«Ала таяқты» құртқан адамдардың атасына мың алғыс!

17.02.2017
Қаралды: 901

«Ала таяқ» деген сөзді білмейтін қазақ жоқ. «Ала таяқ» десе жұрттың жүрегі зырқ ете қалатыны рас. Әсіресе рульде отыратындар. Себебі бәріне де түсінікті...

Сол «ала таяқтан» халық әбден зәрезап болып еді. Нақтырақ айтқанда, «ала таяқ» ұстаған ағайындардан! Тасада тығылып тұрып, таяғын шошаң еткізіп алдыңнан атып шыға келгенде «Атаңа нәлет-ай!» деген сөзді қалай айтып қойғаныңды өзің де аңдамай қалушы едің. Өйткені ондай кезде ешкім де оңайлықпен құтыла алмайтын...

Енді, міне, сол «ала таяқ» жоқ. Оны жоғарыдағылар бір-ақ күнде алдырды да тастады. Яғни биылдан бастап құртып жіберді.

Айтпағымыз, соны құрту жөнінде бастама көтерген, ұсыныс айтқан адамдардың атасына мың алғыс! Бір жақсы адамдар осы идеяны өмірге ендірді ғой, ештеңеге жалтақтамай, батыл түрде «төңкеріс» жасады ғой! Міне, нағыз азаматтық!

Шынын айтқанда, бұл жаңалық күллі жүргізушілер қауымының көңілінен шыққан оқиға болды. Машина айдайтындардың бәрінің де жандары кіріп қалды. Бұрын кез келген жерде жөн-жосықсыз «ала таяқ» көтеріп, тоқтата салып, базардағыдай саудаласуға кірісетін ағайындар халықтың әбден ашу-ызасына тиетін еді. Қазір ол жағдай бұрынғымен салыстыр­ғанда саябырсыды. Енді ол ұзағынан сүйіндіргей дейміз.

Әйтсе де осы орайда тағы бір келеңсіздік туралы айтпай кете алмаймыз. Ол – «ЖПП» машиналарының қала ішінде әлі де болса өте көп екендігі. Әсіресе олар бір жақтама көше қозғалысы бар қуыс-қуыстарда, «кірпіш» белгісі қойылған жолдардың бойында қоңыздай өріп жүреді. Балық аулаған қармақшылар сияқты таса жерлерде машиналарымен тығылып, аңдып тұруды азайтқан жоқ.

Ендігі жерде дәл сондайларға тиым болса дейді жұрт. Онсыз да жүргізушілер бүгінде бей-берекет тәртіп бұзбайтын болған. Көп жерлерде бақылау камерасы бар екенін жақсы біледі. Қазір халық тәртіпке мойынсұнған.

Сондықтан онсыз да қорқаққа айналған жүргізушілерді зар илетіп, қан қақсата бергенді қою керек. Айналып келгенде, бір қазақ бір қазақты қинап, қалтасын қағу біржола тоқтаса екен!

Бұл тұрғыдағы ресми айыппұл мөлшері де өте көп екені белгілі. Қазір сондай айыппұлдар мөлшерін азайту жөнінде мәселе қозғалып жатқаны да өте орынды болған. Біз де оны қолдаймыз!

Сосын, адамдарды ұсақ-түйек кемшілік үшін бас салып жазалап, үлкен айыппұлдар салмай-ақ, жай ғана ескерту түріндегі шараларды көптеп белгілесе, дені сау адамның өзі де заңнан аяқ тартар еді ғой.

«Көшеде темекі шектің» деп, «пісте шақтың» деп, ұстап алып, ойбайлатып айыппұл салып, сосын олардың банктегі есепшоттарын жауып тастап, өз халқын әуре-сарсаңға түсіру, жүйкесін жұқарту жақсы нәрсе емес қой!

Өз адамдарымызды қорғайық, қорламайық! Халықтан қарғыс алмайық, алғыс алайық! Елдің еңсесін езе бермейік, қайта мұң-зарын ескеріп отырайық!

Билік басында отырғандарға осыны айтқымыз келеді. Ал «ала таяқты» арамыздан аластағандарыңыз үшін тағы да аталарыңызға мың алғыс!

Н.БАҚТИЯР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!