Ақпарат

Арық суын ішкен ауылдың жағдайы алаңдатады

Қаралды: 525

Елбасы өзінің жыл сайынғы Жолдауында халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуды ерекше назарға алып келеді. Бірақ әлі күнге дейін арықтың суын ішіп отырған ауылдар бар.

Қазығұрт ауданына қарасты Қызылсеңгір ауылының тұрғандарын тек ауыз су ғана емес, сонымен бірге жол, жарық және табиғи газ мәселесі де толғандырады. Елге есеп бергенде жерден жұмақ орнатқандай аузын толтырып сөйлейтін әкімдердің уәдесіне әбден тойған тұрғындар қайда барып шағым айтарын білмей отыр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұнда ауыз су мәселесі өте күрделі. Арықтағы ит сарып кететін суды ішіп отырған тұрғындардың мұң-зарын әзірге тыңдайтын ешкім болмай тұр.

«Газалкент» деген арық бар, – дейді ауыл тұрғыны Асен Якубов. – Жоғарыдан ағып келеді. Ауыл тұрғындары сол суды күнделікті ас-ауқатына пайдаланады. Ол ашық жатқандықтан мал да, адам да содан ішеді. Бізге арықтың суын ішпеңдер дейді. Одан басқа су болмаса біз не ішуіміз керек?»

Бес мыңға жуық тұрғыны бар ауылдық округтің кейбір көшелеріне көлік кіре алмайтындықтан тұрғындар керек-жарағын есекпен тасып алуға мәжбүр. Жолдың батпағынан оқушылардың аяқ киімі де тез тозады. Көпбалалы ана Нәсіп Қожанова бар тапқаны балалардың аяқ киіміне кететінін айтып, мұң шақты.

«Көшеміз батпақ болғандықтан таксистер үйге дейін бармайды. Азық-түлікті есекпен тасып аламыз. Балалардың аяқ киімі де тез тозады. Мектептен аяғы су болып келеді», – дейді ол.

Біз бұл мәселенің анық-қанығын әкімнен сұрауды жөн көрдік. Ауыл орталығындағы ашық алаңқайда өткен жиынға келген ауыл әкімі Омар Өтебаев жұртты сабырлы, шыдамды болуға шақырудан арыға бара алмады.

«Бәрі шешілген, бәрі жақсы. Бұл елдің халқы керемет. Қаржы... менің қолымнан келмейтін нәрсе. Халық болған соң бәрі керек, ауыз су, жол, газ...»

Бұл – Қызылқия ауыл округі әкімінің сөзі. Сұрастыра жүріп білгеніміз, ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазынадан қыруар қаржы бөлінген. «Таза су» МКК директоры Сейітқали Сапаралиевтің сөзіне сенсек, ауыл халқы арықтың суын тағы екі жыл ас-ауқатына пайдаланып, амалдай тұруы керек.

«Қызылқия ауылдық округіндегі Қызылсеңгір, Тұғыртас елді мекендерінде 2014 – 2015-жылдары жерасты суы қорын анықтап, қорытындысы алынды, – дейді директор. – 2016-жылы облыстық бюджеттен 9 миллион 707 мың теңге қаражат бөлініп, жобалау жұмыстары жүргізілді. Құдай қаласа, осы 2017-жылы жұмыстар басталады».

Тек сметалық құжаттарын реттеу үшін 10 миллионға жуық ақшаның «басын жұтқан» мәселенің мәнісін арнайы мамандар болмаса, былайғы ел біле бермейді. Ауыл маңынан су шығару үшін жасалған жұмыстың нышаны білінбегендіктен мемлекеттің қазынасынан бөлінген қыруар қаржының қайда жұмсалғанын қайта тексеру керек сияқты.

А. ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру