Ақпарат

11 алтын, 8 күміс, 17 қола

Қаралды: 692

Алматыдағы XXVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындары қазақстандық спортшылар үшін өте табысты аяқталды. 

Біздің саңлақтар әлемнің әр түкпірінен келген 60-қа жуық елдің мықтылары бақ сынасқан спорт додасында 36 медаль ұтып, Ресейден кейінгі 2-ші орынды жеңіп алды. Қазақстан спортшылары Универсиаданың 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медалін иеленді.

Мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенге тең келер жан болмады, ол алтын медаль иеленді. Ал шайбалы хоккейден Қазақстан құрама командасы осымен үшінші мәрте қатарынан Универсиаданың күміс жүлдесін ұтып алды. Әлемдік жарыстарда алдыңғы орындарды бермейтін Канада, Чехия, Швеция сияқты ел құрамаларын тізе бүктіріп, тек ақтық сында Ресей командасына 0:1 есебімен есе жіберіп алды.

Айнадай жалтыраған мұз айдынында конькимен зулай жарысатын шорт-тректен қола медаль ұтқан Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов, Нұртілек Қажығалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Мәдина Жанбосынова, Денис Никиша, Ким Йонг, Анита Нагай, Анастасия Крестова, Ольга Тихоновалардың еңбегіне де ел риза.

Бұл Универсиадада шымкенттік фристайлшы Жанбота Алдабергенованың екі жоғары жүлдеге – алтын және қола медальға қол жеткізгені белгілі. Оның жеңісті жолын тағы да бірнеше спортшымыз қайталады. Мысалы, могулдан Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышева екі мәртеден алтын медальдар ұтты, ал биатлоншы Галина Вишневская екі алтын, екі күміс медальға қол жеткізді, конькиші Денис Никишаға үш мәрте қола медальдар бұйырды.

Қазақстан құрамасына ең көп медаль әкелген шаңғышы Анна Шевченко болды. Ол Олжас Климинмен бірге аралас командалық жарыста алтын медаль ұтса, командалық эстафетада күміс медаль иеленді, сондай-ақ шаңғы жарысының басқа түрлерінен қатарынан үш қола медаль ұтты.

...Міне, біздің спортшылар осындай биік көрсеткіштерге қол жеткізіп, Қазақстан спортының абыройын бір асқақтатты.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру