Қытайлар Шымкентте де шат-шадыман болыпты

07.02.2017
Қаралды: 944

Бүгінде бірқатар Азия елдері Шығыс күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мейрамын тойлап жатыр. 

Міне, осы мерекені Шымкентте тұрып жатқан қытайлықтар да атап өтіпті. Бұл жөнінде бізге бір азамат айтып берді.

«Жұрт «Қытай қалашығы» деп атап жүрген жерде тұратын қытайлар өз Жаңа жылдарын атап өтіпті, – деді ол. – Мұны бізге сол жерде жұмыс істейтін ауылдасымыз айтып берді. Оның айтуынша, қытайлықтар мерекеге жақсы дайындалыпты. Қаладағы «Фиркан-сити» деген үлкен супермаркеттен азық-түлік, мол етіп сыра, арақ-шарап та алдырыпты. Тіпті мыңдаған теңгеге Алматыдан «Нефть» деп аталатын аса қымбат арақ алдыртқанын айтып жүргендер де бар.

Олар Жаңа жылды «салют» атып қарсы алады екен. Отшашу көбірек атылса, жаман рухтар қашып, жыл бойы жоламайды деп сенетін көрінеді.

Жалпы, қытайларда тәртіп аса қатал екен. Жұмысшылары басшыларына қарап ауыз ашпайды, олардың алдында жүзін төмен салып жүреді дейді. Кейде басшылары оларды кәдімгі солдаттар сияқты «шагать» еткізіп тұратын көрінеді.

Негізі оларда біздегі сияқты мерекелерде берілетін демалыс күндері жоқ есепті екен. Ал Жаңа жыл мерекесінде осындай кеңшілік жасалатын көрінеді. Қытайдың өзінде бұл мереке бірнеше күн бойы қатарынан тойланады деседі».

...Біз бұл азаматтан осындай әңгіме естідік. Ал оның айтып отырған қытайлықтары жөнінде біз газетіміздің өткен жылғы жазда шыққан нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Шымкент мұнай өңдеу зауытына жақын тұста орын тепкен «қалашықтағы» казарма сияқты салынған үйлерде ұзын саны 1500-дей адам тұратыны жөнінде айтқанбыз. Яғни қытайлықтар аталған зауыттағы құрылыс жұмыстарымен айналысады. Мемле­кетаралық келісім бойынша Қытай азаматтары Шымкент мұнай өңдеу зауытында жаңартып-жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал әлгі «қалашықта» аспаз, тазалықшы, жүргізуші сияқты жұмыстарға жергілікті азаматтар да қамтыл­ған.

Міне, осы «қалашықта» қаңтар айының соңын ала Шығыс күнтізбесі (оны «Ай күнтізбесі» деп те атайды) бойынша Жаңа, 2017-ші, Тауық жылының алғашқы күні аталып өтіпті.

...Айта кетейік, Қытай мемлекетінде биылғы Жаңа жыл мерекесі 28-қаңтарда басталды. Қытайлардың қолданысындағы Ай құбылыстарына негізделген күнтізбе бойынша ол бірнеше күнге ауытқып, қыстың қаңтар-ақпан айының бірнеше күндеріне сәйкес келіп отырады. «Чуньцзэ», яғни «Көктем мерекесі» деп аталады. Ол елде мереке күндері «жаман рухтарды» қуу үшін миллиондаған отшашулар атылады. Бағзы замандардан келе жатқан дәстүр бойынша Қытай Жаңа жылын тойлау екі апта бойы жалғасады.

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ