Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым...

13.02.2017
Қаралды: 1276

Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң, 

Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң, 

Ағайынның адал малын ұрласаң – 

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

 

Туған елдің жел жағында жүрмесең, 

Туралықтың таза жолын кірлесең, 

Туырлықты киіз үйге кірмесең –

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. 

 

Талпынбасаң табан тіреп қиынға, 

Тамақ пенен тиын тұрса миыңда,

Таба алмасаң тапқыр сөзді жиында –

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. 

 

Арақпенен ақылыңды уласаң, 

Арғы асыл текке тартып тумасаң, 

Арыз қусаң, ата жолын қумасаң –

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. 

 

Қызың кессе желкілдеген тұлымды, 

Ұлың өссе бұрқыратып шылымды, 

Айырмаса қодық пенен құлынды, 

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. 

 

Ата сөзін құлағыңа ілмесең, 

Ана тілін менсінбесең, тілдесең, 

Абайдың бір жырын жатқа білмесең – 

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. 

 

Салмақ салмай намыс пенен санаға, 

Салсаң сайран қарамай жас балаға, 

Сағыз шайнап сандалсаң сен қалада –

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. 

 

Тыңдағанда әсем әнін Шәмшінің, 

Тәттімбеттің тәтті мұңын – жан сырын, 

Жүрегіңде тұнбаса егер тамшы мұң – 

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым. 

 

Қиындықпен арпалысып ауылың, 

Қайыршы боп қаңғып жүрсе бауырың, 

Сұлулардың сипағанмен сауырын, 

Машинаның мінгеніңмен тәуірін – 

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!

Серік ӘБУОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ