Телеарналарға түбегейлі өзгеріс қажет

14.02.2017
Қаралды: 941

«Замананың» биылғы 3-ші нөміріндегі Жұмаш Көкбөрінің «Қазақты қаптаған аздырушылардан кім құтқарады?» деген тақырыппен жарияланған мақаласы маған көп ой салды. 

Ол өте орынды айтып отыр. Қазір қай телеарнаны қоссаң да «жұлдыздар» қаптап кеткен сияқты, расында да Жұмаш айтқандай, жүрегің айниды. Біреулердің өмірі бітпейтін ән кеші, ылғи әзіл-оспақ театрларының көрсетілімдері, тау­сылмайтын мазақ, сынап-мінеу көп. Әр он минут сайын жарнама көрсетіліп, косметика, памперс, бұттартқыштар, жиһаздар, дәрілер, тағы басқалар мақталып жатады. Жарнамалар кейде жаңалықтардың арасын үзіп те беріледі. Тіпті кейде теледидардан не көріп отырғаныңды ұмытып та қаласың.

Телеарналарымыздан бір-екі отбасының өмір-тіршілігін сипаттайтын, ұшы-қиыры жоқ үнді мен түріктің телесериалдары көп берілетін болды. Жиі көрсетілетін басқа ел киноларында да үнемі атыс-шабыс, кісі өлтіру, тонау, ұрлық, зорлық-зомбылық жүреді. Ал олар жастарымызға теріс тәрбие беріп, оларды қатыгездікке, мейірімсіздікке баулып жатыр десек, қателеспейміз. Өйткені жас баланың көңілі еліктеуге бейім, көргенін істеуге ұмтылады емес пе?

Қысқасы, телеарналарда ондай зұлымдықтарды насихаттайтын киноларға, хабарларға тиым салатын уақыт жетті. Телеарналарды ұлтқа кесірі тиетін жаман, жат нәрселерден тазартқан дұрыс.

Кино деген адамды адамгершілікке баулуы керек қой. Ұзаққа созылмайтын, адам­гершілікке бағытталған кинолар адамды жақсы тынықтырады.

Бүгінде өз еліміздің де жақсы кинолары шығып жатыр. Мысалы, өз басым «Ғашық жүрек», «Жібек», «Ән – аға», «Өгей жүрек», «Қарлығаш», «Шалғайдағы оқиға», «Тракторшының махаббаты» деген фильмдерді қызыға тамашаладым.

Қысқасы, телеарналарымызда мән-мағынасы жоғары, адамды адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейтін өзіміздің фильмдер, түрлі бағдарламалар жүрсе екен деймін. Олардың адам тәрбиесіне, әсіресе жастар тәрбиесіне мол ықпалы тиіп, мәдениетіміздің өсуіне қызмет етері сөзсіз.

Ж. ТӨЛЕУІШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ