Ақпарат

«Қара бауыр қасқалдақтың» авторы өмірден өтті

Қаралды: 843

Жұртшылыққа патриот­тық, сыршыл әндерімен белгілі жерлесіміз, ұлтжанды абзал азамат, талантты сазгер Лесбек Аманов дүние салды. 

Әндерін бүкіл қазақ шыр­қаса да «менмін» деп кеуде кермеген қарапа­йым, кішіпейіл жан өтті өмірден.

Лесбек Амановтың жасы 62-де еді. Ол кісі Шардара өңірінде өмірге келген. Жастайынан ән-жырға құмар болып өскен. Музыкалық аспаптарды шебер меңгерген, әнді де кәсіби әншілерден кем  айт­пайтын. Бүгінде оның көптеген әндері ел ішіне таралып кеткен.

Л.Аманов әндерінің ішіндегі ең белгілісі – ақын Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні. Қазақтың өр рухын бұлқынт­қан сонау 1986-жылғы Желтоқсан көтерілісіне орай туған, Д.Қонаевтың орнынан босатылуына қарсылықты тұспалдайтын өлеңді Лесбек Аманов «Жұлдыз» журналынан оқып, оған сол күні-ақ ән шығарған екен. Ән 1987-жылғы желтоқсан айында өмірге келген. Содан кейін ол бүкіл қазақ даласына таралды, сахналарда жиі орындалып жатты. (Тіпті саяси мағынасынан бейхабар жандар оны той-жиындарда да биге арналған ойнақы әуен ретінде шырқата қойып жататыны есте). Сазгерге ел ішіне келген бір сапарында Дінмұхамед Қонаевтың өзі арнайы жолыққан, оған «Қара бауыр қасқалдақты» бірнеше мәрте орындатқызып, сүйсіне тыңдаған екен.

Сазгердің «Оралыңның барында ойна да, күл», «Біздер де ғашық болғанбыз», «Қайран уақыт», «Шаңырағыңды шайқалудан сақтап қал», «Ақторғыным» және тағы басқа көптеген әндерін қазір эстрада жұлдыздары, өнер топтары орындап жүр. Ол кісінің соңында 100-ден астам әндері халыққа мұра болып қалды. Сондай-ақ жан жары Кларамен бірге өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірген 5 ұл, 3 қызы мен олардан өрбіген ұрпақ та бүгінде арамызда жүр.

Бақұл бол, алдың жарық, иманың өзіңе жолдас болсын, ардақты азамат!

...Біз Лесбек Амановтың қайтыс болуына орай ол кісінің отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру