Ақпарат

Түлкібастықтардан түңілгіміз келмейді

Қаралды: 550

«Замананың» өткен нөмірлерінде Түлкібас ауданындағы Т.Рысқұлов ауылының тұрғыны Салтанат Ермекованың басындағы қиын ахуал жөнінде бірнеше мақала жарық көргені белгілі. 

Соңғы шыққан мақалада әзірге оған нақты ешкімнің көмектеспегені, 80 мың теңгедей қарызынан құтыла алмай, оған қоса ауырып, емделе алмай жүргені жа­йында жазғанбыз. Өз жағдайын айтып редакциямыздан жәрдем сұраған жанға көмек қолын созатын адамдар үшін оның байланыс телефонын көрсеткен едік. Осыған орай кешегі сейсенбіде бізге Түлкібас ауданынан бір азамат хабарласты.

«Газеттеріңіздің өткен нөміріндегі «Түлкібастық ба­уырлар, бармысыздар?» деген тақырыппен шыққан мақаланы оқып, намысым қозып отыр, – деді ол кісі. – Өйткені мен де осы елдің азаматымын. Мақала кейіпкерін сырттай танимын, оның қиын жағдайда екені рас. Мемлекет тарапынан оған жалға үй берілгенінен де хабардармын. Үйінде жылу, жарық жоқ болғандықтан бір таныс әйелдің үйінде тұрып жатқанын айтыпты. Енді қайтсін, сөйтіп илалай тұрады да.

Мені қынжылтып отырғаны – Салтанат Ермекова деген сол әйелге қанша шырылдаса да жұрттың жәрдем бермей отырғаны. Жергілікті басшылар бізде ондай отбасылар аз емес, қайсыбіріне жете береміз дейтін шығар. Бірақ осы да жауап па? Ел емеспіз бе, жылап жүрген адамды неге жұбата алмаймыз, оған неге қол ұшын бермейміз? Елдік намыс қайда?

Жалпы, мені қазіргі адамдардың бойынан мейірім, намыс кетіп бара жатқаны шошытады. Жетім-жесірін тентіретпеген, жерін көзінің қарашығындай қорғаған намысты ұлттың ұрпақтары емес пе едік?

Газеттеріңізде жарияланған мақала мені осындай ойларға қалдырды. Қиындық көріп, тығырықтан шығар жол таппаған адамдар редакцияларыңызға жиі барады екен, мен оны газеттеріңізден біліп отырамын. Әйтеуір шама-шарқыларыңызша көмектесуге тырысасыздар, сол үшін де сіздерге өз ризашылығымды білдірейін деп едім.

Ал енді Салтанат Ермекованың жағдайына қатысты мәселені қолға алған екенсіздер, оны аяғына дейін жеткізіңіздер. Оған қажетті жәрдемді сіздер болып, біздер болып жасауымыз керек».

...Бізге Түлкібас ауданынан хабарласқан азамат осылай деді. Ол кісі өзінің аты-жөнін жариялауымызды қаламады, кейбіреулердің тарапынан болуы мүмкін артық әңгімеге қалғым келмейді дейді.

Біз бұл азамат айтқан кейбір жайлардың анық-қанығын білмек болып С.Ермековаға бірнеше мәрте телефон шалған едік, өкінішке орай, онымен байланыса алмадық. Әлде ол төсек тартып жатып қалды ма екен? Неде болса аман болсын әйтеуір. Жағдайынан ел құлақтанып отыр ғой, оған қол ұшын беретін адамдар шығып қалар деген үміттеміз.

Айта кетейік Салтанаттың өзі біреудің үстінен арыз айтып, жамандап жүрген жоқ. Ол тек қайырымды жандардан жәрдем сұрап жүр. Ал егер ауданда ел басқарып отырған азаматтарға қиналған жанның мұң-зары еш әсер етпесе, онда амал қанша?

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру