Ақпарат

Жақсы күндеріңіз көп болсыншы!

Қаралды: 555

Таңертең үйге келе жатып кіре берістен мынадай хабарландыру көрдім:

«Құрметті көршілер! Бүгін шамамен 9.20-да үйге кіретін есіктің маңында 120 сом жоғалды. Тапқан адам №76 пәтердегі жалғызбасты анаға апарып бере салыңыздаршы! Зейнетақысы 15 мың ғана екен».

Әмиянымды ашып, 120 сомды ыңғайлап қолыма алдым да, әлгі пәтерге барып, қоңырауын бастым. Ақша ұстаған қолымды соза беріп едім, есікті ашқан кісі бас салып құшақтай алды. Сасып қалдым. Бірдеңелерді айтып, көзінің жасын сүртіп жатыр. Не болғанын түсінбей қалдым. «Ұн әкелуге шығып едім. Келгенде қалтамнан кілтімді алдым, сол кезде түсіріп алған шығармын», – дейді. Бірақ ақшаны алмады. Бүгіндікке оның «ақшасын тапқан» алтыншы адам екенмін.

Адамдар! Мен сендерді жақсы көремін!

* * *

Базарға бара жатсам, маңайындағы тар жолда шашы аппақ қудай қария кісі құтыдағы гүлін сатып тұр екен. Ақысын сұрағанынан да артық қылып беріп кеттім. Көзіне жас алған апа: «Шалға ет алайын», – деп жылдам басып кетіп барады.

Құтыны үйге әкелдім. Таңертең оянсам, гүл ашып, құлпырып тұр екен.

* * *

Өзімді ешқашан сүйкімді деп те санаған емеспін. Бір күні сөз байласқан жігітім екеуміз сөйлескен соң ол телефон тұтқасын дұрыс қоймай қалды. Арғы жағынан бөлмелес досына мен туралы айтып жатты. Бүгін қандай сұлу болғанымды, мен қасында жүргенде жаны жадырайтынын жеткізді. Мені қатты сүйетінін мойындап жатты. Естіп алып, есімнен тана бақырып жыладым. Өмірімде бірінші рет өзімді сұлу сезіндім.

* * *

Сауда орталығында құрбым екеуміз қыдырып жүрген едік. Жарнаманың викториналық ойынына қатысып, жұмсақ ойыншық ұтып алдық. Жанымызда ақыл-есі кемдеу баласын жетектеп жүрген бір ер кісі болды. Біз ойыншықты сол балаға беріп кеттік. Ол бізге: «Рахмет!» – деді. Әкесі соны естігенде жылай жаздады. Өйткені баласы көптен бері сөйлемей жүрген екен.

* * *

Асханада жұмыс істеймін. Бүгін таңертең бір азамат келді. Кассадағы кезегі жеткен соң ол маған: «Артымда тұрған қыздың кофесі үшін ақыны мен төлеп кетейін. Менен оған «Қайырлы күн!» тілей салыңызшы», – деді.

Ол кеткен соң қыз оның қылығына таңқалды. Көп ойланбастан өзінен кейін тұрған адамға ол да солай жасады. Осылай бес адам бірінен соң бірінің алған кофесіне ақы төледі. Жақсы күн болды!

* * *

Жұмыстан келе жатсам, метроның жанында бір ақсақал отыр. Алдындағы жаймада күллі орден-медалі жатыр. Сатып, күнкөрісін айырып отырған түрі. Жанына бардым да қалтамдағы бар ақшамды жаймасының үстіне төге салдым. «Менің ақшамды алыңыз. Бірақ арыңыз бен ерлігіңіздің қадіріне жетпейтін адамдарға орденді сатпаңызшы!» – дедім. Ардагер көзіне жас алды. Ақшамды қалтасына салды да, ордендерін жинады. «Рахмет, қызым!» – деді.

Осындай сәтте бүкіл әлемді өзгертіп жіберетіндей болып кетемін.

* * *

Дүкенде кішкентай қыз жаныма келді де: «Мені құшақташы», – деді. Мен оны құшақтап, көтердім. Бала адасып қалды ма екен деген ой келді басыма. Ол да мені мойнымнан қысып, қатты құшақтады, сосын қолымнан ытырынып шықты да, жерге түсті. Оның бетіне тесіліп қарадым. «Сен күлсінші деп едім», – дейді. Күн қарбалас болып еді. Қабағым қату болса керек. Жаныма нұр құйылды. Күліп жібердім. Тапқыр балақан!

Аударған – Шынар ӘБІЛДӘ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру