Үш жігіт бір рота солдатты қазақша сөйлеткен екен

14.02.2017
Қаралды: 1093

Таяуда Серік Өтемұратов есімді азаматпен (суретте) кездейсоқ танысып қалдық. Шымкентте такси жүргізушісі болып істейтін Секең әңгімешіл жан екен, 

бізге біраз қызық жайлар туралы айтып берді. Соның ішінде бізді үш қазақ жігітінің сонау Балтық бойында әскери қызметте жүріп қаруластарын қазақша сөйлеуге үйреткені қатты қызықтырды.

Секеңдер бұрын Өзбекстанның Бұхара облысындағы Кенимех ауданында тұрған екен.

«Бұрын Бұхара жақта қазақтар көп болатын, – дейді ол кісі. – Біздің аудан орталығы Кенимехтің өзінде екі қазақ мектебі бар еді. Мен мектептен соң Бұхарадағы  сауда техникумын бітірдім. Кейін түрлі салаларда еңбек еттім.

Бұхара облысында Газли деген қала бар. Сол жақтан геологтар мол газ кенін ашқан. Алғаш болып газды анықтаған Ли деген кәріс әйел екен, қаланың аты сондықтан Газли деп аталыпты. 1976-жылы 9 балдық жер сілкінісі болып, сол қала қирап қалды. Оны қалпына келтіруге КСРО-ның барлық аумақтарынан адамдар атсалысты.

Менің анам Қазынаның Күлмаш деген әпкесі сол Газлиде тұратын. 1977-жылы анам мені әпкесінің хал-жағдайын біліп келуге жіберді. Бұхарадан автобусқа отырғанмын, Газлиге дейін 120 шақырым болады екен. Жолдан автобусқа бір әжей мінді, орнымды сол кісіге бердім. Біраз уақыт өткесін аяғым тала бастады. «Туһ, аяғым ауырып кетті ғой», – деп айтып қалған едім, артқы жақтан біреудің: «Бауырым, анау менің рюкзагымның үстіне жайғасып алсайшы», – деген даусы шықты. Бұрылып қарасам, шашы иығынан төмен жалбыраған бір қызылшақа өңді, ірі денелі жігіт отыр. Ұлты орыс болар деп ойлағанмын. Жанашырлық көрсеткеніне риза болып, рюкзак үстіне орналасып алған соң оған: «Қазақстаннансың ба?», «Қазақшаға судай екенсің, қазақ тілін қалай үйрендің?» деген сияқты сұрақтарды жаудырып жатырмын. Сөйтсем, сол кездері жасы шамамен 25-тердегі ол эстон жігіті екен. Газлиді қалпына келтіруге жіберілгендермен бірге Эстониядан келе жатқанын айтты. «Қазақ тілін әскерде жүргенде үйрендім», – дегеніне қарап Қазақстанда қызмет еткен немесе әскерде қазағы көп ортаға түскен болар деп ойлағанмын. Ал шындығында мүлде олай емес екен. Ол Балтық бойы республикаларының біріндегі қалада қызмет еткенін айтты, бірақ сол қаланың аты қазір есімде жоқ.

«Біздің ротада ылғи эстон, латыш, литван ұлтының өкілдері болдық. Арамызда Қазақстанның Қызылорда облысынан үш қазақ жігіт болған. Өздері батыл, өжет жандар еді, ұрдажықтау болатын, бәрімізге айтқанын істететін. Солар бәрімізді қазақша сөйлеуге үйреткен. Содан пайда көрмесем, зиян шегіп жүрген жоқпын», – деп күлді әлгі жігіт.

Содан бері де, міне, қырық жылдай уақыт өтіпті. Осы әңгіме менің үнемі есіме түседі. Сол жігіттер қазір қайда екен, бір көріп, сұхбаттассам ғой деп те ойлаймын кейде».

Иә, Секеңнің мына әңгімесі кімді де болса ойға қалдырары сөз­сіз-ау.

Автордың байланыс телефоны – 8-702-429-14-27.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!