Ақпарат

«Балалар үйіне барған адам тәубесіне түсер еді...»

Қаралды: 790

Бұл дүниеде баланың уайым-қайғысыз күн кешкеніне, шын қуанғанына, толыққанды отбасында тәлім-тәрбие алғанына ештеңе жетпейді. 

Дегенмен туыла сала тағдырдың талқысына түсіп, «тастанды» атанған балалар біздің елде өте көп. Міне, сондай балаларды бауырына басып, бақыт сыйлай білген кентаулық батыр ана – Түймекүл Ергешқызы «Керек кеңестер» газетіне сұхбат берді.

– Түймекүл Ергешқызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз...

– Мен Кентау қаласының іргесіндегі Ащысай деген ауылда дүниеге келгенмін. Жасым – 51-де. Көпбалалы отбасында өстім. Анамыз марқұм 14 бала тапқан, бірақ төртеуі өмірден ерте өтіп кетті. Өкінішке қарай, анамыз да мен 24 жасқа келгенде қайтыс болды. Содан артымнан ерген бауырларымды өсіріп, оларды үйлі-жайлы ету менің мойныма артылды, жастайымнан саудамен айналыстым. Осылайша күйбең тіршілікпен жүргенде жасымның біразға келіп қал­ғанын байқамаппын. Тұрмыс­қа шық деген азаматтар кез­деспеді демеймін, кездесті, бірақ жасың келіп қалғасын бірінің мінезін, бірінің түр-әлпетін ұнатпай жүріп алдым. Кім біледі, бәлкім, Құдай маңдайыма осындай өмірді жазған шығар... Тағдырым деп білемін...

– Ал бала асырап алу туралы шешімді қалай, не себепті қабылдадыңыз?

– Негізі өзім өте балажанмын. Сол себепті өзімнен үлкен әпкемнің 3 баласын қолыма алып, тәрбиеледім. Яғни менімен бірге тұрды, біраз уақыт. Бірақ кейін әпкем келіп, балаларын алып кетті. Сенесіз бе, сонда әлгі жиендеріме бауыр басып қалыппын, олардың енді менімен бірге болмайтынына кқндіге алмай екі ай жер бауырлан жатып қалдым. Мына өмірдің түк қызығы қалмағандай, жапанда жалғыз қалғандай күй кешіп, күйзеліске түстім. Содан бір күні «Бауырдың баласы бәрібір маған бала болып жарытпайды екен. Одан да неге мен жетім балаларды асырап алмаймын?» деген ой келді. Не керек, ешкіммен ақылдасқан жоқпын, Шым­кенттегі балалар үйіне тіке тарттым. Барсам сізге өтірік, маған шын, алдымнан көздері жәутеңдеген бір топ бала жүгіріп шығып: «Маған мама болшы...» деп етегіме жармаса кетті. Сол кездегі сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Өз-өзімді ұстай алмай әбден жыладым. «Осы уақытқа дейін неге бала асырап алмағанмын?» деп өкіндім. Содан көп ойланбай құжаттарды тураладым да, бір ұл, бір қыз асырап алдым. Олар 1996-жылы туылғандар. Осылайша араға тағы біраз уақыт салып тағы бір қыз, кейіннен тағы бір ұл... Қысқасы, қазір Гүлнұр, Нұрқанат, Мөлдір, Ерасыл (Ярослав), Жасмин, Азелина, Диана, Қайсар, Нұрболат және Ғазизхан деген он баланың анасымын. Ең кішкентайым 2016-жылы туылған. Таяуда тұңғышым – Гүлнұрды ұзатып, құдағи атан­ған жайым бар.

– Байқаймыз, орыс ұлтынан да бала асырап алыпсыз...

– Мен баланы ұлтына, түріне қарап бөлмеймін. Қай ұлттан болса да бәрібір. Барған кезде қайсысы көзіме оттай басылады, қайсысына жүрегім жылиды, соны аламын. Ең бастысы, Құдай саналы, ибалы етіп тәрби­елеуімді нәсіп етсе болды. Иә, орыс, кәріс, өзбек ұлтының балаларын да бауырыма басқанмын. Және оған еш өкінбеймін, Құдай өкін­дірмесін.

– Үкімет тарапынан бала асырап алғаныңыз үшін қандай да бір көмек, жәрдемақы беріледі ме? Он баланы қалай асырап отырсыз?

– Ондай көмекті көрген емеспін. Анда-санда, мерекелерде елеп-ескергендері болмаса, қаржылай қолдауға ие болмағанмын. Дәметкен де емеспін. Жаңа айтып өткенімдей, жастайымнан саудамен айналысамын ғой. Қазір Түркістанда, Кентауда дүкен­дерім бар, содан түскен табыспен өмір сүріп келеміз.

– Жаңа бір сөзіңізде балалар үйіне барғанда ерекше сезімде болдым деп қалдыңыз. Осы жағын тарқатып айтсаңыз...

– Қазақта «Жерде жетім жыласа көкте періште күңі­ренеді» деген сөз бар. Яғни біздер еш уақытта жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халықпыз. Бірақ, өкі­нішке қарай, қазір осы нәрсеге көңіл бөлінбей кетті. Жұрт санасында жетімдерді өкімет асырауы тиіс деген түсінік қалыптасты. Ал ел ішінде тұрмыс жағдайы жақсы, бірақ соған қарамастан бір-екі баламен шектеліп отырған отбасылар жетерлік. Мен сондай кісілер тым болмағанда бір баладан асырап алса ғой деп ойлаймын. Асырап алмаса да, жылына бір-екі рет балалар үйіне барып, олармен әңгімелессе деймін. Тәубесіне келер еді. Осы күндеріне шүкіршілік етер еді. Мейірімі оянып, жүректері иман нұрына толар еді... Қысқасы, мен бай болсын, кедей болсын, ара-тұра балалар үйіне барып тұруға, 5-10 теңге болса да қайырымдылық мақсатта көмек көрсетуге кеңес беремін.

– Жасыратыны жоқ, кейде бір әке, бір шешеден туған бауырлардың өзі бір-бірімен ренжісіп, ұрысып-таласып жатады. Ал сіз ұлты да, тағдыры да әртүрлі балаларды қалай тәрбиелеп жатырсыз? Қандай да бір ерекше әдіс­теріңіз бар ма?

– Мен олардың ешқайсысын бөліп-жармаймын. Мен үшін балаларымның әрқайсысы бір төбе. Әрине, бала болғасын ұрыспай тұрмайды. Ондайда өз арамызда отбасылық жиналыс жасап, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтаймын. Жай сөзбен істеген тірліктерінің дұрыс еместігін түсіндіремін. Негізі баламен дос болу керек, титтей де болса жетістікке жетсе мақтап-мадақтап отырған дұрыс. Әр бастамасына қолдау білдіріп, пікірін тыңдап отырсаңыз, ондай баладан жаман адам шықпайды деп ойлаймын.

– Алда 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мере­кесі келеді. Осы ретте «Керек кеңестердің» оқырмандарына айтар тілегіңіз, кеңесіңіз болса, мархабат...

– «Қыз мұраты – кету» демекші, сіңлілеріме, жас қыздарға ертерек тұрмысқа шығыңдар, мен сияқты «отырып» қалмаңдар деп кеңес бергім келеді. Ана бақытына бөленгеннен артық ештеңе жоқ, сондықтан жұмыс-жұмыс деп жүре бермеу керек. Ал өзімнің замандас­тарыма айтарым, денсаулықтарыңызға көңіл бөліңіз­дер. Қандай жағдай болса да күліп жүріңіздер, өмірге өкпе арт­паңыздар. Кездескен қиын­дықты уақытша деп қабылдаңыз, мойымаңыз. Мереке баршамызға құтты болсын, ана баласынан, бала анасынан айырылмасын, еліміз тыныш болсын деген тілек қосамын.

– Әңгімеңізге рахмет, балаларыңыздың қызығын көріңіз!

Сұхбаттасқан – А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру