Ақпарат

300 теңгеден қоңыз сатып жүр

Қаралды: 4628

Кешегі сейсенбіде мынадай тосын жайға куә болдық: Шымкентте бір азамат қоңыз сатып жүр. 

Дене тұрқы 2 сантиметрдей болып қалатын көкшіл және сарғыш түсті қоңыздардың бір данасы 300 теңге тұрады екен. Әлгі азамат оның адамның ішкі құрылысын тазартуға таптырмас дәрмек екенін және көптеген ауруларға ем болатынын айтады.

«Осындағы бір емші аламын дегесін әкелген едім, ол үйінде болмай шықты. Сосын алатын адам табылса, сатып кетейін деп әрекеттеніп жүрмін. Негізі сатпай-ақ қойсам да болады, өйткені бұл құнын жоймайды, бұзылып, бүлініп те кетпейді. Дұрыс сақтасаң, көпке дейін тұра береді. Қазір ақша керек болғасын алып шыққан едім», – дейді ол сіріңке қорабына толтыра салынған жәндіктерді көрсетіп.

«Бұл қоңыздар біздің жаққа көктемде келеді, – дейді ол. – Бірақ қайдан келіп, қайда кететінін білмедім. Бар-жоғы бір ай шамасында жүреді де, кейін жоқ болып кетеді. Шынымды айтсам, мұның қалай аталатынын да білмеймін. Өзімше «көк қоңыз», «сары қоңыз» деп ат қойып алғанмын.

Бұл жәндіктерді кез келген жерден таппайсыз. Қазір аты есіме түспей тұр, биік жерлерде өсетін бір ағаш болады, олар соған құжынап қонады. Талдың астына бірдеңе төсеп, оны сілкілеп жіберсең, қоңыздар топырлап түседі, тек жылдам жинап алу керек, әйтпесе бытырап, жан-жаққа қашып, ұшып кетеді.

Тағы бір ерекшелігі, оны бұлтты күндері табу қиын. Ал аспан ашық, ауа райы жылы күндері оларды әлгі ағаштан міндетті түрде табуға болады».

Бұл азаматтың сөздерінен түсінгеніміз, қоңыз терушілер бұл жәндіктерді жинап алғасын шығып кетпестей етіп ыдысқа салып қояды екен. Олар сонда серейіп қатып қалады. Сосын жәндіктерді жел қақтырып, күн астында кептіреді де, балалардың қолы жетпейтін, құс тие алмайтын, құмырсқа жоламайтын жерде сақтайды.

«Өйткені ашық жерге қойсаңыз, бұл қоңызды құстар тез тауып алады. Қайдан сезетінін білмедім, тіпті құмырсқалар да үймелей қалып, әп-сәтте жоқ қылады. Сондықтан оны құс, құмырсқа тимейтін жерде сақтау керек», – дейді қоңыз саудалаушы азамат.

Тағы бір білгеніміз, бүгінде кей тәуіптер мұндай қоңызбен адам емдеп жүргенге ұқсайды. Олар оны емделушіге 1000 теңгеден сатады екен. Емдеу курсын 20 күн деп белгілейтін көрінеді. Яғни 10 күн қолданып, 10 күн үзіліс жасайды, сосын емді тағы да 10 күн жалғастырады.

«Мұны сонда емге қалай қолданады?» – деген сұрағымызға әлгі азамат: «Өзім ішіп көрген емеспін. Алдымен мұны таза спиртке салып залалсыздандырып алады, сосын уатып, талқандап, суға немесе сүтке қосып ішеді деп естідім. Күніне бір мәртеден ғана, емделушінің өзіне қолайлы кез келген уақытта ішеді дейді. Бірақ одан кейін жарты сағат бойы ештеңе ішпеу керек екен», – деп жауап берді.

Бұл азамат өзінің қайдан екенін, мұндай жәндіктердің көктемде қай жақта пайда болатынын айтпады. «Жұрттың сөзіне қалғым келмейді», – деді ол.

...Міне, біздің тосын жай деп таңқалып отырғанымыз осы. Бұрын-соңды қоңыз сатып табыс тапқанды кім көрген? Ал расында да дертке шипа болып жатса, мұндай жәндіктерді қолдан өсіріп, тіпті оны көбейтуді жолға қою керек шығар.

Ғалымдарымыз бұған не дейді?

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Unknown 27.02.2017 09:09
Ақбөкеннің мүйізі, ЗИЛ холодильнигі, ескі гантельдер енді қоңыз шықтыма :)))
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру