Ерекше тәсілдермен емдейтін әйел

06.02.2017
Қаралды: 4645

Өткен жылдың қараша айында «Ауырмаңыз!» газетінде «Құрқылтайдың ұясы 80 түрлі ауруға ем екен» деген мақала жарық көрген еді (№23 (174),18.11.2016ж.). 

Осы мақалаға қатысты редакциямызға Қызылорда қаласының Шиелі ауданынан Рахима есімді оқырман хабарласты. Ол бізге он екі жылға созылған бедеуліктен құрқылтай ұясымен емделудің арқасында айыққанын айтып берді.   Отбасында сәбидің бал күлкісі естіліп, ерлі-зайыптылрдың бақытқа бөленуіне  Рахимаға шымкенттік Жаңыл Қансейітова (суретте) есімді емші көмектескен екен. Жаңыл Жұмабекқызы бұдан басқа да халық емі тәсілдерінің арқасында көптеген адамға денсаулық сыйлап жүрген жан. Біз мұны емшінің өзімен сұхбат барысында білдік. Қызықты әңгімеміз былай өрбіді:

Құрқылтай ұясымен ем жасайды

– Жаңыл апай, оқырмандарымыздан сіздің құрқылтай ұясымен ем жасайтыныңызды естідік. Бізге осы емдік тәсіл жөнінде кеңірек айтып бере аласыз ба? Онымен қандай ауруларды емдеу­ге болады?

– «Тілін тапса, тас та емші» деген сөз бар ғой. Шынында да, егер дұрыс және орнымен қолданса, құр­қылтай ұясымен ерлер мен әйел­дердегі, жас балалардағы қуық, несеп-жыныс жолдарының ауруларын, бе­деулік пен белсіздікті, тіпті асқын­ған простатитті де емдеуге болады. Бірақ бұл құстың киесі барын ұмытпау керек, жаңадан салынған ұяны емес, балапандары қанаттанып, ұшып кеткен ұяны ғана қолдану керек.

Осыдан біраз жыл бұрын маған Жамбыл облысынан Қалтай есімді аза­мат көмек сұрап келді. Жасы 45-тен асып қалған азамат бірінші әйелімен 8 жыл отасып, ажырасып ке­тіпті. Екінші некеде тағы төрт жыл перзентсіз болыпты. Келіншегі – дәрі­гер. Екеуі де үш жылға жуық емделген, бірақ нәти­жесіз. Себебі Қалтай простатитпен ауырады, әрі аталық ұрығы әлсіз. Мен оны құрқылтайдың ұясымен емдедім. Қазір оның екі пер­зенті бар.

– Қазір құрқылтай ұясын табу қиын емес қой. Онымен үй жағда­йында, әркім өзі емделе ала ма?

– Мен олай кеңес бермес едім. Адам ауырғанда ішетін түйір дәрінің мөлшері, белгілі уақыты болатыны секілді, бұл емді де қолданатын уақыт пен оның мөлшері болады. Қолданбайтын кездер де бар, осыны нақтылау керек. Біреуге ем болады деген дәрінің екінші адамға кері әсер беретіні сияқты, халық емін де орнымен қолдана білу маңызды. Әйтпесе құс ұясына қиянат жасап, обалына қалумен қатар ауруыңызды ушықтырып алуыңыз мүмкін ғой. Сосын бұл емді қолданғанда ауру түріне қарай құран аяттары оқылады. Мұны да ескеру керек. Кейбір адамдардың жұрттан есту арқылы бұл емді өзі қолданғанда көмегі тимей жататынының себебі сол.

Диагнозды тамыр ұстап анықтайды екен

– Бір оқырманымыз: «Жеті жасымда қуығым тұтылып, кіші дә­ре­тім жүрмей, жарылуға шақ қалды. Дәрігерлер «кукурузник» деген ұшақпен Алматыға жібермек болды. Ол жақта маған ота жасатпақ еді. Мұны естіген әжем қарсы болды. біреуге хабарласып жүріп, сары түсті қою бір дәрі ішкізгені есімде. Соны іш­кен­нен кейін екі сағаттан соң дәрет жүріп, аурудан операциясыз айығып кеттім. Кейін естідім, ол құрқылтайдың ұясы қайнатыл­ған су екен», – деп жазады. Сіз осы әдісті білесіз бе?

– Білемін, қажет еткендерге жасап та жүрмін. Бірақ құрқылтай ұясын бас салып суға қайнатып іше беру қауіпті. Алдымен диагнозды анықтау керек. Мүмкін оның емі шынында да дәрігерден шығар? Мұндайда уақыт созып, босқа үміттендіріп, қате ем жасап, адам өміріне қауіп төндіруге болмайды. Мен мұны халық емі, оның ішінде тап осы ем көмектесетін болса ғана қолданамын. Оған арнайы қосатын емдік шөп, май түрлері болады. Бұл ем тек қуықтың тұтылғаны ғана емес, простатит, цистит, бүйрек, ұрықтың көтерілуі, еркектік қуатты арттыру, жатырдың суықтауына, сосын ерлі-зайыптылар арасындағы алғашқы кездегі дұрыс кү­тінбеу салдарынан болатын, түбі бедеулікке соқтыратын «отау жел» деген ауруда көмектеседі. Ауру түріне қарай ем 3-7 күн аралығында жүргі­зіледі.

– Мұны қашан, қалай үйреніп жүрсіз? Науқасқа халық емі немесе дәстүрлі медицина көмекте­сетінін қалай анықтайсыз?

– Мен адам емдеуді 1982 бас­тадым. 16 жасымнан бастап қатты ауырдым. Дәрігерлер диагноз қоя алмады. Ал мен алдымдағы адамның қай жері не себепті ауыратынын біліп отыратын болдым. Мазасы кеткен адамға қолым тисе, ол аттай болып жазылып кетуші еді. Несін айтайын, тылсым қасиет осылай біртіндеп мойындатты.Содан бергі 35 жылда жүздеген сәбидің кіндік шешесі атандым, Қазақстанның түкпір-түкпірінен әлі күнге хабарласып, араласып тұратын келін­шек­тер бар. Аллаға шүкір, қай қалаға барсам да құшағын аша күтіп алатын бір-бір шаңырақ бар. Арасында ЭКО жасатып, одан нәтиже болмаған, бірақ халық емі тәсіл­дерінің арқасында перзентті бол­ған дәрігерлер де кездеседі. Мен мұны мақтан үшін айтып отырғаным жоқ, медицина әлсіздік танытатын кей тұстарда халық емінің қасиеті мен құдіреті күшті екенін көрсеткім келеді.

Ал дертті анықтау үшін тамыр ұстаймын. Адамның тұла-бойындағы бар өзгеріс пен құбылысты осылай сеземін. Сонда шабыт келгенде санаға өлең өздігінен құйылып, ұйқас болып өрілетіні секілді, дерт пен оның дауасы неден екені ғйыптан құйылып келетін ақпаратпен ән сияқты тө­гіле, өріле айтылды. Мен тек жеткі­зуші – дәнекермін. Аурудың түпкі себебін осылай анықтал­ған соң көнеден келе жатқан емдік тәсілдер, халық емі әдіс­терімен ем жүргіземін.

Жылқы майының да қасиеті күшті дейді

– Көнеден келе жатқан өте тиімді тағы қандай халық емі тәсілін білесіз?

– Халық емі туралы сөз болғанда жылқы майы туралы айтпай кетуге болмайды, өйткені оның да емдік қасиеті өте күшті. Жылқы майы суықтау, буын аурулары, тұз жиналу, остеохондрозда, бедеулік пен ерлер мен әйелдердегі түрлі ауруларда қолданылады. Негізі жылқы майы да бедеулікте таптырмас шипа. Тек адамның жасы мен диагнозы, ауру белгісіне қарай жылқы майының да сонша жыл сақталған, күш-қуаты артқан түрі қолданылады.

Бұл емнің де өзіндік тәртібі бар: белгілі мөлшермен ғана қолдану керек және оны жеті күннен асыруға болмайды. Әйтпесе сүйекті бал­қытып жі­береді. Сосын қасқырдың кеңірдегі, төрт түлік малдың сүйектерімен де жасалатын ем түрлері бар. Кейбір кеселдерде көк ешкінің жүнін, сүйегін де емге қолданатын кездер болады. Осы сияқты көне тәсілдің түр-түрін қолданамын.

– Сіз нақты қандай ауруларды нәтижелі  емдей аласыз?

– Қан қысымы, қант диабеті, жүрек аурулары, буын аурулары, оның ішінде артрит пен полиартрит, бүйрек, қуық суықтауы, әйелдердегі аурулар, әсіресе бедеулікті және еркектің жыныс­тық қабілетінің төмендігі бойынша көмек сұрап келе­тіндер көп. Жас балалардағы ұрықтың ұясына түспеуі, шыжың, тіл-көз сынды ауруларда да көмектесе аламын. Жыныстық бездің  және жүйке тамырының түйінделуінен зардап шеккендер, эпилепсияға ұшырағандар да келеді. Ұшынудың түр-түрі. Мысалы, ұшынғанда асқазан тітіркеніп, онда жара пайда болады. Медицинада оған операция жасайды. Ал негізінде адам астан ғана емес, қатты күйінсе, ашынса, ерекше қуанса, стреске түссе, тіпті қатты жаураса да ұшынады. Оның нақты себебін анықтап болған соң соған сай ем жасаймын. Бірақ әлі де Қытайға барып, Шығыс медицинасы бойынша жаңа ем тәсілдерін үйреніп, арнайы семинарларға барып, тәжірибе алмасып тұрамын. Мұның бәрі адам өмірін, денсаулығын сақтау үшін керек ілім.

– Жаңыл апай, уақыт бөлгеніңізге рахмет, арқалағаныңыз алғыс болсын!

Сұхбаттасқан – Д. ӨМІРБЕК.

Редакциядан: Емші Жаңыл Қансейітоваға 8 701-346-86-46, 8-776-346-86-46 телефондары арқылы хабарласуға болды.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!