Ақпарат

Музейдің де өз мұңы бар

Қаралды: 1181

Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында біраздан бері директордың міндетін атқарушы болып Гүлмира Серікбаева отырғаны белгілі. 

Музейдің бүгінгі жағдайы мен соңғы кездегі жаңа­лық­тарын білу үшін біз кешегі аптада Г.Серік­баеваға хабарласқан едік. Ол кісіден мынадай жайттарды білдік.

«Мен мұнда өткен жылдың басында директордың орынбасары қызметіне келгенмін, – дейді Г.Серікбаева. – Ең бірінші қолға алған жұмысым «репрессия кезінде атылғандар саны 2500-ге жуық», «2500 шамасында» деп болжам­мен айтылып келе жатқан цифрдың нақтылығын анықтау болды. Осы  тізімді қайдан алуға болатынын ешкім білмейтін болып шықты. Елбасы 1997-жыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялағанда сол кездегі облыс әкімі Халық Абдуллаевтың қолдауымен ҰҚК-нің тізімімен «Азалы кітап» деген кітап шыққан екен, сол кітаптан алғандарын айтты. Сол кітаптағы тізімді санағанымызда 2124 адамның аты шықты. Сосын зұлмат жылдардағы репрессия құрбаны болғандардың нақты тізімін білу үшін жан-жақтан сұрастыра бастадым. Облыстық мұражай арқылы Мәскеу­ге сұраулар жолдадым. Соның нәтижесінде бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысынан 5000 адамның жазықсыздан-жазықсыз атылып кеткенін білдім. Оның ішінде  4100 адамның тізімі ғана қолыма тиіп отыр. Бұл цифр да өзгеруі, 5000 емес, тіпті 7000 болуы да әбден мүмкін. Себебі репрессия сонау 1922-жылдан басталып, атыл­ғандар саны 1930-жылдары көбейе түскен. Ал 1936–1937-жылдары кәдімгідей науқанға айналған.

Ал, жалпы, 15 жылдан бері мұнда бірде-бір өзгеріс, жаңартулар болмаған. Сол алғаш рет ашылған кезде қандай болса, сол қалпында әлі тұр. Музейдегі экспозициялық зал ашыл­ғалы бері өзгермеген. Ал өзгермеген, жаңармаған музейді кім келіп тамашалай береді? Мысалы, экспозиция бұрышында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан деген куәлігі жоқ кейбіреулердің суреті ілулі тұр. Ал шын мәнінде оқиғаның бел ортасында жүріп, жазықсыз түрмеге жабыл­ған адамдар сыртта жүр. Экспозиция залын жаңалауға мемлекеттен арнайы қаржы бөлінбейді. Сондықтан мен өткен жылдың соңында желтоқсаншыларды шақырып, ішінде кәсіпкерлері бар екен, осы экспозиция залын жаңартуға демеуші болуға шақырып, ұсыныс білдіргенмін».   

Г.Серікбаеваның мұражай жұмысына қатысты жоспарлары мол екен. Ол кісі жоспарлары мен ұсыныстарын жыл басында облыстық мәдениет бас­қармасына өткізіп қойғанын айтады.

«Менің жоспарымда биыл Нәзір Төреқұловтың 125 жылдығын, «Алаш» партиясының 100 жылдығын, репрессияға 80 жыл толуын біріктіре отырып, жыр мүшәйрасын өткізу, жас суретшілер мен кәсіби фотосуретшілерге байқау жариялау бар еді. Алайда басқарманың жылдың басынан бері  бітпейтін директорлыққа конкурс жариялау-жарияламау деген мәселенің төңірегінде бастары қатқаны соншалық, ұсыныстар мен жоспарларды қарап, бекітіп беруге уақыттары болмай отырғаны өкінішті. Себебі аталған байқаулардың мерзімінде өткізілуіне уақытты кешіктіріп алып жатырмыз. Директордың міндетін атқарушы ғана болып отырғандықтан жоспарларымды жүзеге асыра алмаудамын. Бұдан бөлек, мен қазір Ұлттық мұражайға өтіп кеткен Нәзір Төреқұловтың өз қолымен салған он суретін қайтарып алу барысында жұмыс істеп жатырмын. Аталмыш музейде онсыз да жәді­гер заттар өте аз», – дейді ол кісі.

Бүгінде аталған мұражайға кіру ақылы болып тұр екен. Себебі міндеттелген 1 миллион 500 мың теңге ақылы қызмет жоспарын орындауы керек. Осы тапсырманы орындау үшін әр айда 150 мың теңге кіріс кіргізулері қажет екен. Мұражай бұл тапсырманы билет құнымен, көшпелі көрме, лекциялар өткізу арқылы орындауға әрекет жасап жүр. Осылайша, бүгінде аталған мұражайға кіру ақысы балалар үшін 80 теңге, студенттерге – 100, ересектерге – 200 теңге болып тұр екен.

...Гүлмира Серікбаеваның әңгімесінен білгеніміздей мұражайда осындай жаңа­лықтар мен өзгерістер болып жатыр екен. Ендеше, жолыңыз түссе, мұра­жайға барып, рухани нәр алып қайтыңыз, оқырман!

Г. ӘШІРБЕКОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру