Ақпарат

Жолан бабаның атын жаңғыртқан жан

Қаралды: 1098

Ағайын-туғанның көп болғаны жақсы, әрине. Ал атаның ғана ұлы болмай, ауылдың, 

аймақтың, қала берді күллі елдің қалаулысы дәрежесіне көтерілген бауырластардың өзің дүниеге келген жерден мол шығуы одан да үлкен бір ғанибет. Дана халқымызда «Атың жақсы болса – қанатың, ағайын жақсы болса – санатың»  деген нақыл бар.

Азамат сыны – ерлікті, ерлік сыны – елдікті оң-солын танығалы бері өзіне ту етіп ұстап жүрген ілгері ойлы інілерімнің бірі – Әлібек Өмірәлиев. Өзімнің туып-өскен ауданымның аузы дуалы ақсақалдарын жақсы танимын. Әлібектің әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Кәден қария­ны да бір кісідей білдім. Кешегі қан майданда от кешкен жауынгер ауылдың ынтымағын ұйыстыруға, берекесін асыруға күш салуда беделді, қадірменді қарт болды.

Осындай өнегелі отбасынан түлеген Әлібектің өзін ол Алматы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Георгиевкадағы (қазіргі Көксәйек) кәсіптік-техникалық училищеде мұғалім болып бастаған кезінен сырт­тай естіп жүрдім. Арамыз – он жас. Ол – іні, мен – аға. Соңыңнан ерген, өкшелес өскен бауырлардың аяқ алысына, бет алысына қарайсың. Қолтығынан демеуге мұрша болмаса да алдынан жарыл­қасын деп қадамдарына іштей үміт артып, тілектес боласың.

Әлібектің содан бергі өмір жолы көз алдымда. Аға, іні болып етене араласып-құраласып келеміз. Шын мәнінде Әлібектің маған туыстық жақындығы да бар. Екінші – көп жағдайда екеуміздің ойымыз да өзара үйлесіп тұрады. «Рухы ұқсастардың бәрі – туыс» демей ме даналық? Екеуміздің  ара қатынасымыз дәл сол.

Бүгін Әлібек бауырым жетпіс деген белеске шығып отыр. Бұдан жарты ғасыр бұрын жұмысқа тұрған дипломды албырт жас содан бергі уақыт ішінде тек өсумен, өрлеумен болыпты. Кілең жауапкершілігі жоғары лауа­зымдардың тізгінін ұстап келіпті.  Ең бас­тысы – мемлекет жүктеген әрбір сенімді көпірме сөзбен емес, көл-көсір іс тындырып, абыроймен атқарды. Зейнет жасына шықса да оған қоғамдық ықпалды жұмыстар тапсырылды. Алдымен Шымкент қалалық ардагерлер кеңесін басқарды. Ал қазір облыс­тық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы. Жауапкершілігі аса жоғары саяси-қоғамдық жұмыстың Әлібекке тапсырылуы – оның білім-білігінің молдығын, бойынан күш-қуатының әлі қайтпағанын анық білдірсе керек. Бұл ақиқатында «Кісі болу дегеніміз – күрескер болу» деген сөзімізге айқын дәлел.

Хас батырымыз һәм сөздің мірі Баукең, Бауыржан атамыздың «Ерді ел үшін, жігітті жұрт үшін мақта» дегені есіме оралып отыр. Жаны жайсаңның жақсы тірліктерін айту қажет.

 Әлібекпен туыстас та, рухтас та екенімді жоғарыда айттым. Шынтуайтында ағайынның ажырамас ынтымағы, бүгінгі берекесі, ертеңгі өскелеңі үшін шалымды шаруаларды тізе қосып жүзеге асыруға мақсатымыз да, пікіріміз де орайласты. Аға бастап, іні қостап, көпшіліктің қамы үшін игілікті шаруалар қолға алынды. Кешегі көмескі тарихымызды жаңғыртып, найза ұшымен, білек күшімен, ақыл қуатымен жерімізді, елімізді қорғап, сақтап қалған батыр бабаларымыздың есімдерін жарыққа шығарып, қазіргі, келешек ұрпақтарға танытуда тілектеріміз табысты.

«Ескерген ескісін сақтайды, ел бол­ған естісін сақтайды» дейді көне көз. Қазақтың төбе биі Төле бабамыздың жау шапқыншылығынан бордай тоз­ған ұлтымызды құтқаруда қол бастаған көсемдігімен танылған баласы Жолан батырға ескерткіш орнатудағы ұлан-ғайыр шараларды орындауда Әлібектің қос­қан үлесі орасан зор. Қашан да кеңесті ел кемімес. Хал­қымызға ортақ тарихи тұлғаға арналған үлкен белгі тұрғызу алдында ел болып бас қостық. Сонда Әлібек: «Бұл істің жүргізілуін маған тапсырыңыздар. Шамамның жеткен жеріне дейін атқарайын. Мүмкіндігімнің қай тұста шектелгенін айтамын», – деген-ді. Ініміздің сол жолғы ізеттілігі таудай тірліктің талай қырынан асырып еді. Сөйтіп, жақсы басталған іс одан әрі көпшіліктің көмегімен жалғасын тауып, ойдағыдай нәтижемен аяқталған-ды. Сондағы тілге тиек етпегім – ойы да, қызметі де дәйім биік идеямен рухтанып жүретін Әлібектің халыққа пайдалы іс үшін тау бұзғандай тәуекелге барған ерлігі дер едім. Осындайда даналарымыздың «Нағыз жігітке ерлік те оңай, билік те оңай» деген қағидасына қалай жығылмассың? Қайырымды адамдар құнарлы жер іспетті, алғанын сан есе етіп қайтарып береді. Сахи мінезді Әлібектің халық игілігі үшін аянбай жұмсаған  қайраты мен малы өзіне зор абырой әкелді.

Үй баласы ғана болмай, ел баласы болып, жүрегіне иман қондырған Әлібектің жанына серік еткен асыл қасиеттеріне айғақ, әр есіме алған сайын көңілімді жылы шуақ ұялататын осындай кісілік пен кішіпейілдік сәттері туралы әңгіме таусылмақ емес. «Азаматтың түсін айтпа, ісін айт» дейді бұрынғылар. Адамның ісі қандай болса, іші де сондай. Өзі көп сөйлеуге құмарлығы жоқ, құр сөзден гөрі іске бейім, ал аузын ашса жүрегі көрінетін абзал азамат Әлібектің  бұрынғы көптеген марапаттарын қоспағанда күні кеше ғана Шымкент қаласының құрметті азаматы атануы, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденін алуы оның елге адал атқарып келе жатқан ар еңбегі – абыройының арқасы екенінен тағы бір жарқын көріністер.

Бүгінде жетпіс жастың биігіне көтеріліп, көпті көріп нұсқа, көп істеп ұста болып, табандылықпен бар кедергіні жеңіп, адал қызмет етіп жүріп алған абыройы Әлібекті нағыз рахатқа бөлеп отыр.

Өнегелі әулеттен түлеп ұшқан Әлібек құдай қосқан қосағы Шахризада келін екеуі тәрбиелеп өсірген ұл-қыздары да бұл күнде өмірден орнықты орындарын тауып, көпке үлгі боларлық тіршілік кешіп жүр.

Ақпейіл көңілдеріміз бір-бірінен су ішкен ағасы менің оған «інім алда да осы шыққан биігіңнің тұғыры мықты бола берсін» деген тілегімді әманда қайталай беремін.

Ағабек СҮГІРӘЛИЕВ,

Төлеби ауданының құрметті азаматы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру