Ақпарат

Газетке зорлап жаздыртқаны үшін қылмыстық іс қозғалды

Қаралды: 993

Газеттерге мәжбүрлеп жаздырудың заңсыз әрекет екені дәлелдене бастады. Күзде мектеп мұғалімдерінің айтуымен бұл тақырыпты бірнеше мәрте бұқаралық ақпарат құралдарында көтерген едік. 

Құқық қорғау органдарына да хабар жеткіздік. Солардың арасында біздің ұсынысымызды қолдаған – Мемлекеттік қызмет және сыбайластық жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік басшылары. Бүгінгі келген ақпарат бойынша мәселе қолға алынып, аймақтарда арнайы шаралар өткізілді. 

Мысалы, Теміртау қаласында білім бөлімінің басшыларына ұстаздардан мәжбүрлеу арқылы 600 мың теңге жинағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. 

Әрине, бұл үлкен қылмыс емес, несіне шулатады, бұрыннан бері үйреншікті жағдай ғой деп айтатындар табылады. Бірақ ол – қате түсінік. Айлығы онсыз да төмен ұстаздарға 3 – 5 басылымға 10 мың теңгеге дейін төлеу аз ақша емес.

Екінші жағы – қоғамдағы сыбайлас жемқорлық осындай «кішкентай» көлемнен басталады, ет үйренеді, жеңіл қабылданады. Айналып келіп үлкен қылмысқа апарады.  Ал заңсыздықтың зардабын өзі шеккен мектеп ұстазы балаларға заңды сыйлау, құрметтеуді қалай үйретеді? 

Сол себептен сыбайлас жемқорлықты жоямыз десек, осындай күнделікті көзге көрінетін заңсыздықты тоқтату керек. Сонда қоғамда сенім пайда болады. Ал сенім болғасын одан да басқа қылмыстармен бірге күресуге оңайлау болмақ.

Сол себептен бүкіл ұстаздардың атынан Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттік басшыларына алғысымды айтамын!

Мұрат ӘБЕНОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру