Ақпарат

Үш балалы жас ана қайыр сұрауға мәжбүр

Қаралды: 735

Таяуда көшеде қайыр сұрап отырған қазақ келіншекті көрдім. Жанында балалары бар. 

Үстіндегі киімдері таза, аяқ-қолы сау, жұмыс істеуге қауқары жететін жан мұндай күйге қалай түсті екен деп ойладым. Сосын жанына барып, жөн сұрадым.

Бұл әйелдің аты-жөні Ұлжалғас Әбдіқайымова екен. Өзі осы Шымкентте туып-өсіпті. Жасы қазір 28-де екенін білдім.

«Отбасында төрт қыз өскен едік, – дейді ол. – Анамыз осыдан үш жыл бұрын қайтыс болған. Ал әкем бізді кішкентай кезімізде тастап кетіпті. Анам бізді бір өзі тәрбиелеп өсірді.

Мен Шығыс Қазақстандағы Зайсан деген жерге тұрмысқа шыққанмын. Қазір үш баланың анасымын, кішкентай қызым 1 жаста. Жолдасымның мінезі өте нашар еді, күнде ішіп келіп мені таяқтың астына алатын. Құрылыста жұмыс істейтін, әйтеуір табыс тауып, отбасын асырап жүр еді. Осыдан үш ай бұрын біреулердің жаласымен 8 жылға сотталып кетті.

Бүгінде үш баламмен қалада пәтер жалдап тұрамыз. Қазір пәтер ақысына екі айға қарызым бар, коммуналдық қызмет ақысын бөлек төлейтін едік, оған да қарыз болып отырмын. Үйімізде жылу жоқ, табыс болмағасын амалсыз осылай қайыр сұрауға шықтым.

Балаларым жиі ауырып қалады, менің оларға дәрі алатын да жағдайым жоқ. Оларға тамақ керек, киім керек. Өзім жұмыс істейін десем балаларым әлі кішкентай, оларға қарайтын да ешкімім жоқ. Оның үстіне денсаулығым нашар, жүрегім ауырады. Әрекеттеніп жұмыс іздестірген едім, таппадым.

Қазір үйде мүлде азық қалмады, сосын амал жоқ, осылай көшеге қайыршы болып шығуыма  тура келді.  Күнделікті тапқаным азық-түлікке кетеді.

Кіші қызымды босанып жатқанымда жолдасым маған айтпай несие алған екен, ол да мойнымызда тұр.

Қайыршы болып жүргеніме қатты ұяламын. «Он екі мүшең сау, қайыр сұрауға ұялмайсың ба?» – деп мысқылдап, тілдеп кететіндер аз емес. Бірақ басқа амалым болмаса қайтейін енді?..»

Ұлжалғас осылай деп жылап қалды. Оған жанымыз ашып кетті. Көмектескіміз келді, сосын бұл жөнінде газетке жазуды шештік.

Ұ.Әбдіқайымованың үлкен баласы биыл мектепке баратын жаста екен. Бірақ Ұлжалғас пәтерден пәтерге көшіп жүріп оның құжаттарын жоғалтып алыпты. Енді соны қалай туралатудың да жолын таппай жүргенін айтады. Қазіргі ауыр жағдайы туралы газетке мақала беруімізді өтінді. «Мейірімі түскен біреулер көмек қолын созар деген үміттемін», – дейді ол.

Қысқасы, Ұлжалғас Әбдіқайымоваға жанашыр адамдардың көмегі керек. Қандай да бір жәрдем жасаймын дейтіндер болса, онымен 8-778-181-04-52 нөмірлі телефон арқылы байланыса алады.

Р.ШАЛҒЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру