Ақпарат

Қазақтан басқа ұлт өз тілін ұмытпайды...

Қаралды: 460

«Астанаға баратын пойызға Шымкенттен әзірбайжан жігіт отырды. Жолда Тараздан пойызға бір қазақ, бір әзірбайжан жігіт мінді. Екібастұзға барады екен. Әзірбайжан орысша сөйлеседі.

Мен әлгі жігітке осы елде тұрғасын қазақ тілін білуі керектігін меңзеп: «Мен Әзірбайжанда тұрғанымда сол елдің тілін үйренер едім», – десем, ол: «Қазақстанда ешкім қазақша сөйлеспейді, тілді не үшін үйренемін?» – дейді. Өзі бакулік екен, Қазақстанға осыдан 30 жыл бұрын әскери борышын өтеуге келіп, осында қалып қойыпты. Пойызға Шымкенттен мінген әзірбайжан екеуі өз тілдерінде сөйлесіп отырды.

Біздің Ұлттық экономика министрінің Мәскеуде 5 жыл тұрып, қазақ тілін ұмытып қалғанын беті бүлк етпей айтқаны есіме түсіп, мұны соған мысал ретінде келтіріп отырмын. Ұлттық қасиеттен жұрдай адамға ұлттық экономиканы басқартып қойдық.

Ал әлгілердің жанындағы қазақ кісі: «Бізге қытай, иран, ауған тілдерін үйрену керек», – дейді. «Не үшін?» – десем: «Қазақстанға келсе, олармен қалай сөйлесеміз?» – дейді. Келімсектер қазақ тілін үйренсін демейді. Қамкөңілдік пе, басқаның ығына жығыла кететін әдетіміз бе?

Бұл өзі мықтап ойланатын жайт. Ал бізде ойланатындар аз, көбі өз ана тілін білмейді, білгендері ол тілде сөйлемейді.

Ресейде орыс тілін білмейтіндерді жолатпайды. Ал бізде қазақша емес, орысша үйренеді, қазақтар орысша сөйлейді деп».

Шымкенттік қоғам белсендісі Жарқынбек Сейтінбет өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осындай мәтінде жазба жариялады. Мұны оқыған бірқатар желі қолданушылары өз пікір-көзқарастарын былайша білдіріпті:

Сұлухан Мыңбаева: – Өкінішті... Ертеңді көзге елестету қиын болып барады.

Esenkul Dosmanova: – Өз тілінде, қазақша сөйлемегендерге айыппұл салынады деген қай «урнаның» ішінде қалды екен? Біздің үкімет айтады да қояды. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей аяқасты болып қала береді.

Oralbaі Bіlalіew: – Өз тілінен жиренген қазақ адам болмайды. Өз тілін білмейтін балада мейірім де, ұят та, үлкенді сыйлау да болмайды.  Мемлекеттік қызметтегі қазақ тілін білмейтін азаматтар ешуақытта да қазаққа қорған бола алмайды.

Нығметбай Ермаханұлы: – Қашан барлығымыз өз тілімізде сөйлейді екенбіз? Осылай армандап өтемін бе деп қорқамын.

Амангелді Батырбеков: – Ана тілін менсінбегенді өз басым адам демеймін.

Sholpan Tleuova: – Ана тілін білмейтін адам, біріншіден, өзін-өзі сыйламайды, екіншіден, ол ар-намыстан жұрдай болады. Басқа тілді қайтеміз өз ана тіліміз ақсап тұрғанда? Ана тілімізден айырылып қалмайық, қазақтар!

Оспан Исмаилов: – Қарапайым қазақтар тілді біледі. Сол баяғы кеңестен бері билікте үрім-бұтағымен келе жатқандар білмейді, білгісі де келмейді.

Сауытбек Сейсенбаев: – Ауылдастарымның көбі түріктер. Қазақша жақсы біледі, соған қарамастан он адамның ішінде екі түрік болса, тек өз тілінде сөйлеседі. Яғни Қазақстанда елу-алпыс жыл болса да өз тілін жоғары санайды. Ал біз, қазақтар орысша сөйлеп тіліміздің өлуіне жол ашып беріп отырмыз. Қазақша сөйлеуді шенеуніктерден талап ету керек. Үкімет отырыстарын тек қазақша жүргізуі керек. Бақытжан Сағынтаев мырза осыны қолға алса болар еді.

Болат Ауғамбаев: – Қазақ тілін білмейтіндерге, әсіресе өз ана тілін білмейтін қазақтарға қызметте өсу жағынан шектеу қойылмайынша, қазақ тілінің қоғамда қажеттілігін арттырмайынша, тіл туралы заңды өзгертпейінше қазақ тілі «өгей бала» қалпында қалғаны – қалған.

Төлеуғали Бірбалаұлы: – Болат Ауғанбаевтың пікіріне толық қосыламын. Ол өте  жақсы айтты. Ол айтқан амалдарды мемлекеттік қызметке кеңінен қолдануымыз керек. Сонда қазақтандыруды тездетеміз. Ал оны қолданбасақ, тіл үйрену, қазақтандыру тым ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Сондай-ақ әліпбиімізден орысқа тиесілі 11 – 12 әріпті алып тастауымыз жөн болар. Олардың көзін әліпбиімізден біржолата құртуға тиіспіз!

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру