Қасқырдың кегі

28.02.2017
Қаралды: 966

Қазіргі қыс маусымы – аңшыларға қолайлы мезгіл. Дегенмен әр жануардың өз сұрауы, іздеуі бар екенін ұмытпау керек. 

Мына бір оқиғаны бір аңшы ағам айтып берген еді, оқырмандармен бөліскім келді.

«Сол күнгі сапарым өте сәтті бастал­ған еді, – деп бастады сөзін ағам. – Таңертең-ақ қасқырдың апанын оңай тауып алдым. Екі бөлтірігін ойнатып жүрген қас­қырға бірден көзім түсті. Көп ойланбастан оны атып салдым. Ал бөлтіріктерін итім жайратып тастады.

Үйге келгесін әйеліме еш қиналмай алған олжамды айтып, мақтанып отырғанмын. Бір кезде алыстан қасқырдың ұлыған дауысы естілді. Оған аса мән бермегенмін.

Ертеңіне даладан қатты шыққан дауыс естідім. Сырт­қа жүгіре шыққанмын. Сөйтсем дәл есіктің алдында үлкен қасқыр тұр. Оның жанында кішкентай қызым алаңсыз ойнап жүр. Зәрем қалмады. Итімді айтақтасам, ол қанша ұмтылса да байлаулы шынжырынан босай алмады. Не істерімді білмей қатты састым.

Өмірімде бірінші рет қасқырмен бетпе-бет тұрмын. Оның көздері қып-қызыл екен. Маған қадала қарап тұр. Кешегі атып тастаған қасқырдың арланы екен-ау деп ойладым іштей. Енді тіпті қорықтым, тіпті  үнім шықпай қалды. Қызымды жарып тастайды-ау деп үрейім ұшып барады, көзімнен жас шығып кетті. Бар күшімді жиып: «Балама тиіспе, одан да мені өлтір!»  – дедім. Үнім сыбырлағандай болып әзер шықты. Қызымның болса ойында тіпті де қауіп жоқ, мені көре сала жаныма келді.

Қасқыр артынан ұмтыла ма деп едім, жоқ, ол маған біртүрлі кінәлағандай қарады да, жалт бұрылып, жөнімен кете барды.

Қысқасы, әлгі арлан маған да, қызыма да еш зиянын тигізбей кетті. Денемнің дірілін баса алмай, жерге отыра кеттім.

Негізі қасқыр менен кек алды-ау деп ойлаймын. Қатты қорқытты. Қатты ойландырды. Ол өзінің мейірімі адамдікінен артық екенін көрсетті. Қызымды талап өлтіріп кетсе не істер едім? Осыны ойлаудың өзі қорқынышты.

Осы оқиға менің есімнен кетпейді. Содан бері аңға шыққанда қасқыр атаулыға тимейтін болдым».

Ағамның бұл әңгімесі маған қатты әсер етті. «Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды» демей ме, адам да, жан-жануар да өз ұрпағын қорғайды ғой. Бірақ қазіргі кезде кей адамдардың баласын қорғамай, кім-көрінгенге жәутеңдетіп тастап кетіп жатқаны өтірік емес. Сондай адамдарға ағамның мына әңгімесі ой салса екен деймін.

Р. ӨМІРЖАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ