Ақпарат

Тай елінде пілге мініп, демалып жүр

Қаралды: 928

Біздің газетіміздің тұрақты оқырманы әрі жанашыры Жұмаш ханымның бүгінде Тайландта демалып жүргенін кездейсоқ естіп қалдық. 

Бұл жөнінде ол кісінің өз аузынан білмек болған әрекетіміз де сәтті болды. Байланысамын деген адамға қазір мүмкіндік көп емес пе, біз Жұмаш ханыммен «Уатсап» жүйесі арқылы тілдестік.

Біз жақта қақаған суық болып, алай-дүлей боран соғып, жолдар жабылып тұрған кезде ол кісілер Тайландқа аттанып кеткен екен. Барса, ол жақта ауа райы 40-45 градус ыстық дейді. Ал судың температурасы 27-30 градус жылы екен. Елдің бәрі суға түсіп шомылып, күнге қыздырынып, рахаттанып жүрген көрінеді.

Жұмаш ханым өзі сыйласатын бір абысынымен бірге ойламаған жерден, бір-екі күннің ішінде жолға шығып кетіпті. Алматыдан Тайландқа дейін екі орта тікелей ұшақпен алты жарым сағаттық жол екен. Олар үшін ең жақсы деген қонақ үйге 10 күнге жолдама құны 1250 долларға түсіпті. Бұл бағаға таңертеңгілік ас кіреді екен. «Швед столы» мәзіріндегі тамақ молшылық көрінеді. Әсіресе экзотикалық жеміс шырындарының түр-түрін қанша ішсе де әркім өзі біледі дейді.

«Біз біле бермейді екенбіз ғой, – дейді Жұмаш ханым, – бұл жаққа «Бархатный сезон» деп аталатын желтоқсан, қаңтар айлары үшін алдын-ала арзан бағалармен жолдамалар көп сатылады екен. Мысалы, «бес жұлдызды» қонақ үйлердің өзіне 10 күнге небәрі 580 доллардан жеңілдікпен жолдамалар болыпты.

Тайланд деген түрлі аралдардан тұратын жер ғой. Біз «Пукет» деген аралға түстік. Бұл ең таза аралға жатады екен. Сулары тұп-тұнық, түбі анық көрінеді. Табиғаты өте тамаша, ауа райы да керемет. Теңіз жағалауындағы толқындар ерекше әсер етеді».

...Осыдан біраз уақыт бұрын, яғни желтоқсан айында Тайландтың 89 жастағы королі қайтыс болғаны белгілі. Тай халқы ол корольді өте жақсы көреді екен. Бұған байланысты ол елде жергілікті халық үшін бір жылға дейін азалы күндер деп жарияланыпты. Барлық жерде ақ пен қара аралас маталар жапсырылып, корольдің суреттері ілініп қойылған көрінеді. Тай елі үшін ойын-сауық құруға тиым салыныпты. Бірақ туристер үшін ондай тиым жоқ екен.

Жергілікті халық негізінен будда дінін ұстанады. Өздерінің сыйынатын жерлерін, түрлі үңгірлерді керемет безендіріп, барынша жағдай жасап қояды. Сосын бұл елде піл жануарын әулие көреді екен. Оны мейлінше қастерлеп, құрмет тұтатын көрінеді. Пілдер 80 жасқа дейін өмір сүріп, ол  өлген кезде кәдімгідей арулап жерлейді екен.

Тай еліне келген туристерге демалыс сыйлайтын нәрселер өте көп көрінеді. Пілге мініп серуендеу, өзен үстінде сал-ағашпен жүзу, кобра-жыландар мен крокодилді қолға үйреткен адамдардың өнерін тамашалау сияқты экзотикалық демалыстар іш пыстырмайды екен.

«Бізге бәрінен де ұнап жатқаны – массаждары, – дейді Жұмаш ханым. – Даланың бәрінде шатырлар тігіп қойған. Сол жерлерде массаждарды түр-түрімен істейді. Тай массажы өте керемет! Ол біздің ақшаға шаққанда үш мың теңге болады. Кактус майымен массаж жасау дегені одан да күшті. Тай елінде ақшаны бат дейді. Жай массажы 300 бат болса, ал кактус майымен істесе 400 бат болады. 100 доллар бұл жақта – 3350 бат. Базарлардағы баға арзан дей алмайсың. Шетелден келетін туристердің есебінен күн көретіндіктен көп нәрсе өте қымбат».

Жұмаш ханымның сөзіне қарағанда, Тайланд аралдарында демалушылардың көпшілігі ресейліктер көрінеді. Олар тай елінде айлап жатып демалып, жаңа жыл мерекесін сол жақта қарсы алуға құмар екен.

Бұлармен бірге барып демалып жүргендердің ішінде алматылық екі отбасы бар көрінеді. Түрлі экскурсиялар ұйымдастырылып, орыс тілді гидтер қызмет көрсететінін білдік. Ал жергілікті халықтың тілін білмегендіктен туристер кейде біраз қиналып қалады екен.

Көше-көшенің бәрінде балық қуырып беретіндер көп болады дейді. Кактус шырыны деген ең пайдалы сусын болып есептеледі екен. Оның бір стаканының бағасы біздің ақшаға шаққанда 600 теңгедей болады.

«Экзотикалық, тропикалық жемістер мұнда өте биік ағаштардың басында өседі екен, – дейді Жұмаш ханым. – Оларды әдетте маймылдардың көмегімен жинайтын көрінеді. Бұл жақта көлемі үлкен банандар жабайы деп саналады екен. Адамдар кішкентай банандарды жейді».

...Иә, айтып отырса, тай еліндегі демалыстың әсері ауызбен айтып жеткізгісіз сияқты. Ол жақтың небір тарихи, көрікті жерлерін көзбен көріп, тамашалап, ерекше әсер алу өз алдына, көргендерден көңілге ой түю, жақсысын үйреніп қайту да үлкен олжа екені даусыз.

Біздің кейіпкеріміз Жұмаш ханымның өзі де Шымкентте халыққа қызмет көрсету саласында өз кәсібін дөңгелетіп отырған адам. Келешекте сәтін салса, ол бұл жақтағы жұмыстарына да сондай жақсы жаңалықтар енгізіп жатса, біздің оған қуана қол соғарымыз анық.

Ауыл арасын шиырлап жүре бермей, алыстарға көз салайық, алға қарай ұмтылайық, ағайын!

Т. НҰРАЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру