Ақпарат

«Дордой» базары 100 түп шырша көшеттерін сыйға тартты

Қаралды: 195

Түркістан қаласы Түркі әлемінің 2017-жылғы мәдени астанасы болып жариялануына орай «Әзірет Сұлтан» 

мемлекеттік тарихи-мәдени қорық – музейінде көріктендіру-көгалдандыруға дайындық жұмыстары басталып та кетті. Соның бір жарқын көрінісі – жуырда Орта Азиядағы  ең ірі  базарлардың  бірі болып саналатын Қырғызстандағы «Дордой» базарының иелері «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне 100 түп  көгілдір шырша көшеттерін сыйға берді.

Атап айтсақ, олар: «Дордой» ассоциациясының президенті Асқар Салымбеков, вице-президент Гүлмира Мәмбеталиева және Түркістан қаласында орналасқан «Алтын бұлақ – Дордой» қырғыз базарының директоры Клара Надиркова.

Биіктігі төрт-бес метрге дейін өсетін жас шырша көшеттері «Алматы» алаңы бойына, «Мүсәллә» қақпасынан құрбандық шалатын орынға дейінгі аралыққа, «Қазақ-Түрік достық саябағы» айналасына және «Түркістан тарихы»  музейі алдындағы алаңшаға егілді.

Былтырғы жылы «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне Өзбекстанның Бұхара қаласынан келген зияратшылар жеміс-жидек ағашы көшеттерін, Башқұртстаннан, Ресейдің Челябинск, Мәскеу, Ульяновск облыстарынан келген мүгедектер қауымы мамыргүл (сирень) ағашы көшеттерін сыйға тартқан болатын. 

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің ұжымы «Дордой» ассоциациясына зор алғысын білдіріп, кәсіптеріне табыс тіледі. Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын табатынына сенімдіміз.  

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің

баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру