақстан Республикасының азаматтары мүгедек деп танылып, оған мемлекет тарапынан белгілі мөлшердегі жәрдем­ақы төленуі үшін оның «Ауыру тарихы» толыққанды әрі түсінікті болуы шарт. Яғни мемлекет «Ауыру тарихы» жоқ «жасанды мүгедектерге» жәрдем­ақы төле­мейді. Бұл мәселе де арнайы мамандардың қатаң бақылауында.

Ал біздің тағдыр тәлкегімен ағза мүшесін сатуға бел буған Гүлжан апай сынды азаматтарға Алланың өзі жар бол­ғай дегеннен өзге айтарымыз жоқ.

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ