Мейірбан жандар өзгеше ұйым құрыпты

10.02.2017
Қаралды: 1283

Бүгінде еліміздің бірнеше қаласында «Клуб добряков» деген республикалық қоғамдық ұйымның бөлімдері жұмыс істеуде. 

Бұл ұйымды кезінде астаналық Гүлмира Әбдірашева есімді мейірбан жан ашқан. Ұйымның басты мақсаты – тұрмысы төмен жандарға, мүгедектерге, жетім балаларға, жалғызбасты аналар мен жалғызілікті қарияларға жәрдем көрсету. Міне, осы ақпейілдер клубының Шымкентте де филиалы бар, бүгінде оның талай жандарға жәрдемі тиіп жатыр.

Бір ғана мысал келтірелік. Өткен жазда осы филиалдың қызметкері Зәмира Туғанбекова Шымкенттің «Пахтакор» шағынауданында тұратын Мехриниса Ходжаева деген көпбалалы анаға үй тұрғызып берген болатын.

«Ол кісі ескі үйде тұратын, – дейді З.Туғанбекова. – Жаңадан үй салмақ түгілі, ескісін жөндетуге мүмкіндігі болмай жүрген еді. Балалары жас. Сондықтан оған үй салып беруді ұйғардым. Үйді күзге қарай салып бітірдік, үйге қажетті бірсыпыра заттар мен жиһаздар әпердік. Желтоқсан айында ол кісі «қоныс тойын» жасады. Қысқа дейін бүкіл коммуналдық қызмет түрлеріне қосып бердік. Қазір ол кісілер барлық жағдайы жасалған жылы үйде тұрып жатыр. Үйді үш бөлмелі етіп салғанбыз. Олар ескі үйлерін қазір қора-қопсы ретінде пайдаланып отыр».

Зәмира Туғанбекованың өзі жеке кәсіппен айналысады екен. Ал «Клуб добряков» ұйымында қоғамдық негізде, ерікті түрде жұмыс істейді. Бүгінде біреуге мұндай көмек беретін адамды табу қиын ғой. Ал енді жәрдем жасап жатса, ол үшін қаншалықты шығындан­ғанын жұрттың білгісі келіп қызығатыны да рас. Алайда З.Туғанбекова ибалы, сыпайы адам ретінде өзге жанға жәрдем көрсеткені үшін қаншаға шығынданғанын айтқанды қаламайды екен.

«Жалпы, біз кез келген адамға жәрдемдесе бермейміз, – дейді ол. – Ұйымымызға көмек сұрап келген адамның барлық жағдайын тексеріп аламыз. Шын мәнінде мұқтаж жандарға ғана жәрдемдесеміз. Қазір біздің тізімде 32 отбасы тұр. Ай сайын қайырымдылық акцияларын өткізіп, одан түскен қаржыға мұқтаж жандарға азық-түлік, киім-кешек әпереміз. Айта кетейін, жәрдем қаржылай емес, азық-түлік, киім-кешек жағынан беріледі. Сондай-ақ біздің еріктілер төсек тартып жатқан науқас адамдарға да жәрдем көрсетіп тұрады».

«Клуб добряков» қоғамдық ұйымының Шымкент филиалы бүгінде қаладағы бірқатар мүгедектер үйлері мен интернаттарды қамқорлығына алыпты, балалар онкологиялық ауруханасын «памперстермен» қамтамасыз етуді де іске асырып отыр екен. Мүгедектер үйлерінде эстрада жұлдыздарының концерттерін  ұйымдастырып тұратын көрінеді. Тізе берсек, олардың атқарып жатқан ізгі шаралары аз емес.

Бұл ұйымның тізімінде бүгінде 7 отбасы баспана мәселесімен кезекте тұр екен. Көктемде осылардың біреуіне үй салуды бастамақ. Ол үшін «Инстаграмда» конкурс жарияланады, үйдің кімге бұйыратыны осы конкурс нәтижесінде анықталады.

Зәмира Туғанбековадан білгеніміз, бұл ұйымға мүше болуға ниет білдірушілер де жоқ емес екен. Бірақ олардың көбі іс жүзінде қолдарынан не келерін көрсете алмапты, яғни қажет кезінде іс-шараларға қатысуға жалқаулық таныт­қан. Ал әзірге ұйымда 20 ерікті жан жұмыс істеуде. Олардың әрқайсысының өздерінің негізгі жұмыстары бар, атал­ған клубқа тек мұқтаж жандарға шын ниетімен жәрдем жасау үшін кірген, қоғамдық негіздегі іс-шаралардың ешқайсысынан да шет қалмайды.

...Міне, Шымкентте бүгінде осындай да ұйым жұмыс жүргізіп жатыр. Мұндай абзал жандардың ісіне береке тілейік. Тұрмыс таршылығын көрген адамды демеп, жанына жалау болғанның өзі неге тұрады десеңізші!

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!