Ақпарат

Аралдан ұшқан армандастар едік

Қаралды: 683

Мен «Замана» газетінің тұрақты оқырмандарының бірімін. Газеттің әр нөмірін асыға күтіп жүремін. 

Әсіресе «Замананың» таяудағы нөміріндегі Қалдыгүл Мұратованың «Біз де бала болғанбыз» деген мақаласын қызыға оқып шықтым. Сосын газеттеріңізге өзімнің сыныптас құрбы-құрдастарым жөнінде жазуды ұйғардым.

Газеттеріңіздің тұрақты авторы Бөріхан Тәмен менің жерлесім әрі сыныптасым Серік Сәндібековпен Қарағандыдағы дене тәрбиесі институтында бірге оқыған. «Замана» газетінде суреті шығып, оны танып, кезінде газетке мақала берген болатынмын. Біз:

«Школ-интернатская форма,

200 грамм нан норма.

Аш та қылмас, тоқ та қылмас,

Үйге қашсақ, дым да қылмас», – деп жүріп Арал қаласындағы мектеп-интернатты 1969-жылы бітіргенбіз. Ата-анамызды сағынып, кезектесіп кешкі сағат 10-да үйге қашып, таңғы 6-да мектеп-интернатқа оралатын едік. 1969-дан есептесек, содан бері 47 жыл өтіпті. Сол жылдары оқу бітіріп, әрқайсымыз әр қалада студенттік дәуренді өткердік. Класс старостасы Болат Балымбетов өте пысық еді, сыныптастарымызды ұйымдастырып отыратын. Әр қаладан кездесуге Аралға барып, талай қызықты кештер өткізетінбіз. Өкініштісі, Болат жақында өмірден өтті.

Біздің сыныпта 35 оқушы еді, олардың 4-і ғана қыз болатын. Сол қыздарды ортамызға алып, сыйласып қадірлейтін едік. Артықбаева Алтын қазір Аралда тұрады, бүгінде немерелерге сүйікті әже болды. Ал Қаймақова Бағияш, Ермаханова Қансұлу, Ашықбаева Бибіштерден көз жазып қалдым. Мына суретті көрсе, танып хабарласатын шығар деп ойлаймын.

Мектепті бітіргенде старостамыз Болат Балымбетов, Аман Наурызалиев екеуі ұшқыштың оқуына кетті. Аман Иркутскі қаласында оқуын бітіріп, Аралда ұшқыш болды. Болат техник болып аэропортта істеді. Арамызда есепке жүйріктер Өтеулиев Көмек, Алманов Құттыбай, Бүркітбаев Мұханбет бастық болып қызмет істеп зейнетке шықты.

Бұл жалған өмірден жас та өтеді, қарт та өтеді,

Кезекпен кең дүниені тастап өтеді.

Келеміз-кетеміз, мәңгілік ешкім жоқ,

Уақыт өзі көшін бастап өтеді.

Айтып отырған себебім, кезі келгенде жыбырлаған жәндіктен бастап, анау мұхиттағы алып киттер де тіршілігін тоқтатады. Бәрі де артына ұрпақ тастап кетеді. Өмір ұрпақпен мәнді. Ұрпақтарымыз аман болсын, өміріміз жалғаса берсін деймін.

Жетес НИЯЗЫМБЕТОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру