Ақпарат

«Асқар тау» және Түркіменстан

Қаралды: 868

Кешегі аптада Түркіменстанда кезекті Президент сайлауы аяқталды. Сайлауға елді 2006-жылдан бері басқарып келе жатқан 

Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовпен бірге 3 саяси партия үміткері және 5 бастамашыл топ өкілдері түскен болатын. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, Қ.Бердімұхамедовке сайлаушылардың 97,69 пайызы дауыс берді.

7 жыл мерзімге сайланды

Сонымен, Ғұрбанғұлы Бердімұхамедов (қазақшалап жазғанда Құрбанқұл) Түркіменстанды 2024-жылға дейін бас­қаруға мүмкіндік алды. Бұл елдің Конституциясы бойынша Президенттік мерзім 5 жылмен шектелетін еді, өткен жылғы қыркүйек айында Конституцияға толықтырулар ендіріліп, ол 7 жылға ұзартылды. Сондай-ақ «Президент сайлауына түсетін үміткердің жасы 70-тен аспауы тиіс» деген шектеу де Конституциядан алынып тасталды.

Ал Ғұрбанғұлы Бердімұхамедовтің жасы алдағы маусым айында 60-қа толады. Ол кісінің 1 ұл, 3 қызы, олардан туған 4 немересі бар. Ұлы Сердар Ресейде білім алған, кезінде елдің Көмірсутегі ресурстарын реттеу және пайдалану жөніндегі агенттігінде, Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқарған. Ол 2016-жылдың қараша айында Парламент депутаты болып сайланды. Кейбір саясаттанушылардың пікірінше, Ғ.Бердімұхамедов Сердарды тақ мұрагерлігіне дайындап жүргенге ұқсайды.

Енді бір саясаттанушылардың есебінше, Ғ.Бердімұхамедов таққа Сердардан туған немересі Керімғұлыны отырғызбақ ниетте. Оны соңғы бес-алты жылдан бері ресми іс-шаралар­ға жиі ертіп шығатын болған, мемлекеттік істерге баулуда. Ал Керімғұлының жасы биыл 17-ге толмақ.

Қ.Бердімұхамедовтің әке-шешесі  – Мәлікғұлы мен Огулабат қазір өмірде бар, олар да өткен сайлауға қатысты, немерелерімен бірге жұрт қатарлы дауыс берді.

Түркімендер Президенттеріне «Ар­қадағ» («Асқар тау») деген атақ берген, бұдан бөлек, «Бас атбегі» және тағы басқа да толып жатқан атақтары бар. Оған ел астанасы Ашхабадта алтынмен аптап, алып ескерткіш орнатқан. Бұл мүсінде ол түркімендердің ұлттық мақтанышы – ақалтеке сәйгүлігінің үстінде отыр.

Түркімендер жылқыны арулап жерлейді

Ақалтеке демекші, түркімендердің бір ерекшелігі, олар жылқы етін азыққа тұтынбайды, жылқыны кие тұтады. Өмірге келген әрбір құлынға ат қояды, оның атын шежіре кітабына енгізіп, құжаттастырады. Ал өлген атты арулап көмеді. Тіпті 2015-жылы Президент Жарлығымен оларды арнайы бөлінген жерге көметін тәртіп ендірілген.

Салмағы 1 тоннадан асатын кілем тоқыған

Ақыры сөз қозғалғасын айта кетейік, бұл елдің қолдан тоқылған кілемдері де мемлекет мақтанышы саналады. Кілем тоқымашылары әлемде алдына жан салмайды. Түркіменстанда 2001-жылы қолдан аумағы 300 шаршы метрлік, салмағы 1 тонна 200 кило тартатын дүние жүзіндегі ең алып кілем тоқылған. Бұл оқиға Гиннестің рекордтар кітабына ендірілген. (Аталған кітапқа сондай-ақ белсенді өмір салтын ұстанатын, спорттың бірнеше түрімен айналысатын, ән шығарып, кітаптар жазатын Президенттің «Алға, алға, тек қана алға, менің сүйікті Отаным – Түркіменстан!» деп аталатын шығармасы да енгізілген).

Түркімендер сондай-ақ Алабай тұқымды төбетті де өз елдерінің ұлттық мақтанышы санайды. Мұндай иттер бүгінде әлемде өткізілетін ит төбелестерінде қарсылас шақ келтірмей жүр.

Ол жақта көп нәрсе тегін екен

Түркіменстан зерттелген табиғи газ қоры жөнінен ТМД елдері бойынша Ресейден кейінгі 2-ші орында тұр, ал әлемде Иран, Катар және Ресейден кейінгі 4-ші орынды иеленеді.

Түркіменстанда «Тозақ қақпасы» деп аталатын жер бар. Онда сонау 1971-жылдан бері жер астынан шыққан газ гүрілдей жанып тұр. Яғни сол жылы жер қабатын бұрғылау кезінде 60 метрді қамтитын аумақ опырылып түсіп, 20 метр тереңдіктен атқылап газ шыққан. Сол газ әлі де жанып жатыр.

Түркіменстанда 1993-жылдан бастап халық тұтынатын газ, жарық, су, үй телефоны, тұз, балалар лагерь­леріне жолдама тегін. Көлігі барларға 1 айға 120 литр бензин тегін беріледі. Мемлекеттік қызметтегілер пәтер сатып алар болса, оның жарты құны мемлекет есебінен төленеді.

Дегенмен соңғы екі-үш жылда мұндай жеңілдіктер азаюда. Ел Прези­денті өткен жылғы бір жиында халыққа жасалған мұндай жеңілдіктердің «нарықтық экономикаға кірігуге кесірі тиіп әрі мемлекет қазынасына қыруар шығын әкеліп жатқанын, сондықтан бұл тәртіпті өзгерту керектігін» айтқан көрінеді.

Негізінен бұған түркімен газына сұраныстың біршама төмендеуі себеп болып отыр. Өйткені Түркіменстан кейбір келісе алмаушылықтарға байланысты кейінгі жылдары Ресей мен Иранға газ беруді тоқтатты. Ал Еуроодақпен бұған қатысты келісімдері нәтиже бермей тұр, өйткені ол Түркіменстанды диктатор билеген, адам құқығы сақталмайтын, азаматтарын саяси қуғын-сүргінге ұшырататын ел санайды. Кей сарапшылардың пікірінше, түркімен газына сұраныстың азаюы бұл елдің экономикасына кері әсерін тигізеді.

Түркімен газын қазір тек Қытай ғана тұтынып отыр. Бұл елден Қытайға бірнеше бағытпен алып газ құбырлары тартылған. Солардың бірі Өзбекстан арқылы келіп, Қытайға Қазақстаннан өтеді. Кей деректерге қарағанда, өткен жылы Түркіменстан Қытайға 30 миллиард текше метрге дейін газ жіберген. Ал 2006 – 2036-жылдар аралығында тұрақты түрде жылына 30 миллиард текше метр жіберіп тұруды міндетіне алған екен.

...Түркіменстанда бүгінде 5 миллион 500 мыңдай адам тұрады, халықтың 80 пайыз шамасын жергілікті ұлт өкілдері құрайды. Ал әлем бойынша 9 миллиондай түркімен бар екен.

Дайындаған – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру