Ақпарат

Бүгінгінің адамы ақшадан басқаны білмей ме?

Қаралды: 867

Таяуда бір шаруалармен Ақсукент жаққа баратын болдық. Сосын жолға шығып, трасса бойында такси күтіп тұрғанбыз. Қасымызға жолай кетіп бара жатқан бір көлік келіп тоқтады, барар жерімізді айтып, соған отырып алдық.

Жолда келе жатқанда жүргізушінің жүзі маған таныс сияқты көрінді. Бірақ жас жігітті жыға танымадым. Сосын жөн сұрадым.

Сөйтсем, көлік жүргізушісі бізбен осыдан бірнеше жыл бұрын ұзақ жылдар бойы көрші отырған бір азаматтың баласы болып шықты. Әкесін мен қазір де қаладан көріп тұрамын, ұшырасқанда амандасып, қауқылдасып қаламыз.

Бұл баланың кішкентай кезі де есіме түсе кетті. Біздің балалармен қатарлас, бәрі бірге ойнайтын, өзі біздің үйге жиі келетін еді. Енді есейіп, үлкен азамат болыпты, сөздері де нық. Өзі де біздің балалардың хал-жайын сұрастырып жатыр.

Осы кезде журналист Оралхан Дәуіттің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған бір мақаласы есіме түсе кетті. Ол жолда тұрған екі таныс адамға тоқтап, көлігімен оларды барар жеріне жеткізіп салғаны, олардың жолкіре ақысы деп берген ақшаларын алмай кеткені жөнінде жазған еді. Қызығы сол, әлгі адамдар ол ақшаны бәрібір де көліктің ішінде қалдырып кетіпті. Оралхан оны машинасын жуғызбақ болғанда бір-ақ білген ғой. Яғни әлгі кісілер қанша таныс адам болғанымен өздерін қажетті жеріне жеткізіп салған көлік иесіне жол ақысын бәрібір де беріп кеткен екен. Олардікін өз басым үлкен адамгершілік деп бағалағанмын сол кезде.

Осы жай есіме түсіп, мына бала қазір берген ақшамды алмай қойса қалтасына салып жіберермін деп келе жатқанмын. Содан Ақсукентке жеткесін көліктен түсерде қалтамнан ақшаны шығарып, ұсына бергенімде әлгі бала оны лып етіп тез ала қойды. Тіпті осыны күтіп отыр­ғандай аса жылдам қимылдағаны сонша, өзім сасып қалдым. Мені жол ақысын бермей кетер деп уайымдап келе жатқан-ау деп ойладым іштей.

Қалай болғанда да бұл маған жайсыз әсер етті. Қазақтың бойындағы кеңдік, жомарттық, қонақжайлық, кішіпейілділік, үлкенді сыйлау, сыпайылық сияқты қасиеттер қалмай барады-ау деп ойладым іштей. Қазір қай жаққа қарасаң да, қайда барсаң да бірінші орында ақша тұратын болды.

Өзімді толғандырған осы мәселені жаза отырып менің жұртқа «ақша-ақша» деп жүріп бойымыздағы ата-бабадан мирас болған адамгершілік асыл қасиеттерді жоғалтып алмайықшы дегім келеді.

Ш. ОРАЛБЕКОВ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру