Әлиев әйелін вице-президент етіп тағайындады

28.02.2017
Қаралды: 388

Әзірбайжан Прези­денті Ильхам Әлиев өзінің әйелі Мехрибан Әлиеваны елдің вице-пре­зиденті қызметіне тағайындады.

Әзірбайжанда ви­це-президент лауазымы өткен жылдың қыркүйек айында ендірілген болатын. Бұған қатысты жалпыхалықтық референдум өткізіліп, соның қорытындысында ел Конституциясына толықтыру ендірілген. Референдумға қатысушылардың 89 пайызы вице-президент лауазымын ендіруге дауыс берген көрінеді.

Әзірбайжан Президенті елдің Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында су жаңа вице-президентті өзі таныс­тырды. «Мехрибан Арифгызы ұзақ жылдардан бері елдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріне, сондай-ақ халықаралық мәселелерге белсенді түрде атсалысты, – деді И.Әлиев. – Мен оны Бірінші вице-президент қызметіне осы факторларды басшылыққа ала отырып тағайындадым».

Мехрибан Әлиеваның жасы қазір 52-де. Ол Мәскеудің Сеченов атындағы №1 Мемлекеттік медицина университетін бітірген. Философия ғылымдарының кандидаты. Бүгінде Әзірбайжанның тұңғыш Президенті Гейдар Әлиев атындағы қорды бас­қарады. 2005, 2010, 2015-жылдары қатарынан үш мәрте Милли Меджлис (Әзірбайжан Парламенті) депутаты болып сайланған. Билік басындағы «Ени Азербайджан» («Жаңа Әзірбайжан») партиясының мүшесі. 2004-жылдан бері партияның Саяси Кеңесінің мүшесі болған, кейінгі үш жыл бойы партия төрағасының (Президент И.Әлиевтің) орынбасары қызметін атқарып келеді.

Әзірбайжан Республикасының Конституциясы бойынша, егер Президент қандай да бір жағдайға қатысты өз қызметін атқара алмай қалса, оның міндеттерін вице-президент қолына алады. Заң бойынша вице-президенттің дербес құқықтылығы қорғалады, оны қылмыс жасаған мезетте болмаса, басқадай жағдайда ұстап, қамап, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Егер қылмыс жасаса Президент Бас Прокурордың ұсынуымен дербес құқығынан айырғасын барып жауапқа тартылуы мүмкін.

...Әзірбайжанның қазіргі басшысы Ильхам Әлиев – бұл елді 1993 – 2003-жылдар аралығында басқарған КСРО мен Әзірбайжанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Гейдар Әлиевтің ұлы. Ол 2003, 2008 және 2013-жылдары өткен сайлауларда жеңіске жеткен. Жасы қазір 55-те. Мехрибан Арифгызы екеуі Лейла, Арзу есімді қыздар мен Гейдар атты ұлды өсірген. Қыздары тұрмыста, олардан немерелері бар. Ал ұлы Гейдар қазір 19-да. Кейбір сарапшылардың есебінше, бүгінде Әлиевтердің байлығы бірнеше миллион долларлап саналады.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ