Ақпарат

Тәуіпке алданыпты, арбалыпты...

Қаралды: 817

Кешегі аптада редакциямызға бір әйел хабарласты. Ол кісі бір емшіге қатты алданып қалғаны туралы айтты.

«Менің көптен бері жолым болмай, оның үстіне денсаулығым нашарлап мазам кетіп жүр еді – дейді ол. – Дәрігерге көрінуін көріндім, бірақ одан нәтиже болмады. Сосын емші-тәуіптерге емделіп көрейін деген ой келген. Ал ондайлар кейінгі кезде тіпті көбейіп кетті ғой. Шымкенттің орталығында тұратын бір емшіні жұрт керемет екен деп мақтағасын соған барғанмын. Өзі орысша сөйлегенімен оның ұлты орыс емес-ау, бірақ әйтеуір еуропалық ұлт өкіліне ұқсайды. Жарнамасын келістірген бе, алдынан адам үзілмейтін сияқты. Осынша адам бекер жүрмеген болар деп оған іштей сенім артқанмын.

Адам бірдеңеге иланғасын соның көмегі тиетін сияқты болып тұрады ғой. Әлгі емші маған бойыңды зиянкес жайлаған, содан құтылуың керек деп айтты. Ондай нәрсе бар болса, бар шығар деп мен оған сендім. Өйткені тірлігім өнбей, әбден мазам кеткен еді. Екі шикі жұмыртқа алдырып, бойыма сипалап, жарып көрсеткенде ішінен құрт шыққанын өз көзіммен көргесін тіпті де есім шықты. Қазір ойлап отырсам, ол адамның көз алдайтыны, қандай да бір сиқыры бар сияқты.

Әлгі емші мені бір апта «оқығасын» 189 мың теңге әкелуім керектігін айтты. Ал менде ондай ақша жоқ еді. «Қалайда табуың керек. Тиісті ем жасаймыз. Әйтпесе бойыңдағы зиянкестер ерегісіп, күшейіп кетеді», – дегесін уайымға баттым. Сосын тәуекел етіп, тазарып алмаққа бел будым да, банктен несие алдым.  Емшінің сұрағанын апарып беріп, емін қабылдадым. Бірақ одан ешқандай да нәтиже болған жоқ.

Кейін әлгі емші мекен-жайын ауыстырып, телефон нөмірін де өзгертті. Бірақ оны жұрттан сұрастырып жүріп тауып алдым. Жағдайымды айтсам, тағы да емделуің керек дейді. Осыдан кейін одан күдіктене бастадым. Енді ол маған ауыртпалықтан арылу үшін әрқайсысын 3 килодан етіп сиырдың, доңыздың, қойдың етін әкел деді. Оған қоса 10 дана шұжық, бірнеше кило азық-түлік, кәмпит-күлшелер апаруым керек екен. Есептеп көрсем, оған да 50 – 55 мың теңгедей қаржы кетеді.

Ал әлгі әйелге барып көрініп жүргендер тек мен ғана емес. Әр барғанымда адамдар топырлап кезек күтіп тұрады. Сонда осынша жанның бәрінен жаңағыдай нәрселер әкелуді талап етіп отырған адамның ісін қалай деп түсінуге болады?

Қысқасы, мен әлгі әйелге алданғанымды енді біліп отырмын. Бүгінде ондай алаяқтар көп. Сондықтан басымнан өткен оқиғаны сіздерге арнайы хабарлап отырмын. Жұрт алданбасын, ойлансын».

...Редакциямызға хабарласқан әйел осылай деді. Біз бұдан кейін ол кісіден өзі айтқан емшінің телефон нөмірін алып, оған қоңырау шалдық. Телефон тұтқасын көтерген әйел мәселенің мән-жайын түсіндіргенімізде: «Мен қазір адам емдеп жүрген жоқпын. Сізге айтарым, мен ешкімді де алдаған емеспін, ондай қомақты ақша сұраған да емеспін. Қазір өзім ауырып жатырмын. Мені мазаламаңыздар», – деп қысқа қайырды.

...Міне, өмірде осындай да жайлар болып жатыр. Бұл жерде кімнің қаншалықты шындықты айтып отырғанын біз білмейміз. Тек айтарымыз, емші-тәуіптерге көрінуді ниет етсеңіз, алдымен оның қызметін пайдалан­ған адамдардан сұрастырып, білгірлігіне, адалдығына көз жеткізіп алыңыз демекпіз.

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікірлер   

 
+1 #1 Амина 12.02.2017 11:21
Валентина деген алаяк катын гой) осы Замана газетинен окып барганбыз. Менен де еттин акшасын алып калган. Козин курту керек ол катыннын!!!!!!!
Дәйек алу
 

Пікір қалдыру