Халқының мүддесін бәрінен биік қоятын ел

07.03.2017
Қаралды: 925

Бүгінде Біріккен Араб Әмірліктерін мақтайтындар көп. Қазір әлеуметтік желілерде осы ел жөнінде түсірілген деректі фильм қызу талқыланып жүр. 

Ол фильмде «Украина» телеарнасының Ирина Смирнова есімді тілшісі Біріккен Араб Әмірліктері туралы қысқаша шолу жасапты.

Жергілікті тұрғыннан келімсек көп

«Араб әмірліктерінде халықтың 10 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды, – дейді ол. – Қалған 90 пайызы – басқа елдерден жұмыс іздеп келгендер. Біріккен Араб Әмірліктерінің тұрғындары өздерінің мұнайдың арқасында емес, ресурстарды дұрыс бөлудің арқасында бақуат тұрмыс кешіп жатқандарын айтады. Негізі 1969-жылға дейін мұнда шет-шегі көрінбейтін шөл дала болған. Кейін мұнай табылғасын елдің гүлденуі бастал­ған».

Ақындарының жағдайын жасап қояды екен

Бұдан әрі тілші Карим Атук аль-Марзуги деген жергілікті ақынды сөйлетеді. Ол бүкіл араб әлеміне аты шыққан жан екен. Оның өлеңдерінің басым бөлігі өз елін мадақтауға арналған. «Мен өлеңді жазу керек болғасын емес, шын жүрегіммен жазамын, нені сезінемін, не толғандырады – соны жырлаймын», – дейді араб ақыны.

Ақынның тұрмысы бақуат, оның 2 әйелі, 7 баласы бар екен, отбасын осы өлең жазумен-ақ асырап отыр. Бір шумақ өлеңі үшін 1000 дирхем (шамамен 300 доллар) алады, ақшаны шейх төлейді. Бұл кісі бірде дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын ақындар байқауында жеңіске жетіп, шейх­тың қолынан 1 миллион дирхам (300 мың доллар шамасында) сыйлық алыпты. Сондай-ақ шейх оған сыйлыққа үй және жер телімін тарту етіп­ті.

Шейхтарын әкесіндей құрметтейді

Бұл елде білім беру, медицина қызметі тегін екен. Ал шетелдік клиникаға барып емделу қажет болса, қарапа­йым тұрғын бұл жөнінде шейх­қа өтініш береді. Ел билеушісі оның жағдайын жасайды, араларында еш­қандай да кедергі жоқ. «Ол біздің әкеміз сияқты, бізге қамқорлық жасайды», – дейді араб ақыны өздерінің ел билеушісі жайында.

Біріккен Араб Әмірліктері – феде­ративтік мемлекет, абсолютті монархия. Ол 7 әмірліктен тұрады. Осының ішінде Әбу-Даби әмірлігінің жерінде мұнай көп, сондықтан Әбу-Даби әмірінің байлықтарды игеруде, бөлуде құқы жоғары. Оның көп байлықты өзі иемденуіне мүмкіндгі бар, бірақ әмір олай етпейді. Биліктегілер халықтың жағдайын жасайды, ел болашағын естерінен шығармайды.

Бұл елде өсімдіктерге де жағдай жасалған. Шөлді аймақта 100 миллион ағаш отырғызған, судың тапшылығына қарамастан оны арнайы тартыл­ған жүйе арқылы уақтылы суғарып тұрады.

Мұнай таусылса қайтеміз деп уайымдамайды

Біріккен Араб Әмірліктерінің халқы мұнай таусылғанда да жаман өмір сүрмейтініне сенімді. Оларда технология жетілдіріліп жатыр, экологияға аса мән беріледі. Келешекте электро­мобильдерді көбейтпек. Архитектурасы дамыған. Ғимараттар ішіндегі кондиционерлер аптап ыстықты сезіндір­мейді. Онда өздігінен жаңаратын Күн қуаты қолданылады.

Бүгінде Әбу-Даби орталығындағы «Масдар-Сити» деп аталатын үлкен құрылыс жобасы жүргізіліп жатыр. Мұнда әлемге әйгілі «Бурдж Халифа» көпқабатты ғимараты салынбақ. Шөл дала төсінде жайқалған оазиске айналған жасанды аралдар бой көтерген, заманауи жолдар салынған.

Бұл елде барлық жағдай жергілікті халық үшін жасалған. Құрылыс атаулының бәрін шетелдіктер салады, жергіліктілер тек ақша береді. Бұл елде жергілікті тұрғындардың құқы бәрінен де жоғары қойылған.

Әбу-Дабиде 15 жылдан бері тұрып келе жатқан Нина Собх есімді орыс әйелдің айтуынша, бұл ел халқының бақуат ғұмыр кешуінде Ислам дінінің ролі зор.

«Отбасын асырау, адамдарға көмектесу, адал өмір сүру жайында бала кезден айтып отырады. Олардың санасына мұның бәрі 5 жасынан бастап сіңіріледі», – дейді ол.

Жергілікті азаматпен тұрмыс құрған Владислава Сеножанская деген әйел де Біріккен Араб Әмірліктерінде барлық артықшылық жергілікті тұрғындар­ға берілгенін айтады. Олардан салық алынбайды екен. Бизнес ашу үшін де жергіліктілердің рұқсаты керек. Айлық жалақы шетелдік азаматтікінен екі-үш есе жоғары жүруі тиіс.

Біріккен Араб Әмірліктерінде ол елдің азаматтығын алу өте қиын екен. Тіпті жергілікті еркекке күйеуге шыққан әйелдер үшін де азаматтық алу өте күрделі шаруа.

Ұрлық, жемқорлық дегенді білмейді

Қысқасы, Біріккен Араб Әмірлік­терінде өздерінің шейх­тарын өте жақсы көреді, құрметтейді, оларды мақтаныш тұтады екен.

Бұл түсірілім авторы жоғарыда аты аталған ақыннан: «Бұл елде жемқорлық деген расында да атымен жоқ па?» – деп сұрапты. «Жымқыруға мәжбүрлік жоқ. Не үшін ұрлау керек? Елден қашу үшін бе? Жоқ! Біздің өз елімізде  өмір сүріп, осында өлгіміз келеді», – дейді араб ақыны өз жауабында.

...Шөл даланы гүлдендіріп, бақуат ғұмыр кешіп жатқан бұл елдің тұрмысына қызығатындар көп. Қолынан келсе, ол жаққа барып, түпкілікті тұрып алғысы келетіндер жетіп-артылады. Бірақ Бірік­кен Араб Әмірліктері ешкімге де өзінің азаматтығын бермейді екен. Әйтпесе жеңіл өмір аңсағандардың, әр елдің байлығын тонап, қашқан-пысқандардың барлығы да сол жаққа барып тұрып алар еді-ау.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ