Су неге соншалықты қымбаттады?

27.02.2017
Қаралды: 667

«Замананың» редакциясына Төлеби ауданындағы Қаратөбе ауылынан хат келді. Хат авторы Сәбитбек Жамалбеков былай деп жазыпты:

«Құрметті редакция! Мен сіздерге мынадай шындық туралы жазып отырмын:

Бізді «Төлеби су шаруашылығы» мекемесі сумен қамтамасыз етеді. Өткен жылға дейін судың әр текше метріне 30 теңгеден алатын еді, кейін оған 1 теңге қосқан болатын. Ал биылғы жыл басынан судың 1 текше метрін 76,89 теңге деп белгілепті. Мұның себебін сұрағандарға бізге субсидия бермей қойды деп түсіндіріп жатқан көрінеді.

Қызмет ақысын бірден 150 пайызға көтеру деген бұрын-соңды болған емес еді. Мұның халыққа оңай тимейтіні белгілі.

Президентіміздің биыл зейнетақыны 20 па­йызға көтеруге тапсырма бергені мәлім. Соның 9 пайызын жыл басынан бері қосып отыр, қалғанын шілде айынан бастап қоспақ. Ал судың қымбаттап отырғаны мынау. 10 пайыз қосса да аз болмас еді ғой. Бұдан артықты қарапайым халықтың қалтасы көтермейді.

Бүйте берсе неміз қалады? Барлық нәрсе бір-бірімен байланысып қымбаттай берсе халықтың жағдайы не болады? Қарияларға берілетін «пенсия» қай жыртыққа жамау болады?

Осы мәселені басшылар жақсылап ойланып, тексерсе, кінәлілер болса, олардың жазасын берсе екен. Сіздерден бұған қатысты қозғау салуларыңызды жергілікті халықтың атынан сұраймын».

Редакциямызға Төлеби ауданынан хат жолдаған Сәбитбек Жамалбеков осылай дейді. Ол кісі хатпен бірге пайдаланылған суға қатысты төлемақы есептелген түбіртек көшірмесін де салып жіберіпті. Яғни өз сөзінің шындығын осымен растап отыр.

Ендеше, «Төлеби су шаруашылығы» мекемесінің немесе басшы азаматтардың бұған қатысты есептің жай-жапсарын халыққа тәптіштеп түсін­діргені дұрыс болар деп ойлаймыз. Жалпы, қызмет ақысын бұлайша бірден көтерудің қарапайым халыққа ауыр тиетіні белгілі ғой.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!