Ақпарат

Түркия бардық, не көрдік?

Қаралды: 575

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт  Түймебаев  білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында еңбек етіп жүрген 110 қызметкерді Түркия­да тәжірибе алмасуға жібергені белгілі. 

Мәдениет саласы мамандарынан құралған делегацияны облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы бастап барды.

Біз, мәдениет қызмет­керлері өзіміздің іс-сапарымызды кезінде Рим, Византия, Осман империяларының астанасы болған Ыстамбұл қаласынан бастадық. Әлемдегі ең көне шаһарлардың бірі болып саналатын ондағы  алғашқы күні тарихи орындарды араладық. Мәрмәр теңізінің жағалауында орналасқан Ахмет сұлтан мешітінде, сәулет өне­рінің керемет үлгісі іспеттес «Айя София» музейінде, атшаптырым аумақ­ты алатын үлкен музейлердің бірі, Осман патшаларының ордасы – «Топ­қапы» сарайында болдық, көптеген киелі орындармен таныстық.

Кейін осы елдегі Сакарья каласына бардық. Мұнда Түркиядағы ірі жоғары оқу орындарының бірі – Сакарья университетінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылған семинарға қатыс­тық. Алғашқы сөз алған сол қаланың  әкімі Хусейн Авни Жош жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, Қазақстанға, Елбасымыз Н.Назарбаевқа деген үлкен құрметін байқатты.  Университет ректоры, профессор Музаффар Эльмас, Мимар Синан университетінің профессоры, тарихшы, қандасымыз Әбдіоқап Кара түркітілдес халықтардың өмірі  жайлы баяндама жасап, әр­қай­сысы мемлекетіміздің қол жеткізген жетістігі мен қазақ халқының қонақжайлығын айрықша  атап өтті.

Семинардың соңы кішігірім кон­­церттік бағдарламаға  ұлас­­­­ты. Қазақ студенттері домбырамен күмбірлете күй төгіп, ән айтып, би билеп, бар өнерін ортаға салды.

Ыстамбұл қаласы рәміз­дерінің бірі болып саналатын – «Қыз күлесі» мұнарасы, сондай-ақ 60 мың шаршы метр аумақтағы 100-ден астам сәулеткерлік  ны­сандар мен тарихи орындардың макеттері орналас­қан «Миниатүрік» саябағында болдық. Сонымен қатар Зейтінбұрны ауданында 1986-жылы құрылған «Түркиядағы қазақтар қоры» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен та­ныс­­тық. Бұл жерде біздің қандастарымыз көп қоныстанған. Мұнда  қазақ тілі, домбырашылар үйірмелері жұмыс істейді. Қандастарымыз той-жиын жасай қалған жағдайда оны арнайы залдарда өткізеді.  Делегация басшысы Асылхан Темір­хан­ұлы қоғамдық бірлестіктің хатшысы Абдулвахап Қылыш­қа оқалы шапан жауып, облыс  әкімі Жансейіт Түймебаевтың бас­тамасымен Қазақстан  Тәуел­сіз­дігінің 25 жыл­дық мерейтойына орай шығарылған «Тәуелсіздік тебі­ренісі», «Оңтүстік Қазақстан облысы», «Тәуелсіздіктің жұл­дызды сәті» кітаптарын сыйға тартты.

Бізді Ыстамбұлдағы «Сулеймание» кітапханасы ерекше таңқалдырды. Жазба ескерткіштері жағынан дүние­дегі ең ірі құтханалардың бірі болып табылатын онда VІІІ – XІX ғасырларда жарық көрген  200 мыңнан астам көне қолжазбалар сақталыпты. Олардың 50  мың томы араб тілінде, 12 мың томы түрік тілінде,  3680 томы парсы тілдерінде екен. Бұл құтханада қазақ тарихы тура­лы да деректер кездесетінін білдік. Кітапхана директоры Омар Күзгүн  ондағы  жұмыс­тармен таныстырып, қолжазбаларды сақтайтын арнайы камералары бар екенін айт­ты. Ұзындығы үш метрді құрайтын камера ыл­ғалды­лықты тиісті қалыпта ұстап,  жарықтан, өрттен  қорғайды екен.

Ең ғажабы, бұл  кітапха­наның өз емханасы да бар екен. Онда кітаптың парағы жыртылған немесе көгерген, жазулары өшкен жағдайда бастапқы қалпына келтіреді екен. Қолжазбалар сақтал­ған қор бөлмесі, сондай-ақ  кітаптарды қалпына келті­ретін реставрация бөлім­дерімен толық танысып шықтық. Қоштасарда Омар Күзгүн мырзаға Оңтүстік Қазақ­стан облысынан  шыққан кітаптар табыс етіліп, өзара келісімдер жүргізілді.

Бұл іс-сапарымызда туыс­қан түркиялық әріптес­тері­мізден көп нәрсені үйреніп қайттық. Бауырлас Түрік мемлекетінің мәде­ниетімен етене танысуға және іс-тәжірибе алмасуға қолдау көрсеткені үшін облыс әкімі Ж.Түймебаевқа мың алғыс білдіреміз.

Гүлсана МЫРЗАБАЕВА,

Ыбырай Алтынсарин атындағы

облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру