Алматының әкімі шымкенттіктердің өте пысық екенін айтады

28.02.2017
Қаралды: 867

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек халыққа есеп беру кездесуінде адамдарды шым­кент­­тік немесе шым­кенттік емес деп бөлуге болмайтынын айтты. Әкімнің айтуынша, адамды ісі анықтайды.

Бауыржан Байбек алматылықтарға қалалық автопаркті неліктен шымкенттік  «Green Bus» компаниясына басқаруға бергенін түсіндірді. Оның айтуынша, мұның алдында  «Алматыэлектркөлік» компаниясының ісінде қаржыны жосықсыз  жұмсау жағдайлары болған.

«Интернеттен байқадым, бір қыз жазыпты «тасымалдауды шымкенттіктерге беріп тастады» деп. Кешіріңіз, шымкенттіктер нашар деп кім айтты? Екі миллион адам тығыз қоныстанған, сондықтан олар пысық. Президент айтқандай: «Жұмыс олардың артынан ермейді, олар жұмыстың артынан жүреді». Келіп жатыр олар. Олар өте пысық, кәсіпкер адамдар. Біздің қалада тұрып жатқандардың көбі Шымкенттің тумасы», – деп атап өтті  Бауыржан Бай­бек.

Бауыржан Байбектің  пікірі бойынша, әкімдік бұл істі «Green Bus» компаниясына тапсырғанда еш қателескен жоқ. 

«Неге шымкенттік компания? Өйткені Шымкент – Алматы сияқты ірі және халқы көп қала. Жалғыз ғана жекеменшік компания «Green Bus» нақты нәтижелер көрсетіп жатыр. Бұл салаға келіп, түк бітірмегендер көп болды. Сондықтан біз конкурс өткіздік, шымкенттік компания ұтып алды. Бұл компания қарыздарын жауып, өз есебінен  137 автобус сатып алды. Кредит алды. Мемлекеттік кәсіпорында бір қосалқы бөлшек сынып қалса, оны сатып алу үшін конкурс жариялау керек болады да, автобус екі ай бойы тұрып қалады. Ал жекеменшік компанияларға конкурстың керегі жоқ. Біздің мемлекеттік компаниялар керегі жоқ заттарды сатып алатын, осылай пайда көріп отырған да болуы керек», – деді  Байбек.

Әкімнің айтуынша, автобустардағы бұрын­ғы жүйе қайтып оралмайды. «Сондықтан шымкенттікі, шымкенттікі емес деп бөлудің қажеті жоқ. Бұл дұрыс сөз емес. Адамның өзіне, істеріне қарау керек», – деп қорытындылады әкім сөзін.

tengrinews.kz

Пікір қалдыру

1000 символ