Ақпарат

Қазақша білмейтін қазақтардың не ойлағаны бар?

Қаралды: 895

Былтыр Қытайдан досым көшіп келді. Өзі Қытай қазағы. Көшірісіп, басы-қасында жүрдік.  Содан бір күні ол менімен хабарласып:

– «Хан шатырына» барып, ұсақ-түйек заттар алсақ қалай? Мен орысшаға жоқпын ғой, өзің білесің, – деп қолқа салды.

– Жарайды, – деп келістім. Содан екеуміз жолығып, «Хан шатырына» тартып кеттік.

Жолда мен оның жетім көңілін жұбатқандай болып:

– Ой, досым-ай, үйіңнен шығып, мына «Хан шатырына» дейін жол-жөнекей жөн сұрасаң, бәрі де қазақша жауап береді. Бұл қалада қазақша білмейтін адам жоқ. Қорықпағын, досым, батылдау бол, бұл – өз Отаның, – деп есіп келе жаттым.

Содан «Хан шатырына» жеттік. Бір «бутикке» кірдік. Екі сатушы қазақ қыз тұр екен. Оның біреуі қазақша білмейтін болып шықты. Ол қызарақтап жер шұқып тұрғасын екіншісіне барсақ, оның қазақшасы менің испанша сөйлегенімдей екен.

– Ой, бәтуасыздар-ай! Жүр, келесісіне барайық, – деп досымның алдында ұялып, жаңа жолда айтқан жұбату сөздерім үшін міңгірлеп, ақталғандай болдым.

Келесісіне барсақ, онда орыс сатушылар отыр екен. Оны айналып өттік. Үшінші «бутиктегі» сатушы қазақша біледі екен, бірақ ол орысша-қазақша сөйлеп тұрғасын:

– Мына бауырым түсінбейді оныңды, – деп, таза қазақша сөйлеуін сұрадым. Әйтеуір сол жерден зат-дүниемізді алып қайттық.

– Келесіде осы жерге келейінші, мыналар қазақша біледі екен, – деп жатты досым. 

Жалпы, атажұрт деп аңсап келетін оралмандарға – қандастарымыз­ға қиын, олар орысша білмейді, түсінбейді. Бұл мәселе қостілді Қазақстан қазақтарына аса біліне қоймайды, әрине. Бірақ біздің оралман қазір тіл зардабын тартып жүр. Әсіресе әліпбиі де өзгеше Қытай қазағының бізде орналасуы қиындау. Шетелде ол үшін арнайы бейімдеу орталықтары болады, ал бізде ондай жоқ. 

Мысалы, Қазақстан қазағы қытайша ұқпайды, міне, сол қазақты ал да, Қытайдың Шыңжаңдағы Алтай қаласына қоя берсең не болады? Ол Алтай қаласында қазақша білетін қазақ іздеп сол жерде әр қытайға соқтығатын еді. Мына жерде де дәл сондай жағдай.  Атамекенге келген қазақ шаруасын бітіру үшін біздің арамыздан қазақша білетін қазақты іздейді. Сөйтіп оның әркімге қарағыштап жүргені.

Мен осындай азапты басымнан өткерсем, «итшілеп қазақтың арасынан қазақ іздеген бұндай ата-жұртыңның тап атасының аузын ұрайын!» – деп, көшімді жиып, келген жағыма қарай тартып кетер едім.

Көңілдері алып-ұшып бізге жеткен қандастарымыздың біздегі өз ана тілінің жағдайын көріп, көңілдеріне кірбең ұялап, қынжылатыны – заңдылық. Бірақ олармен кім ашық әңгімелесіпті бұл елде? Ол қандастар да: «Өздері «қашқынның ұрпағы» деп түрткілемей аулақ жүрсе бопты» деп, көбінесе ашыла қоймайды.

Алайда біздің бұл қандастырымыздың атажұртына деген, оның болашағына деген, оның келешекте қазақыланатынына деген cенімі шексіз. Оларды бұл елде сол сенімі ғана ұстап отыр. Балаларымыз қытай немесе монғол, өзбек болмай, қазақ болып қалсын дейді олар. Көпшілігі сондай мақсатпен келіп отыр осында. Ал мұнда келмегендерінің ол жақта ендігі болашағы бұлыңғыр, ол да рас. 

Осы сенімдері үшін бұл ағайындарға Астана мен Алматыда ескерткіш қойсаңыздар да болады. Себебі бұл қауым бізге мың-мыңдап ел қосып отыр.  Біздің сыртқа шыға салып елін, халқын жамандайтын «идрисовтар» осы ағайындардан біраз нәрсе үйренсе де болады. 

Баласы мектепке барғанда оның алғашқы қоңырауы кезінде Әнұранды естіп, толқып көзіне жас алған бұл досымның отаншылдығы, қазақшылығы біздің мәңгүрттердің отаншылдығынан мың есе артық.

Олжас ӘБІЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
0 #1 Оралман 13.02.2017 11:52
Өте дұрыс айтылған сөз қазақша сөйлемеген қазақ өзін өзі сыиламағаны Қазақ тілімен қазақ салт дəстүрімен қазақ бауырлар қазақша сөйлеиік уақыт жетті
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру