Ақпарат

Аңыз арқылы да уағыз айтуға болады

Қаралды: 319

«Замананың» биылғы 3-ші нөміріндегі Сая Қасымбектің «Жалпылама уағыздар көңіл көншітпейді» деген тақырыппен шыққан мақаласы маған көп ой салды. 

Расында ол кісі маңызды мәселе көтеріп отыр. Құдайы тамақ, ас-жиындарға қатысқанда мен де кей молдалардың уағыз-насихатты жалпылама айтатынын аңғарып жүремін.  Мұндай уағыздар тыңдап отырған адамды шынында да жалықтырады. Соған қарап кей молдалар уағыз-насихатты көпшіліктің көңіліне қонымды етіп айту тәсілдерін дұрыс таңдамайды-ау деп те ойлаймын. Осы орайда менің есіме мына бір оқиға түсіп отыр.

Өткен жылы марқұм жеңгеміздің жылдық асын берген едік. Сонда  жасы ұлғайған қырық шақты кісі үлкен бөлмеде бірге отырдық. Тамақ ішіліп, марқұмның рухына дұға бағышталған соң жас шамасы отыздардағы молда жігіт көпшілікке арнап 10 – 15 минуттай уағыз айтты. Уағызы: «Мұсылман адам өтірік айтпауы керек, шыншыл, әділ болып, сауап жинауы керек, әйтпесе тозаққа түседі...» – деген тұрғыда жалғасып жатты.

Бір кезде үстелдің қарсы жақ бетінде отырған бірер кісілер өзара күңкілдесіп сөйлесе бастады. «Міне, осылай... уағыз айтса, тыңдамайсыздар», – деп молда оларға кейіс білдірді. Сонда төрдегі отырған жасы 80-дердегі қария оған былай деді:

«Қарағым, сенің айтып отырғандарыңның бәрі орынды, бірақ соларды дұрыс жеткізе алмай отырсың. Мысалы, мұсылман баласы шыншыл, әділ болуы керек дедің ғой. Осыған қатысты бір аңыз айтып берейін.

Ілгеріде бір кісі базардан ат сатып алған екен. Оның ауру екенін үйіне келгесін бір-ақ біледі. Содан мәселені айтып, куәландырмақ болып биге барса, ол орнында жоқ екен. Біраз күтіп, болмағасын үйіне қайтады. Ал ертеңіне әлгі сатып алған аты өліп қалыпты. Сосын ол биге қайта барып, болған жайдың бәрін айтып береді. «Шығыныңды мен өтейін», – депті сонда би. Шағымданушы адам: «Сіздің бұған қатысыңыз қанша?» – деп таңқалады. Сонда: «Сен сатып алған атыңның ауру екенін біле сала мені іздедің. Сол кезде орнымда болғанымда ауру атты иесіне қайтарып, ақшаңды алып берер едім. Кеше мені таба алмағандықтан осындай күйге душар болып отырсың. Бұған мен кінәлімін», – деген би шағымданушы адамға аттың құнын өз қалтасынан төлепті. Міне, бұл – мұсылман баласының шыншылдығы мен әділдігіне қатысты бір мысал».

Қария осыны айтып отырғанда бөлмедегілердің бәрі де ол кісіні құлақ қоя, ықыласпен тыңдады. Барлығының бидің тура шешіміне, осы әңгімені айтып берген қарияның өзіне де риза болғанын байқадым сол сәтте. Молда жігіт те ойланып қалды.

Жалпы, уағыз-насихат айтамын деген адам үшін мұндай ғибратты әңгімелер көп қой. Тек соларды есте ұстап, орайы келгенде орнымен айта білу керек, көкейге қонып, жүректерге жетуіне мән берген абзал. Сонда жұрттың бәрі болмаса да арасындағы көкірегі ояу, жаны ізгі адамдар оны құлағына құйып алады, есінде сақтайды, өзгелерге жеткізе жүреді. Сондай ізгі іске сіз де атсалысыңыз, ағайын!

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

Шымкент қаласы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру