Ақпарат

Шыңғыс ханның қабіріне қатысты не айтуға болады?

Қаралды: 1147

«Замананың» қаңтар айында жарық көрген 4-ші нөмірінде «Шыңғыс ханның қабірін ашамыз деп жерді үңгіп қазып жатыр» деген тақырыппен мақала жарияланғаны белгілі. 

Онда Оңтүстіктегі Арыс қаласына жақын бір жерді қазып жатқан Сман Өтеген және Гүлжанар Алтынбек есімді ерлі-зайыпты адамдардың әйгілі қағанның қабірін таптық деген тұрғыда айт­қандары қаз-қалпында берілген болатын. Оны кейін бірнеше сайттар көшіріп басты, оған қатысты көптеген адамдар өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Жалпы, бұл мақала жұртшылық арасында көп талқыланды, өз ойын білдіріп жатқандар әлі де бар. Кешегі аптада редакциямызға Сарыағаш ауданынан да осыған қатысты хат  келді. Оның толық мәтіні мынадай:

«Мен өзім почтада хат тасушы болып жұмыс істей­мін. Газеттеріңіздің әрбір санын асыға күтіп отырамыз. Хат жазып ой-пікірімді білдіруге газеттеріңіздің биылғы 28-қаңтарда шыққан нөміріндегі «Шыңғыс ханның қабірін ашамыз деп жерді үңгіп қазып жатыр» деген мақала түрткі болды. Онда ерлі-зайыпты Сман және Гүлжанат деген кісілер: «Шыңғыс ханның қабірін таптық, енді оны тек ашу ғана қалды, Елбасыдан рұқсат сұрап жатырмыз», – деп айтыпты. Мен өз басым оған қарсымын. Себебі Шыңғыс хан – көп жерлерді жаулап алған адам. Жаулап ал­ған жерінде қаншама халықтың қаны судай аққан. Оның ішінде бейкүнә сәбилер, қарттар, екіқабат әйелдер болған. Өткен тарихқа зер салсақ, жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның шөбересі Ақсақ Темірдің қабірін ашқанда Ұлы Отан соғысы басталғаны мәлім.

Шыңғыс ханның қабірін таптым деп жария етуші Сман ағамыз: «Елбасы рұқсат берсе ештеңе болмайды», – деп бек сеніммен айтып отыр. Тарихтан белгілі, Ақсақ Темірдің қабірін ашарда антрополог Герасимов Сталиннен рұқсат алған. Сталин  рұқсатын берген. Жергілікті халық, молда, шырақшылар қанша қарсы болса да халықтың пікірімен ешкім санаспады. Нәтижесінде не болды? Қабірді ашқан күннің ертеңіне Ұлы Отан соғысы басталды. Соғыстың зардабы халыққа ауыр тиді. Сталин кейін қатесін түсініп, Ақсақ Темірдің сүйегін қайта жерлеткізді. Содан кейін ғана Кеңес әскері қарсы шабуылға шығып, немістерге тойтарыс берді.

Өткен тарихқа көз жүгірт­сек, 1965 – 1966-жылдары Өзбекстанда кейін халық «Бетонка» деп атап кеткен үлкен тас жол салын­ған. Сол жолдың бойында Шымыр ата деген әулие адам жерленген екен, басшылар оның мазары үстінен жол түсірмекші болады. Сондай-ақ Төле би бабамыздың жатқан жерін де сүріп, сүйегін басқа жаққа көшірмекші болады. Бірақ мақсаттарына жете алмады. Бабалардың киесі жібермеді. Содан Ташкентте алапат жер сілкініп, қаланың быт-шыты шықты.

Ұзаққа бармай-ақ өзіміздің Түркістан қаласын алайық. Ол жерде қазақтың маңдайына біткен хандары мен батырлары жерленген. Кезін­де қазақ-түрік келісімі бойынша түрік тарапы өз қаражаттарына жөндеу жұ­мыс­тарын (реставрация) жүргізді. Олар сондағы бабаларымыздың қабірін ашып, сүйектерін шашып кетті. Ақы­рында марқұм Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың жанайқайынан кейін өзіміз сүйек­терді қайта жерледік.

Қазақта: «Құдай ұрған оңалады, әруақ ұрған оңбайды», «Әруақтың жолы отпен тең» деген сөздер бар. Яғни әруақтың наласы ешқашан жібермейді. 1999-жылы тамыз айында Түркияда күн тұтылып, артынша жер сілкі­ніп, бір аудан жермен-жексен болды.

Айтайын дегенім, Шың­ғыс ханның қабірін тапсақ та, қай жерде жатқанын білсек те оны ашуға жол бермейік! Тек басына белгі қойып, халық зиярат ететін орынға айналдырсақ, соның өзі жетеді. Болмаса тағы да қиямет болып, 3-ші Дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін.

Абайлайық, ағайын, жамандықты өз қолымызбен шақырмайық!

Артық айтқан жерлерім болса, көпшіліктен ғафу өті­немін.

Қалдыбай СЕРІКБАЙҰЛЫ.

«Достық-2» ауылы.

Сарыағаш ауданы».

...Сарыағаштық Қалдыбай Серікбайұлы «Шың­ғыс ханның қабірін таптық» деп жүргендердің әрекетіне қатысты өз пікірін осылай білдіріпті. Ал бұған байланысты басқа жұрттың пікірі қандай? Қабірді ашқан дұрыс па, ашпаған жөн бе? Өз ойларыңызды айтыңыздар!

Ел не дейді?

«Шыңғыс ханның қабірін ашуға жақын қалдық» деп жүрген ерлі-зайыптылардың әрекеті ел назарын өзіне аударуда. Әлеуметтік желі­лерде бұған қатысты сан түрлі пікірлер айталып жа­тыр. Солардың бірқа­тарын назарларыңызға ұсы­на­мыз.

Аноним: – Шыңғыс ханның мүрдесі табылса тамаша болар еді! Қазуға рұқсат беру керек.

Аноним: – Шын болып шықса дұрыс болар еді. Шымкенттіктер азаяр еді Астанада.

Серік Омаров: – Бұл Оңтүстіктегі қулардың ойдан шығарылған жерге зиярат жасату үшін ойлап тапқаны шығар. Мұндай пиарды жақсы білеміз. «Тапқан екеуі» шырақшы болып, зиярат жасаушылардан ақша жинайды, туыстары «киелі жердің» таптырмас қызмет­шілері болады.

Аноним: – Әділет орнайды дегенге жоғары жақтағылар қорқып отырған шығар онда, рұқсат бермей тұра тұрайық деп.

Аноним: – Ашуға болмайды, соғыс болып кетеді ғой.

777 Says: – Екеуі де алаяқтар немесе екеуін де емдету керек.

Аноним: – Комиссия жіберу керек. Ол жерде мол байлық бар.

Қуат: – Мыналарды жын жетелеп жүр ғой.

Аноним: – Ашу керек! Кредиттен құтылармыз мүм­кін.

Аноним: – Баланың ойы­­ны, бақсының жыны, шат­пақ, бәрі бос әурешілік.

Адай: – Қазақтың дүбәралануының айқын  дәлелі! Тарихи сананы емдеу керек, әйтпесе мына түрімен жын соққанға айналады.

Шынар: – Ал мен олар­ға сенемін ішкі түйсі­гім­мен. Шыңғыс хан Қазақстан территориясында жер­лен­ген-ау деп ойлаймын.

Аноним: – Ағайындар, істің соңын күтейік. Кім біледі, ештеңе табылмай қалса, ерлі-зайыптылар ұялғанынан елді шулат­қанын қоятын шы­ғар.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Жүсіп 25.02.2017 11:27
Тарихтан білетініміз Шыңғысхан жһангер адам сол себепті қабірін ашпау керек.Жоғарыда мақалада айтылғандай соғыс болып кетуі мүмкін ғой. Сондықтан ашқызбау керек бауырлар амандық жақсы ғой аман болайын!!!
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру