Ақпарат

Биыл бәріміз де «Темірланды» оқиық

Қаралды: 931

Елімізде 2007-жылдан бері жыл сайын «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп тұратыны белгілі. Оңтүстік өңірінде ол 2014-жылдан бері «Бір өлке – бір кітап» деген атаумен өткізіліп келеді.

Биылғы жылға белгілі жазушы Еркінбек Тұрысовтың «Темірлан» романы таңдалып отыр екен.

«Биыл Еркінбек Тұрысов ағамыз 90 жасқа толады, – дейді  бұл жөнінде 100 жылдық тарихы бар А.Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Шәрбану Дінәсілова. – Осыған орай таяуда «Отырар» кітапханасында ақын-жазушылар бас қосып, Еркінбек ағамыздың «Темірлан» романын таңдауға ұйғарым жасаған. Енді облысымыздың барлық кітапханаларында, мектептерде бұған қатысты көптеген іс-шаралар жүргізілетін болады. Ал күзде қорытынды жасалады.

Біздің кітапханада жазушының кітаптары жеткілікті. Бұрын­ғыларын былай қойғанда, былтырдың өзінде 5 томдық шығармалар жинағының 5 данасын алғанбыз. Еркінбек ағаның кітаптарын оқимын дегендерге есігіміз әрқашан айқара ашық».

Шәрбану Әлмаханбетқызының айтуынша, кейінгі кездері жұртшылық арасында әдеби кітапқа деген қызығушылық артып отыр екен.

«Бізге жастар өте көп келеді. Өткен жылы Қазыбек би көшесі бойындағы бұрынғы тарихи-өлкетану мұражайының ғимаратына көшіп келгенбіз. Жақсылап орналасып алдық, оқырмандарға қажетті жағдайдың бәрін жасап отырмыз», – дейді ол кісі.

Қысқасы, биыл Оңтүстік өңірі «Бір өлке – бір кітап» акциясын Еркінбек Тұрысовтың «Темірлан» романын оқумен, жазушының шығармаларын насихаттаумен өткізбек. Іске сәт дейміз.

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру