Ақпарат

«Диспорт» деген дәріге қолдары жетпей отыр

Қаралды: 706

Қазіргі қымбатшылық кімге де болса оңай тимей тұр. Әсіресе басында баспанасы, тұрақты жұмысы жоқ жандарға тіпті де қиын. 

Оның үстіне бауыр еті – баласы дертті болса, ол адамның тиісті мекемелерге жәутеңдеумен күн кешетіні белгілі.

Шымкенттік Назым Төлеуішова есімді жас ананың да басынан бүгінде дәл осындай жайлар өтіп жатыр екен. Үйелмелі-сүйелмелі үш баласының үлкені Мағжанның жасы қазір 7-де, ол бала кезінен мүгедек, өздігінен жүріп-тұра алмайды, тамақ та іше алмайды. Н.Төлеуішова кешегі аптада редакциямызға келіп, өздерінің осындай ауыр халі жөнінде айтып берді.

«Бір көмектеріңіз тие ме деп сіздерге арнайы келіп отырмын, – дейді Н.Төлеуішова. – Газеттеріңізде біз туралы жазыңыздаршы. Мүмкін мейірімі түскен біреулер қол ұшын беріп қалар. Бізге ақшалай көмек керек.

Балама 4 айлығында «ДЦП» деген диагноз қойылған. 6 айлығында балалар ауруханасына жатқызып емдеді. Ба­лам 11 айлығында дене қызуы кө­теріліп қатты ауырып, ауруханаға жатты, бірақ дәрігерлердің ісіне көңіліміз толмай, оны ол жерден шығарып алдық. Сол кезде баланың ауыру тарихына диагнозын дұрыс­тап та көрсетпепті, кейін мүгедектігіне қатысты құжат жасатарда осыған бола әбден әуреге түс­тік.

Мағжан 2013-жылдан бері қаладағы №6 балалар емханасында тіркеуде тұр. Өткен жылғы қараша айында Алматыдағы «Ақсай» балалар ауруханасына апарып көрсеттік. Оған да облыс әкімдігіне шағымданып жүріп қол жеткіздік, сол кездегі әкім орынбасары Сапарбек Тұяқбаев тапсырма бергесін жіберді.

Сол «Ақсайдағы» емнен баламыздың жағдайы біршама түзеліп қалды. Қайталап емделіп тұрса бұдан да жақсы болып кетер ме еді деп те үміттенеміз.

Негізі мұндай балаларға жылына екі мәрте оңалту орталықтарынан ем қабылдауға жолдама беріледі екен. Тиісті орындардан сұрасақ, әзірге жолдама жоқ дегеннен басқа жауап естімейміз. Баланың ем алуы үзілмесе екен дейміз, бірақ оған жағдай жасалмай отыр. Дәрігердің тағайындауымен әзірге оған массаж жасатып жүрміз, парафин қой­ғыздық.

Таяуда бізді невропатолог «Асар» шағынауданындағы емханаға жіберді. Ол жерге Ресейден бір профессор келген екен. «ДЦП»-мен ауыратын балаларға «Диспорт» деген дәрі егеді дейді. Содан біраз балалар аяғынан тұрып, жүріп кетіпті. Біз осыған дейін бұдан бейхабар болып келдік. Осыны біле тұра айтпаған дәрігерлерге деген ренішіміз көп.

Әлгі дәрінің бір ампуласын ашып, алдын-ала дайындалған 10 балаға салатынын естідік. Сол жерде біреу маған балама 1 ампуласын сатып алып салдырсам, пайдасы тиюі әбден мүмкін екенін айтты. Өйткені Мағжанымның ақыл-есі бүтін, айтқан сөзді түсінеді, қимыл-қозғалысқа әрекет жасайды, тек денесін дұрыс басқара алмайды. Ол тек жиі тынышсызданады, тұтығып сөйлейді, өздігінен тамақ іше алмайды.

Әлгі профессордың Шымкентке енді екі айдан кейін келетінін естідім. Мен Мағжанды соған көрсетіп, емдеткізсем деймін. «Диспорт» өте қымбат тұрады екен, бірақ нақты бағасы туралы әзірге біле алмай отырмын. Бізге сол дәріні сатып алуға жәрдемдесетін жаны жомарт адам керек. Сәтін салып, өмір бойы баламды аяғынан тұрғызып алсам, жәрдем берген адамның тілеуін тілеп өтер едім».

...Редакциямызға арнайы келген Назым Төлеуішова осылай дейді. Бұл үйдің отағасы Мұхаммедәли Өстеміров бала-шағасының нәпақасын базардан жүк тиеуші болып тауып жүр, ал өздері  қалада пәтер жалдап тұрады екен.

«Тұрмысы төмен отбасы ретінде қазір пәтер кезегінде тұрмыз, – дейді Н.Төлеуішова. – Бүгінде 6833-ші кезекте екенбіз. Ол да баяу жылжуда, баспанаға қашан қолымыз жетері белгісіз. Бүгінде бізді ұлымның жағдайы да қатты алаңдатуда. Бізге жанашыр адам­дардың жәрдемі керек. Көмектесіңіздерші!»

...Баласының жағдайынан алаңдаулы ана осылай деп көзіне жас алып қалды. Бауыр еті – баласы үшін шы­рылдаған ананың жайын түсініп, қол ұшын созатын адам көпшілік арасынан шығып қалар деген үміттеміз.

Қандай да бір жәрдем көрсетемін деушілер болса, Назым Төлеуішовамен 8-702-490-85-95 нөмірлі телефон арқылы байланыса алады.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Unknown 02.03.2017 06:20
Диспорт - деген бетке арналған ботоксқой (сенбеснңіздер гуглдан сұраңыздар). Оның ДЦП-ға қандай оң əсері бар?
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру