Ақпарат

«Қазақ елі» Каирде кино мамандарын тәнті етті

Қаралды: 498

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай елімізде «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильм түсірілгені белгілі. 

Оны Шымкенттегі «САҚ» киностудиясы (бас директоры – Нұриддин Паттеев) түсірген болатын. Бұл анимациялық фильм өткен жылы еліміздің көптеген кинотеатрларында көрсетіліп, жұрттың жоғары бағасын алған еді.

Міне, көпшіліктің ықыласына ие болған осы «Қазақ елі» анимациялық фильмі таяуда Мысыр астанасы – Каир қаласында өткен кезекті халықаралық анимациялық фильм­дер форумында «Ең үздік толықметражды фильм» жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ туындының композиторы Руслан Шынықұлов пен фильмнің әуенін жазуға қатысқан музыкант Жанболат Әділов Құрмет дипломдарымен марапатталды.

Аталған форумға әлемнің көптеген елдерінен 90-нан астам қысқаметражды және толықметражды фильмдер апарылыпты. «Қазақ елі» анимациялық фильмі осынша туындылардың арасынан ерекше көзге түсіп, ең үздігі аталып отыр.

Жалпы, Қазақ хандығы құрылуының бастауында тұрған Керей және Жәнібек хандардың балалық шағы мен есею жылдарын, сол кездердегі қазақ ұлтының басынан өткен тарихты баяндайтын бұл анимациялық фильм негізінен балаларға арнап түсірілгенімен оны ересектер де қызыға тамашалайды. Бұл фильмнің жұртты ұлттық рухта тәрбиелеуде маңызы зор. Ол өткен жылы Испанияда да көрсетіліп, кино саласы мамандарынан оң баға алған екен.

«Өткен жылы қараша айында Испанияның Барселона қаласында Азия фильмдерінің фестивалі болып өткен еді, – дейді бұл жөнінде «Қазақ елі» анимациялық фильмінің режиссері, Шымкенттегі «Оңтүстікфильм» киностудиясының директоры Батырхан Дәуренбеков. – Соған біз «Қазақ елі» фильмін апарғанбыз, оның режиссері ретінде Барселонаға мен бардым. Аталған фестивальге Азияның 39 елінен кинотуындылар көрсетілді. Сонда да кино мамандары «Қазақ елі» анимациялық фильміне жоғары баға берген, ұлттық, патриоттық рухта тәрбиелейтін жақсы фильм деп бағалаған болатын.

Мен фильмнің түсіру тобын осы үлкен жеңістерімен құттықтаймын. Бұл жетістік өзімізге деген сенімді арттырып, шабыт берері анық».

...Еңбегі лайықты бағаланып жатса, өнер адамының шабыттана түсетіні рас. Осы орайда Б.Дәуренбеков егер мемлекет тарапынан қолдау болып тұрса, өздерінің  әлі де талай сапалы дүниелерді өмірге келтіруге мүмкіндіктері барын айтты.

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру