Ақпарат

Қажылық жасаушы кісі мақтаншақ болмауы керек

Қаралды: 1032

Алла Тағаланың пенделеріне бұйырған парыздарының бірі – шамасы, жағдайы жетсе қажылыққа бару. 

Дегенмен қазіргі қымбатшылық заманда ол жаққа сапар шегу екінің біріне бұйыра бермейді. Яғни бару үшін көп қаражат керек. Десек те күні кеше Мақта­арал ауданына қарасты «Атамекен» ауылында тұратын ерлі-зайыпты Оразтай Бейімбетұлы мен Ұлбосын Момбекқызы қасиетті Меккеге бірге барып, мұсылмандық парыздарын орындап келді.

Оразтай ағамыз бен Ұлбосын жеңгеміздің шаңырақ көтергеніне биыл 44 жыл болыпты. Небәрі 16-17 жас­тарында бас қосқан жарасымды жұп бүгінде үш ұл, бес қызды тәрбиелеп өсіріп, бәрін үйлі-жайлы еткен. Яғни берекесі мен бірлігі, ынтымағы жарасқан, ауыл-аймаққа сыйлы, үлгілі отбасы деп айтуға толық негіз бар. Таяуда біз ол кісілермен сұхбаттасып, көкейде жүрген сауалдарымызды қойып едік...

– Меккеге қартайған шақта ерлі-зайыпты болып бірге бару көп адамға бұйыра бермейтін бақыт. Сіздер қасиетті сапарда жүріп қандай күйде болдыңыздар?

– Меккеге барып, асыл Пайғамбарымыздың табаны тиген жерді өз көзімізбен көреміз деп бұрындары армандамаған едік. Бертін келе заман өзгерді, барып-қайтудың мүмкіндіктері арта түсті. Тіпті жақын таныстарымыз барып қайтқан кезде де біздің ол жаққа жолымыз түсе қояды деп ойламадық. Бірақ алдымен Алланың, сосын бала-шағамыздың арқасында бес парыздың бірін орындап қайтудың сәті түсті.

Ал енді ол жақтан алған әсерімізді сөзбен жеткізк мүмкін емес. Ол жақта бейбітшілік орнаған екен. Ұрлық-қарлық деген атымен жоқ, тіпті дүкендерінің есігіне көлденең жіп байлап, кететін жағына кете береді. Және оған ешкім де тиіспейді. Мұндайды тек ертегіде болады деуші ек, жер бетінде де сондай таза жердің бар екеніне көз жеткізіп, таңданып қайттық. Ол жақта қандай оқиға орын алса да, сабыр сақтап, «Мұның бәрі тек Алла Тағаланың бұйыртқаны» деп қоя салады.

Қажылық парызды өтеуге барған адамның көптігі сонша, жер бетінде Аллаға құлшылық жасауға ниетті адамдардың көп екендігі көңілге қуаныш сыйлайды екен.  Меккедегі «Әл-Харам» мешітінде миллиондаған адаммен бірге намаз оқу бақытына ие болдық. Алған әсеріміз керемет, айтып жеткізе алмаймыз, оны әркім өзі барып көруі керек. Бәріне қажылыққа баруды Алла нәсіп етсін. 

– Жалпы, қажылық парызды өтеу үшін адам өзін-өзі қалай дайындауы керек? Қандай амалдар жасаған жөн?

– Әуелі ниетің болуы керек, бес уақыт намазды қаза етпей оқып жүруге міндеттісің. Қажылық, не умра жасаушы кісі Аллаға жақындауды ниет етіп, мақтангершілікке, жалған атаққа және көзбояушылыққа жол бермеуі керек. Алған қарыздарын өтеп, қолында аманат заттар болса иесіне қайтарған, не сапарға шығып бара жатқанын ескерткені жөн. Біреулерге қатысты әділетсіздік жасаған болса, оның орнын толтырып, кешірім сұрау керек. Денсау­лығың да жақсы, ұзақ сапарды көтере алатындай мықты болғаны мақұл. Сондай-ақ тірлігіңнің барлығы да жайында, өз орнында болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қажылықтан өзге төрт парызды орындап жүр­ген мұсылман болу міндет­теледі. Бала-шағаң немесе жақын туысыңның тұрмысы ауыр болып, қаржылай қиналып жүрсе де сенің қажылыққа кетуің ақылға сыймайды. Дұрысы, ұлыңды ұяға, қызыңды қияға қондырып, туған-туыс, бала-шағаңның алдындағы бар парызыңды өтеп болған соң барған абзал.

– Меккеде жүріп-тұрудың өзіндік тәртібі бар ма?

– Тәртібі әрине, болады. Мешіттің табалдырығынан аттаған сәтте-ақ аяқ киімді шешіп, арнайы қалтаға салып, жалаңаяқ кіру керек. Сосын Қағбаны айналып жүргенде біреуге зияның тимеу керек, біреуді қағып-соғып кетпеу керексің. Азанның даусы естілгеннен-ақ көпшілікпен бірге мешітке барып намазға жығылу қажет.

Әйелдер мен еркектер Қағбаны бірге айналып, мешітте де бірге құлшылық жасай береді. Тек ер кісілер алдыңғы қатарда, әйелдер артқы жақта тұрып оқиды. Егер де әлдебір тәртіптен жаңылысып, оны дер кезінде түзей алмасаң, құрбандық шалып, қатеңді дұрыстайды екенсің. Сол жердегі мешітті сыпырып, тазалап жүргендерге сауап ретінде садақа қалдырған абзал. Жалпы, зияраттың, амалдың бәрі біткен соң ер азаматтар шашын тақырлап алдырып тастайды екен. Бұл да Меккеден тап-таза күйі аттандырудың бір тәртібі болса керек-ті.

– Оразтай аға, жұбайыңызбен бір шаңырақ астында 44 жыл тату-тәтті өмір сүрудің сыры неде? Сіздің ойыңызша, отбасында ер мен әйелдің рөлі қандай болуы керек?

– Оның ешқандай сыры, да құпиясы да жоқ. Ол кезде ата-аналар қатал болған ба, әлде өзіміз именшек болдық па, солардың айтқанын заң көретінбіз. Сол кісілердің көңілдеріне қаяу түсірмейік, тату-тәтті отбасы болайық деп онша-мұнша қателіктерімізді жасырып, жасқылықтарымызды асырып отыратын болдық.

Сосын жақсы отбасы боп қалыптасу үшін де үлкендер, яғни екі жақтағы құда-құдағилар барынша әділ болуы керек. Екі жас ренжісіп, сөзге келіп қалса, әркім өз перзентінің сөзін сөйлеп, жақтамай, керісінше, екеуінің татуласып кетуіне ықпал етуі тиіс. Ал өз кезегінде екі жас бақытты, үлгілі отбасы болу үшін еркек – еркек, әйел – әйел, бала – бала, келін – келін рөлінде болғаны мақұл. Отбасында әр адамның өз орны, өз міндеті бар. Соны шатастырмау керек. Олай болмаған күнде арадағы тепе-теңдік бұзылады, татулыққа сызат түседі. Сондай-ақ отбасының ел-жұрт алдындағы абыройын сақтауды ойлаған адам ешқандай теріс қадамға бармағаны дұрыс.

– Әңгімелеріңізге рахмет, жұптарыңыз жазылмасын, бала-шағаларыңыздың қызығын көріңіздер.

Сұхбаттасқан – А. БЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
+1 #1 Мейрамгүл 21.02.2017 18:13
Жандарым, алтындарым аман болыңдар
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру