Ақпарат

Ер-азаматтың еңсесін тік ұстауы әйелге байланысты

Қаралды: 822

Әйел – отбасының алтын діңгегі, қазығы деп жатады дана халқымыз. Қазық мықты болса, еркек шыркөбелек айналып, қанша жерден сырттан қызық іздесе де айналып келіп өз үйінің есігін қайта табады. 

Шаңырақты шаттыққа бөлеу, үйдің жылулығын сақтау, дастарханды берекелі ұстау, келген қонақты жайдары жүзбен қарсы алып, күліп шығарып салу, ер-азаматының да, өзінің де туыстарын бөліп-жармай татулықта ұстау, абысын-ажындарымен ғана емес дос-жарандарымен де сыйластықта болу, балаларға дұрыс тәрбие беру, бәрі-бәрі де – әйел адамның ақылдылығына, сабырлылығына, кеңдігіне байланысты.

Ынтымақ, бірлік қайда болса, сол жерге бақ қонып, қыдыр дариды дейді. Үлкендерімізден қалған өнегелі сөз: қай кезде де ер-азаматыңның алтын басын қорлама, төрдегі басын есікке сүйреме, сыйлап, құрметте, қадір тұт, – дейді. Өзің ғана емес, балаларыңды да ең бірінші кезекте әкесін сыйлап, құрметтеу­ге үйрет деп ғибрат айтады.

Тележүргізуші Салтанат Қалиева жүргізетін «Ұят емес» (31 арнадан көрсетіледі) бағдарламасының кезекті хабарында танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың сүйікті жары Мөлдір былай деп ағынан жарылды.

– Ер-азамат үй тірлігіне, бала-шағаға алаңдамай бар күш-жігерін, қабілетін жұмысына арнаса үлкен биікке жетеді. Мен білетін әйелдердің көпшілігі ер-азаматын дүкенге жұмсағанды, бала күтіміне көңіл бөлгенін, тіпті «онда тұрған не бар, қолым тимей жатқанда дәмді тамақ әзірлеп қойыпты» деп өзінің басымдығын көрсетіп, мақтан­ғысы келеді.

Меніңше, бұл қате пікір. Тұрсынбекті ешуақытта да ас үйге кіргізген емеспін. Лажы болса, ол жұмыстан келгенде үйдің жылы шуағымен, жақсы көңіл-күймен, балалардың шат күлкісімен, дәмді ас мәзірімен қарсы алғым келеді. Отбасындағы осындай жайлылыққа жаны үйренген ол үнемі үйге асығып келеді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, «қоқыс толы шелекті далаға ала кетші» деп өтініш жасаған емеспін. Бұл оны жақсы көруім ғана емес, ер-азаматтың алтын басын қадірлеп, құрметтеу деп ойлаймын, – деген сөзі жаныма майдай жақты.

Расында да кей отбасылардағы жағдайды көзіміз көріп жүр. Ер-азаматының жағасы кірлеп, күйбеңдеп от жағып, бала көтеріп әбіржіп жүргені. Ал күнделікті өмірдегі бала күтімі, ас әзірлеу, үй тазалығы, бәрі-бәрі қай ғасырдан да әйелдің алақанын қажет етеді емес пе? Үй-шаруасына үлгермей жатса, демек әйелдің икемсіздігі, олақтығы, салақтығы деп қарау керек.

Осы тұста өмірден көрген бір мысалды айта кетейін. Арада отыз жылдан астам уақыт өтсе де сол көрініс ойымнан кетпейді.

Кезекті жол сапарда бұрынғы Энгельс атындағы совхозға жолым түсті. Сексенбай Тұрысбеков ағамыз сол совхозда партком хатшысы болатын. Сексенбай ағай да, өмірлік қосағы Үрзада апайымыз да оқушы кезімде бірі неміс тілінен, енді бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаздарым еді. Бір жағы шәкірттік еркінсуім де бар, ағайдың үйінде қонақ болдым. Сондағы көзбен көргенім жылдар бойы көңілімнің төрінен кетпей жадымда  жатталыпты. Үрзада апайым сүт қатқан қою шәйін демдеп, өзі құйып берді. Сол күні ол үйде соғым сойылған  екен. Бір бөлмені алып жілік-жілігімен жатқан етті апайдың өзі шетінен осып, қазы айналдырып жатты. Ара-арасында дүрілдеп жанып тұрған плитасының айналасын мұнтаздай етіп сүртіп алып, әкпен шөткілеп қояды. Дастарханның бір шетіне  иісі бұрқырап қып-қызыл болып піскен таба нандарды да әкеліп жатты.

«Парторгтың әйелімін» деп кеуде керіп, адам жұмсамай-ақ, Үрзада апайымның үй шаруасын дөңгелетіп отырған ерекше пысықтығы жанымды рахатқа бөлеп еді сол жолы.

Әйел – үйдің берекесі, қазынасы деген осы екен-ау! Сексенбай ағамыздың тамырын тереңге жайған саялы бәйтеректей жайқалып, өсіп-өніп, білімді, тәрбиелі ұл-қыздарын жетілдіріп отыруында Үрзада апайымыздың да үлкен үлесі бар-ау деп толық сеніммен айта аламын.

Апаларымыз жастарға үлгі етіп бекер айтпайды ғой. Әйел адам отбасындағы орнын білгені абзал. Қандай білместігі болса да ер-азаматының бетінен шапылдап алмауы керек. Балағаттап, аузына не келсе соны айтудан абай бол­ғаны жөн. Ұрыс-керіс орын алған шаңыраққа ешуақытта да Алланың нұры түспейді. Аста-төк байлығы болса да ол үйде жылу, береке болмайды деп жатады.

Міне,  қазіргі жас келіндеріміз үлкендеріміздің өмірден көрген, көңілге түйген осындай ұлағатты сөздерін жадында ұстап, отбасының берекесін, жылуын сақтауға ұмтылып, ер-азаматын үйдің тірегі ретінде құрметтеп, сыйлап жүрсе дейміз. Сонда ол шаңырақта тек қана жақсылық болып, бақыттың шат күлкісі естіліп жатар еді-ау деп ойлаймын.

Қалдыгүл МҰРАТОВА.

Созақ ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру