Қонақ шақырғаннан несібең азаймайды

01.03.2017
Қаралды: 589

Қонақжай бір кісі болған екен. Әйелі болса жолдасының күнде бір кісілерді ертіп келетініне ашуланатын. Бірнеше рет жолдасына:

«Күніге бір қонақты ертіп келесің, қонақтарың болса балаларымыздың несі­бесін жеп кетеді», – десе де жолдасы  үйге қонақ шақырмай тұрмайтын.

Бір күні әйелінің шыдамы таусып, ғұламаға ақыл сұрап барады.

«Жолдасымның қонақ шақырмаған күні жоқ. Балаларымыз өсіп келе жатыр, олардың сабағына жинақтаған ешқандай ақшамыз жоқ. Тапқан ақшамыздың бәрі сол қонақтарды күтіп, оларды тойдыруға жаратылып жатыр», – дейді ол.

Ғұлама әйелдің күйеуін де қасына шақырып, неге олай істейтінін сұрайды. «Қонақ шақырмай тұра алмаймын. Асымызды қонақпен бөліссек үйге береке кіреді», – дейді ол.

Ғұлама екі жақты да тыңдап, әйелден күнде үш-төрт емес, бір ғана қонақ келсе наразылығы болып-болмайтынын сұрайды. Әйел оған да риза емес: «Мен балаларымның несібесін басқасына жегізе алмаймын!» – деп тұрып алады. Күйеуі: «Ең болмаса күнде бір қонақ келсінші», – деп сұрайды. Ақыры әйел көнеді. Алайда ертеңіне жолдасының  тағы екі қонақ ертіп келгенін көреді. Әйел ашуын сыртқа көрсетпей, ас үйде үш кісілік ас дайындайды.

Қонақтар кеткен соң  қараса, бір кісілік тамақ артылып қалыпты. Әйел жолдасынан: «Қонақтың біреуі неге тамақ ішпей кетті? – деп сұрайды. Жолдасы аң-таң. «Қай қонақты айтасың? Мен бір-ақ қонақпен келдім ғой», – дейді түсінбей.

Бірақ әйел бір емес, екі қонақтың келгенін нақты көргенін айтады. Анығын білу үшін олар қайта ғұламаның алдына барады. Ғұлама болған жағдайды тыңдап: «Жұбайыңыз рас айтады. Үйге екі қонақ кірген. Бірақ екіншісі адам кейпіндегі несібе болатын. Қарсы болсаңыз да дастархан жайып қонақты жылы қарсы алғаныңыз үшін несібе азаймады. Өйткені әр қонақ өз несібесімен келеді, тіптен несібесі өзінен 40 күн бұрын келеді. Яғни ешкім ешкімнің несібесін жей алмайды. Несібе де азаймайды... керісінше, қонақ шақырған үйдің несібесі артады», – дейді.

Түсінген жанға бұл әңгімеде үлкен ғибрат бар. Оқып, есте сақтаңыз, өзгелерге де айта жүріңіз.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!